astana-view

Дана Жүнісова: «Біз Үкіметтен таңбалау жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыру мерзімін қайта қарауды сұраймыз»

2016 жылғы 11 Тамыз
11083 просмотров

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Дана Жүнісова аң терісінен жасалған бұйымдарды таңбалаудың мәні мен пилоттық жобаны жүзеге асыру мерзімдерін неліктен ұзарту қажеттігі турасында айтып берді.

– Дана Бейсенқызы, Таңбалау жөніндегі келісім биылғы жылдың 12 тамызында өз күшіне енеді. Аталған мәселе қайдан бастау алды, осы жөнінде айтып бересіз бе?

– Одақта таңбалау жүйесін жасау туралы шешімді ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары 2014 жылдың қазанында қабылдаған болатын. Осы шешімге келмес бұрын, тауарларды бірыңғай таңбалау жүйесін қалай енгізу керек және тауарлардың қандай түрлеріне жаңа талаптар қойылады деген сауал төңірегінде көптеген пікірталастар туғаны рас. Бастапқыда жеңіл өнеркәсіптің барлық тауарларын таңбалау туралы ұсыныс қаралды. Естеріңізде болса, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өнімдердің жаппай таңбалануына әу бастан-ақ қарсы болды. ҚР Үкіметінің қолдауымен Ұлттық палата пилоттық жобаның жүзеге асырылуы барысында тек аң терісі бұйымдарына таңбалауды енгізу туралы ұстанымын сақтай алды. Бұл турасында барлық пікірталас алаңдарында таңбалаудың негізгі мақсаты - ЕАЭО аумағындағы контрабандалық тауарлармен күрес деген мәлімдеме жасалды. Еуразиялық экономикалық комиссияның пікірінше, таңбалау жүйесі қазыналық мәселелерді шешуге, өнеркәсіпті қолдау және заңды сауда мен контрафактімен күресуге септігін тигізбек. Алайда, бұл айтылғандардың барлығының екі ұшы бар. Біз пилоттық жобаны іске асыру нәтижелері белгілі болғаннан кейін ғана қандай да бір қорытынды жасай аламыз. Одақ мемлекеттері басшыларының шешімімен жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау жүйесін құру және оны енгізу мәселесін одан ары талқылау пилоттық жобаны бастағаннан кейін іске асуы тиіс.

– Неліктен пилоттық жоба ретінде тек аң терісінен жасалған бұйымдар таңдалды?

 – Талқылаудың алғашқы күндерінен бастап-ақ тек жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау мәселесі көтерілгенін ескере келе, бизнес-қауымдастық тауарлар бағасының қымбаттауына жол бермес үшін пилоттық жобаны бағасы қымбат тауарларда іске асыруды көздеді. Бұл саладағы ең оңтайлы топ аң терісінен жасалған бұйымдар болып табылады.  Келісім  СЭҚ ТН 7 кодына қатысты болмақ. Олар қаракүзен, сазқұндыз, ақтүлкі мен түлкі, қоян, жанат және қой терілерінен жасалған киім-кешектер. Тауарлардың аталмыш Тізіміне қолғаптар, биялайлар және бас киімдер мен олардың бөліктері кірмейді.

– Таңбалау жүйесінің мәні неде?

– Соңғы күндері БАҚ мен әлеуметтік желілерде таңбалауға қатысты түрлі жалған ақпараттар көптеп кездесуде. Олардың барлығы кәсіпкерлердің жаңылысуына себеп болуда. Дәл осы себепті, тондарды таңбалауға қатысты талаптар тек аң терісі бұйымдарын өндіру, өңдеумен айналысатын кәсіпкерлік қызметке ғана қатысты екенін басып айтқым келеді. Жеке тұлғаларға тондарды сатып алуға қатысты жаңа талаптар енгізілмейді. Ал, аң терісі бұйымдарын өндіру, тасымалдау және сату/қайта сатумен айналысатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге таңбалау жүйесі міндетті түрде енгізіледі. Таңбалау дегеніміз, басқаша сөзбен айқанда, тауарды  сәйкестендіру, яғни, оның шығуы мен негізгі сипаттамаларын көрсету болып саналады.  Пилоттық жоба таңбалаудың ақпараттық жүйесін жасауды мақсат етіп отыр. Жүйе бойынша, Қазақстан Республикасының аумағында тауар айналымында жүрген, барлық аң терісі бұйымдары жайлы ақпарат болады. Бұл жүйе өз күшіне енбестен бұрын, біздің кәсіпкерлер тіркеліп, қорытынды белгілерді алу және таңбалау жүйесіндегі аң терісі бұйымдарының есебін жүргізу үшін өтініштерді рәсімдеулері тиіс. Есеп жүргізудің мәні, тауарды сату/қайта сатуда, сондай-ақ, өзге елдерден немесе Одақ елдерінен тондарды алып келген немесе бұйымдарды тігу уақытында, жүйеге осы жайлы тиісті мәліметтерді енгізу болып саналады. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер трансшекаралық, комиссиялық саудада, тауар қалдықтарын таңбалауда, бөлшек саудада бекітілген мәліметтер тізімін жүйеге енгізулері тиіс. Сонымен қатар, біз кәсіпкерлер назарын таңбалау Келісімінде бекітілген талаптардың орындалмауы немесе қажетті деңгейде орындалмауы Келісім ережелері бойынша Одақ елдері заңдарымен жауапқа тартылатындығына аударғымыз келеді. Осылайша, таңбаланбаған аң терісі бұйымдарын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге тасымалдаған жағдайда таңбаланбаған жағдайда олар сол елдердің заңдары бойынша жауапкершілікке тартылатын болады. Осы жайттарды және Одақ елдерінде таңбалауды енгізуге қажет инфрақұрылымдардың әртүрлі дайындық деңгейін ескере келе, Ұлттық палата Еуразиялық экономикалық комиссияға, әр мемлекеттегі ақпараттық жүйенің толығымен дайын болуына дейін, трансшекаралық сауданы жүзеге асыру ретін түсіндіру бойынша сауал жолдады.

– Келісім өз күшіне енгеннен кейін, аң терісі бұйымдары саудасында қандай өзгерістер болады?

–  Ұлттық палата, бұған дейін де,  жобаның ең күрделі тұсы RFID - Radio Frequency Identification (радиожиілікті сәйкестендіру) технологиясын қолдану жұмысы екенін айтқан болатын. Әр тонға бекітілетін қорытынды белгілер, міндетті түрде электронды таңба, басқаша айтсақ, чиптелген болуы тиіс. RFID-таңба – бұл заманауи ақпараттық технология. Алайда, Қазақстанда мұндай таңбалар жоқтың қасы және  RFID ақпараттық жүйесін кең көлемде қолдануға тосқауыл болатын тағы бір фактор, ол – таңба бағасы  және таңбаларды есептейтін арнайы қондырғыны сатып алу қажеттілігі болып отыр. Пилоттық жобаға келер болсақ, тондарға қорытынды таңба салу таңбалаудың ақпараттық жүйесіне тауар жайлы тиісті мәліметтерді енгізбейінше мүмкін болмайды.

Қазіргі таңда бизнес дайын болғанымен, Қазақстанда таңбалауды толығымен енгізуге таңбалаудың ақпараттық жүйесі мен жобаны жүзеге асыруға қажетті нормативтік-құқықтық актілердің жоқ болуы кедергі болып отыр. Осылайша. биылғы жылдың 12 тамызынан бастап және ақпараттық жүйе өз қызметін бастағанға дейін, сонымен бірге пилоттық жобаға қатысушылардың заңды құқықтары анықталмайынша, отандық кәсіпкерлер құқықтық вакуумде болмақ. Бір жағынан, бақылаушы органдар бекітілген Келісім негізінде тондардағы қорытынды таңбаны талап етеді, енді бір жағынан, жобаның іске асуына қажет инфрақұрылымдар әлі күнге дейін құрылмағанының куәсі болып отырмыз.

Десек те ақпараттық жүйені құру және қажетті актілерді қабылдау жұмысы басталып та кетті және аз уақыт аралығында аяқталуы тиіс. Алайда, жағдайға анық түрде көз жеткізу мақсатында, Ұлттық палата қажетті ұлттық актілерді бекітіп, ақпараттық жүйе іске қосылмайынша Келісім ережелері еліміздегі аң терісі бұйымдарына әсер етпейтіні туралы ресми түрде түсініктеме алу үшін Мемлекеттік кірістер комитетіне сұрау салды. Таңбалаудың ақпараттық жүйесі Қазақстанда іске қосылысымен-ақ, кәсіпкерлерге тіркеліп, жүйеде өз жұмыстарын бастауы қажет.

– Пилоттық жобаны іске асыруда Ұлттық палатаның рөлі қандай?

– «Атамекен» ҚР ҰКП отандық кәсіпкерлердің мүддесін қорғау мақсатында пилоттық жобаны іске асыру барысына белсенді түрде қатысып келеді. Біз осы күнге дейін техникалық іске асыру тұрғысынан таңбалауды енгізу жүйесі кәсіпкерлерге оңай тимейтіні қанша мәрте айтып келеміз. Осы орайда, Палата өз тарапынан, аң терісі бұйымдарын таңбалауға қатысы бар, мемлекеттік органдар мен мекемелердің бизнес-процесін жасап, оның қолдау табуын қамтамасыз етті. Таңбалау жүйесі Бүкіләлемдік GS1 қауымдастығы  стандарттарына негізделіп құрылатыны баршаға аян. Қазақстанда GS1 Kazakhstan қауымдастығы 19 жыл бойы қызмет етіп келеді.   Монополиялық  саналатын Қауымдастық стандарттарын қолдану үшін  оның құрамына міндетті түрде еніп, мүшелікке кіру жарнасын төлеу қажет. Осы бағыт бойынша, Палата және Қауымдастық басшылығының келіссөздері нәтижесінде GS1 Kazakhstan Қауымдастығы мүшелігіне кіру жарнасының құны азайды. Мұны Ұлттық палатаның бірден бір жетістігі деп атай аламыз. Қазіргі таңда, пилоттық жобаға қатысушы кәсіпкерлерге Қауымдастық мүшелігіне ену жарнасы жойылып, жыл сайын төленетін мүшелік жарна екі есеге азайған.

Біз жобаға коммерциялық құрылымдарды тарту қажеттілігі ұстанымын алға тарттық. Олар өз кезегінде, қорытынды белгілерді дербестеу қызметін атқарады, бұл дегеніміз - RFID-таңбасы жадына  GTIN арнайы кодын жазу деген сөз.

Кіріктірілген RFID-таңбасы бар бақылау белгілерін алуға байланысты күрделі әрі көп деңгейлі процедуралар кәсіпкер үшін осы тәсілдер арқылы жеңілдеді. Енді кәсіпкер ақпараттық жүйе кабинетін бар-жоғы бірнеше рет шертсе болғаны. Палата, сондай-ақ, тауарларды кедендік тазартудан өткізу кезінде кететін қосымша шығындар мен мерзімді қысқарту бойынша оң нәтижелерге қол жеткізуге атсалысты. ҚР ҰКП ұсынысымен аң терісі бұйымдарын ел аумағына әкелген уақытта тауарлар шартты шығарылым бойынша орналастырылып, күнтізбенің 30 күні ішінде, кәсіпкерлер таңбалауда алынған, қорытынды таңбалар бланкі нөмірі көрсетілген кедендік декларацияға түзетулерді енгізуі тиіс.

Бұл біздің кәсіпкерлерге не береді? Аталған тетіктің арқасында үшінші бір мемлекеттен әкелінген былғары бұйымдар кедендік тазартудан өтіп, 30 күнтізбелік күн ішінде қорытынды таңбаны алып, таңбалануы керек. Нәтижесінде, кәсіпкер уақытын ғана емес, кедендік қоймаға кететін шығынды да үнемдейді. Сондай-ақ, қажетті әкімшілік процедуралардан босайды. Тағы бір айта кетер жайт, кәсіпкерлерді кең көлемде ақпараттандыру ісі қолға алынуда. Бұл тұрғыда өңірлік палаталардың маңызды рөл атқаратынын айта кеткен жөн. Олар ҰКП орталық аппараты ұсынған мәліметтер негізінде, кәсіпкерлерді жобаның іске асу барысынан хабардар етеді.

– Жағдай одан әрі қалай жалғасуы мүмкін?

– Әрине, Одақ елдерінің жобаны жүзеге асыру дайындықтарының түрлі деңгейде болуы таңбалауды жүзеге асыру процесін тежеуі мүмкін. Ал, жалпы айтатын болсақ, бүгінгі таңда, ұлттық заң жобасы шеңберінде және таңбалауға байланысты ЕАЭО ведомствоаралық мүдделі органдары аясында да шешілмеген түйткілді мәселелер әлі де жетіп артылады.  Ұлттық палата, бизнестің өкілі ретінде, мемлекеттік органдармен пікірлесе отырып, жағдайлардың осылайша өрбуі, таңбалауды енгізу нәтижелерін бұрмалауы мүмкін екеніне күмән келтірмейді. Біздің ойымызша, осы сынды маңызды мәселе әлі де егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді және Одақ елдерінің бизнесті жүргізу шарттарына жаңа талаптарды енгізу қаншалықты деңгейде әсер ететіне баға берілу қажет. Ал, ең бастысы, пилоттық жобаны – кәсіпкерлердің өздері бағалауы тиіс. Дәл осы себепті, біз пилоттық жобаны жүзеге асыру мерзімін  2017 жылдың соңына дейін созу керек деп ойлаймыз. Бұл өз кезегінде, жобаны іске асыру барысын сараптап, баға беруге жол ашады. Сондықтан, біз ҚР Үкіметіне, жобаны жүзеге асыру мерзімін қайта қарау жөнінде хат жолдадық және мәселе оң шешім табады деген пікірдеміз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер