astana-view

Шаруалар несиелерін кешіктірмей өтеуде

2016 жылғы 22 Шілде
7339 просмотров

«ҚазАгро» ұлттық холдингінде агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарының несиелік тәртібі жоғары екені айтылды

«ҚазАгро» холдингінде 2016 жылғы егістік жұмыстарының қорытындысы мен астық жинау науқанын қаржыландыру қарқынын оң бағалап отыр. «Ауыл шаруашылығындағы басты агрошаралар – егу мен жинау жұмыстарын қаржыландыру үшін «ҚазАгро» холдингі 60 млрд теңге сомасында бюджеттік несие ұсынды», – деп хабарлады «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлелов бүгін ОКҚ-да өткен брифингте.

Н.Мәлелов келтірген мәліметтерге сәйкес, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді тікелей несиелендіру мен шағын несиелендіру ұйымдары арқылы қаржыландыруға 36 млрд теңге,  ӘКК-нің кепілдігі арқылы астықты мерзімдік сатып алуға 15,4 млрд теңге жұмсалған. Өңірлік астық кооперативтерін екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыруға 8,6 млрд теңге шығындалған. Сонымен қатар, «ҚазАгрода» несиелендіру бюджеттен тыс қаражат есебінен жүргізіліпті. «Осылайша, бюджеттік несие қаражаты мен бюджеттен тыс қаржы көздері есебінен егу аумағы 6,5 млн га болатын 3363 өтінім қаржыландырылды, жалпы сомасы 85,3 млрд теңгеге мыңға жуық ауылшаруашылық техникасы сатып алынды. Салыстыру үшін: өткен жылы осы мерзімде 3220 АӨК субъектісі қаржыландырылып, 76,5 млрд теңгеге 1278 техника сатып алынған», – деп атап өтті Н.Мәлелов.

Бұдан бөлек, «ҚазАгрода» астық кооперативтеріне де несиелендіру арқылы қолдау көрсетілген. Серпінді салыстыра келе, Нұрлыбек Мәлелов келтіргендей, өткен жылғы екі пилоттық жобаға қарағанда, 2016 жылдың басынан бері Ақмола, Солтүсік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында 10 бірлестікке осындай қолдау көрсетілген. Ағымдағы қаржыландыру сомасы 8,3 млрд теңгеге тең болды.

Palata.kz тілшісінің өтініші бойынша «ҚазАгро» басшысы ең тәуекелі жоғары бизнеспен айналысуға ғана емес, Қазақстанның валюталық нарығындағы құбылмалы жағдайда есеп айырысуға мәжбүр болып отырған холдингтен қарыз алушылардың несиелік тәртібіне баға берді.

«Төлем тәртібі мен біз несиелендіріп отырған жобалардың сапасына келер болсақ, мерзімін өткізіп алу көлемі мен онда құрылған провизиялар қолайлы аймақта. Мұнда ондай ештеңе жоқ», – деп атап өтті Н.Мәлелов.

Қарыз алушылардың теңге мен шетелдік валюта арасындағы бағамдық айырмашылыққа тәуелділігіне түсінік бере келе, Нұрлыбек Мәлелов оны мейлінше аз деп бағалады. «Холдинг негізгі қарызды теңгемен береді, өйткені холдинг клиенттерінің басым бөлігі шағын және орта бизнес өкілдері, және олар экономикадағы мұндай жайттарға аз ұшырайды», – деді ол.

Жалпы несиелік жағдайды түйіндей келе, Н.Мәлелов «мерзімі өтіп кеткен қарыздардың бар» екенін айтып өтті.

«Алайда, біз олармен жұмыс істеудеміз, кейбірін қайта құрылымдаймыз, кейбірін ұзартамыз, одан басқа да әдістер, тәсілдер мен шешімдер бар. Провизия көлемі бізде 10-12%-дай, мұны біз айтарлықтай қолайлы аймақта деп есептейміз», – деді «ҚазАгро» Басқарма төрағасы.

Жанар Сердалина 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер