astana-view

Отандық автоиндустрия дағдарыстан шығуға талпынуда

2016 жылғы 28 Шілде
9835 просмотров

Валюта нарығындағы тұрақсыздық автоөнеркәсіптің дамуын тежеп отыр

Қазақстандық автоиндустрия өкілдері 2016 жылдың алғашқы жартысы қорытындысы бойынша оның қалпына келе бастағаны туралы мәлімдеді. «Отандық автоөнеркәсіп қызметінің екінші маусымының қорытындысы бойынша, ҚР кәсіпорындарының жұмысында қайта қалпына келу белгілері анық байқалатып отыр», – деді «Казавтопром» ҚАСКО» ЗТБ басқарма төрағасы Олег Алферов ОКҚ брифингінде. Ол келтірген деректер бойынша, биылғы жылдың алты айында ҚР аумағында жалпы құны 36,6 млрд теңгені құрайтын 3 772 автокөлік құралы, оның ішінде жүк көлігі, жеңіл техника мен автобус жасап шығарылған.

«Егер 2016 жылғы қаңтар айында отандық автокәсіпорындардың шығарылған көлемі 404 автокөліктен аспаса, маусым айының қорытындысы бойынша 1136 автокөлік шықты. Жеңіл автокөліктерге келер болсақ, 2015 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 2016 жылдың маусым айында бұл салада 37%-дық өсім байқалып, көрсеткіш 933 бірлікке тең болды», – деді О.Алферов.

Бірінші жартыжылдықтағы жүк техникасын шығару  саласында да «өсім байқалады және ол 718 бірлікке тең болған».

Сонымен бірге, Олег Алферов: «Отандық автоиндустрияның дамуы валюталық нарық тұрақсыздығы мен макроэкономиканың құлдырауынан анағұрлым көбірек зардап шеккен салалар қатарында тұрғанын», атап айтты. Алайда сарапшының пікірінше, «мұндай факторлардың болғанына қарамастан, бүгін біз оның жеткілікті түрде қалпына келе бастағанын байқап отырмыз».

«Жартыжылдық ішінде ресми дилерлер 20,8 мың жеңіл автокөлік сатты, ал 2015 жылғы жартыжылдықта бұл көрсеткіш 52 мың бірлікке тең болды. Біз қатардағы тұтынушылар арасында сұраныс көлемінің кемігенін көріп отырмыз және ең алдымен, жеңіл автокөлік сатып алушылары арасында сұраныс 60%-ға дейін төмендеді. Міне, авто өнеркәсібіндегі салалық көрсеткіштердің азаюының басты себебі де осы болды», – деп түсіндірді Олег Алферов.

Сонымен бірге, оның айтуынша, «мамыр мен маусым айларының қорытындыларына қарап, салалық көрсеткіштер өседі деген үміт бар».

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер