astana-view

Басшылар қарапайым кеңес беруші рөлінде

2016 жылғы 21 Шілде
- Алматы қаласы
8115 просмотров

Алматы Кәсіпкерлер палатасы басшылары мен бөлім жетекшілері айына бір рет Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында жеке қызмет көрсететін болады

Бүгін кеңес беруші менеджердің орнына ӨКП директорының орынбасары Қайрат Құдайберген отырды. Таңертеңнен кешке дейін, арасында түскі үзілісте ғана демалған ол 27 адамға кеңес берді.

Алпамыс Досбол – Ақпараттық технологиялар университетінің үшінші курс студенті. Оның жасы 20-да және ол интернетпен және онымен байланысты дүниелермен айналысады. Негізінен ол интернетті адамдардың пайдалануына ыңғайлы, оңтайлы, тіптен «қалтада» жүретіндей етіп жасау мақсатында жұмыс жасайды, осылайша Android және iOS базасындағы мобильді қосымшаны жасауға бет бұрған. Бұл тұста, ол қазақстандық мобильді қосымшалар нарығындағы жағдайға тоқталып, онда барлығы дерлік жобаны монетизациялауға ғана бағдарланатынын айтты. Ал Алпамыс әлеуметтік маңызды жобаларға көбірек қызығады. Қазір ол Алматыға арналған аудио-гид жасаумен айналысуда, бұл қосымша GPS-құралмен байланысады және қала тарихымен қонақтарды ғана емес, алматылықтарды да жақынырақ таныстыруға ұмтылады. «Қосымша аса күрделі болмауы тиіс, ол пайдалануға барынша жеңіл және оңай болуы керек. Бірінші кезекте, әлбетте, адамдар сапалы дизайн мен әдемі, көз тартарлық суретке қызығушылық танытады. Бұған мысал ретінде Instagram мен Snapchat-ты келтіруге болады. Мен жасап жатқан дүниемнің қыр-сырын айтуға қорықпаймын, мен әлдебіреу идеямды тартып алады деп те күтпеймін. Идея бір уақытта мың адамның басына келуі мүмкін. Бірақ солардың бірнешеуі ғана жобасын сапалы, ұтымды әрі әдемі етіп жүзеге асыра алады. Жалпы мен бұл процесті техникалық емес, шығармашылық тұрғыда қарастырамын», – дейді Алпамыс.

«Бәсекеден қорықпай, тек алға басып, жақсы дүние жасап шығару қажет»,– дейді оған Тұрғындарға қызмет көрсету орталығының брендтелген галстугын таққан Алматы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Құдайберген. Оның жұмыс күні түрлі қызықтарға толы – әр адам бір-біріне ұқсамайтын мәселелермен келеді. Жаңа ғана Қайрат жұмыс жасайтын аналардың балаларына арнап ойын алаңын ашу жөнінде бас қатырса, енді жарты сағат өткен соң, ол қолына қарындаш пен циркуль алып келген адамның құрылыс сызбаларын сызып отыр.

«Біздің КҚО-да жоғары білікті кеңес берушілер жұмыс жасайды. Олар үнемі сақадай сай әрі келіп түскен өтінімдерге талдау мен бақылауды жүзеге асырады. Біз әріптестерімізге қосылып, біздің қызмет көрсету орталықтарымызға келген клиенттерге жеке кеңес беруді ұдайы жүргізіп отырмақпыз. Әлбетте, бұны бізге келетін бизнес мәселелерінің мәнін барынша айқын әрі ішкі жағынан түсіну үшін қолға алып отырмыз. Біз үшін бизнестің дамуы мен өсуіне оңтайлы жағдай жасау маңызды. Барлық қызметкерлердің ұжымдық рухын нығайту да маңызды деп айтуға болады және мен біздің кеңес берулер келушілердің пайдасына жарайтын болады деп сенемін. Негізінен, адамдар заңдық және бухгалтерлік мәселелер бойынша келген, маркетинге қатысты кеңестер де көптеп берілді, кейбірінің бизнес-жоспарын жетілдіру қажет болды. Бұл күн мен үшін өте жақсы өтті», – деді Қайрат Құдайберген.

Алпамысқа кеңес беру аяқталды. Жас жігіт кеңес беруші Қайрат Құдайбергенге алғыс айтып, қол алысып, қызметке төлем жасау үшін кассаны іздей бастады. Бір уақытта ол қуана: «Сіздер барлық кәсіпкерлерге тегін қызмет көрсетесіздер ме? Рас па? Мәссаған, қандай жақсы! Мен оны білмеппін! Мен тіпті ақы төлеуге дайын едім. Қанша? Білмеймін, енді, 5 мың, бәлкім 10 мың! Сіздерге көп рахмет! Мәссаған, тегін дейді. Мен достарыма айтамын!», – деді.  Жігіттің бұл ықыласы жетекші үйлестіруші Валерий Мишановты таң қалдырған жоқ. Оның айтуынша, барлығы көрсетілген қызметтерге көңілдері толып, кеңестер ақысыз берілгенін естігенде таң қалысып жатады. «Біз өте белсенді жұмыс жасаймыз. Адамдар Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарына түрлі көңіл-күймен келіп, қайтарда барлығы дерлік жақсы көңіл-күймен кетеді. Біз бұл үшін қуанамыз. Көмектесу, кеңес беру, кәдеге жарау көңілімізді қуантады. Біз көрсететін қызметтер жеке нарықта  көбінде 50-70 мың теңге тұрады. Мәселен, бизнес-жоспар жасау орташа есеппен 100 мың теңге тұрады. Ал біз бәрін тегін әрі сапалы түрде жасаймыз. Біздің есік барлық бастаушы және әрекеттегі кәсіпкерлер үшін ашық».

Қызығушылық танытқандар үшін Алматыдағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының мекен-жайларын еске салмақпыз: Гоголь көшесі, 111 (Желтоқсан және Наурызбай көшелері аралығында) және Достық даңғылы, 160 (Жолдасбеков көшесінің қиылысы).

«Бір терезе» қағидасы бойынша көрсетілетін консалтингтік қызметтердің толық тізімі төмендегідей:

1.     Бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу, сонымен бірге статистикалық есептілікті жүргізу;
2.     Кедендік процедуралар бойынша қызметтер;
3.     Менеджмент жүйелерін енгізу бойынша барлық процесстерге кеңес беру және толық қолдау көрсету;
4.     Заңдық қызметтер көрсету;
5.     Маркетинг мәселелері бойынша қызметтер;
6.     Ақпараттық технологияларға қызмет көрсету саласындағы кеңес берулер;
7.     Мемлекеттік сатып алуларға байланысты қызметтер;
8.     Менеджмент мәселелері жөніндегі қызметтер;
9.     КҚКО көрсететін қызметтері туралы өзге ақпаратты мына жерден алуға болады.

Еншілес ұйымдар

Серіктестер