astana-view

Нұрсұлтан Назарбаев: «Қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету керек»

2016 жылғы 18 Шілде
7384 просмотров

Мемлекет басшысының төрағалығымен Ақордада Алматыдағы оқиғаға байланысты Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті

Отырыс барысында Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.Жұмақановтың, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің басқа да мүшелерінің Алматы қаласындағы оқиғаға қатысты баяндамалары тыңдалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтты және оларға мемлекеттік органдардың барлық қажетті көмекті көрсетуін тапсырды.

«Бүгін Алматыда, өкінішке қарай, тағы да адам құрбандығына ұшыратқан террорлық акт болды. Зардап шеккендер мен қаза болғандардың жақындарына көңіл айтамын, оларға тиісті психологиялық және материалдық қолдау көрсету керек. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына қаладағы құқық тәртібін қамтамасыз ету тұрғысынан барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы азаматтарды ақпараттық кеңістіктегі ықтимал арандатушылықтарға бой алдырмауға шақырды.

«Қазір құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр, қаскүнемдердің кім және қандай мақсат көздегенін анықтауда. Жұрт көп жиналатын орындарды қорғап, жараланғандарға медициналық көмек көрсету жөнінде жедел шаралар қабылдау керек. Қылмыскерлерді анықтау үшін шұғыл түрде толық тергеу жүргізу қажет. Сондай-ақ Алматы тұрғындарына тұрақты түрде мәлімет беріп, жалпы қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету керек. Қауесет таратушылардың аяусыз түрде жолын кесіп, арандатушыларды анықтау маңызды. Алматыдағы және республикадағы барлық азаматтар тәртіпті ретке келтіру үшін ең қатаң шаралар қабылданып жатқанына сенімді болуға тиіс», – деді Қазақстан Президенті.

Отырыс қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі істер министріне оқиға орнына баруды және Алматы қаласының әкімімен бірлесіп, қаладағы жағдайды тұрақтандыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне азаматтардың барлық сауалдарына жедел жауап беріп, халыққа уақтылы және толық ақпарат беріп отыруды тапсырды.    


Еншілес ұйымдар

Серіктестер