astana-view

Болат Палымбетов: «Бизнес аяғына тік тұрып, мұң-мұқтажын ашық айта бастады»

2016 жылғы 20 Шілде
- Атырау облысы
9171 просмотров

Атыраулық кәсіпкерлер бизнес-омбудсменнен жер мәселелерін шешуге көмектесуін сұрауда

Атырау облысының кәсіпкерлері үшін көкейкесті дүние – жер мәселесі болып отыр.

Жергілікті атқарушы органның жерді пайдалану құқығын беру жүйесіндегі күңгірттік, яғни егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының бар-жоқтығы туралы ақпараттың жабық болуы, бос жер телімдері туралы мәліметтердің қолжетімсіздігі, жерді пайдалану құқығын алуға немесе ұзартуға, сондай-ақ мақсатты тағайындамасын өзгертуге берілген өтінімдердің қаралу мерзімінің ұзаққа созылуы, жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарының өрескел бұзылуы.

Аталған проблемалар бойынша атыраулық кәсіпкерлер Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі өкіл Болат Палымбетовтен көмек сұрады. Өкіл өңірге жергілікті жердегі жағдайды түсіндіру мақсатында жұмыс сапарымен келген еді.

Кәсіпкер Сапаргелді Өтепбаев үш жылдан бері өзі сатып алған жер теліміне жекеменшік балалар бақшасын салуға қол жеткізе алмай келеді.

«2007 жылы жер телімін алдым. Алайда күні бүгінге дейін рұқсатнама ала алмай келемін. Қалалық әкімдікте бұл жерде балалар алаңқайы салынатынын айтып, маған басқа жер телімін ұсынды. Мен жақын маңда тұратын 300-дей тұрғынның арасында сауалнама жүргіздім, оның 200-ден астамы балабақшаның салынуын оң көріп отыр. Бізде бірнеше жылдан бері бір балабақша жұмыс істеп келеді, яғни мен бизнестің мұндай түрімен айналыса алатынымды дәлелдедім, алайда менің бастамам аяқсыз қалуда», – деп қапаланады кәсіпкер.

Тағы бір кәсіпкер Бақыт Ысқақованың да жер қатынастары саласындағы мемлекеттік органдардың қызметіне тағар міні жетерлік. Көпжылдық өтілі бар кәсіпкер 2012 жылдан бері жер телімін беру туралы өтінішіне ешбір жауап алмаған.

«Өтініштерді қабылдау және тіркеу, орындау мерзімі бойынша ешқандай мерзімдер сақталмайды. Бұл әуре-сарсаң бірнеше жылға созылып кетті. Өткен жылдан бері жер аукцион арқылы берілетіндігін хабарлады. Аукциондардың біріне қатыстым, оны өткізудің ешбір рәсіміне көңілім толған жоқ. Комиссия толығымен мемлекеттік органдардың өкілдерінен құралған. Оларды өткізудегі ашықтыққа сендіру үшін неге құрамына Палатаның өкілдерін, кәсіпкерлердің өздерін қоспасқа», – дейді Бақыт Ысқақова.

Ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің де мәселесі осындай. Бірқатар аудандарда бас жоспарлардың, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының жоқтығы бизнеске айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бос жер телімдері туралы мәліметтер де кәсіпкерлер үшін жабық күйінде қалуда.

Бизнес-омбудсменмен өткен кездесуде атыраулық кәсіпкерлер жерден бөлек басқа да мәселелерді ортаға салды. Мәселелер негізінен салық салуға, әділет органдарымен жұмыс істегенде кездесетін кейбір заңнамалық актілерге, мемлекеттік сатып алулар мен өнімдерді өткізуге қатысты.

Мәселен, «ЖігерМұнайСервис» ЖШС бас директоры Асхат Дүйсәлиев ірі мұнай компаниясы «ТеңізШевройлды» кеңейтудің болашақ жобасы отандық кәсіпкерлер үшін мол мүмкіндіктер беретіндігін айтты. 37 миллиард теңге инвестиция құйылған жоба бүгінгі таңда жүзеге асу сатысында. Алайда мұнда мынадай мәселе туындап тұр. Шетелден келетін жабдықтар мен қосалқы бөлшектерге көп мөлшерде кедендік баждар мен ҚҚС салынып отыр. Соның нәтижесінде соңғы жергілікті өнімнің өзіндік құны бірнеше есе өсіп кетеді. Нәтижесінде тапсырыс берушіге оны отандық өндірушіден емес, бірден шетелден сатып алған жеңілірек. Сондықтан кәсіпкер аталған жобаның шеңберінде отандық өндірушілер үшін арнайы экономикалық режим құру туралы ұсыныс білдірді.

Кездесуге Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты. Ол кездесуде айтылған мәселелердің барлығы назарға алынып, облыс басшылығы бизнестің әрбір мәселесін шешуге көмек көрсетуге тырысатынына сендірді. Осындай нұсқау жақында ғана Атырау қаласының әкімі болып тағайындалған Серік Шәпкеновке де берілді.

Кездесуді қорытындылай келе, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов, Атырау облысы жұмыс сапарымен барған 14-ші өңір екенін атап өтті. Сапардың басты мақсаты – әр облыстың бизнес-қауымдастығымен жеке кездесіп, оларды толғандырып жүрген мәселелерді біліп, оларды шешуге көмектесу.

«Атырау облысының біртіндеп мұнай және газ бағытынан алыстап бара жатқандығы қуантады, өңірде экономиканың басқа салаларындағы көптеген бизнес-жобалар жүзеге асырылуда. Тағы да айта кетерлігі, бизнес аяғына тік тұрып, өз қажеттіліктері мен мәселелері, мұң-мұқтажы туралы ашық айта бастады, яғни мемлекеттің тең құқылы әріптесіне айналды. Сөзсіз, мәселелер де бар, алайда олар талқыға салынып, шешілуде. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл ретіндегі менің және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының міндеті осыған көмектесу»,– деді Болат Палымбетов.

Есептік кездесу аяқталған соң атыраулық кәсіпкерлер бизнес-омбудсменнің жеке қабылдауына кіре алды. Оған тілек білдірушілер саны көп болып, кездесулер үш сағаттай уақытқа созылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер