astana-view

Француздар мал бағуға көмектеседі

2016 жылғы 23 Тамыз
7923 просмотров

Әлемдегі ең романтикалық елдің ветеринары Қазақстанның шалғай өңірлеріндегі шаруаларға кеңес береді

«Атамекен» ҰКП Агробіліктілік орталығы отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арналған семинарлар өткізуді жалғастыруда.

Қазақстанға агроөнеркәсіптік кешен саласындағы шетелдік сарапшылар кестеге сай ат шалдыруда. Олар бүкіл ел аумағындағы фермерлерге арналған семинарларды табысты өткізуге күш салуда. Мәселен, мал шаруашылығы бағытының сарапшысы Қанат Жанғозин Франциядан көп жылдық тәжірибесі бар ветеринарлық дәрігер, Тулуз университетінің профессоры Мюрьель Вабрені шақырды. Вабре ханым көп жылдан бері, арадаға шартқа сәйкес, Қазақстан Еуропадан сатып алған малды бағуға жәрдемдесіп келеді.

Қазір оның семинарлары Ақмола облысында өтуде, одан кейін профессор Семей қаласына жол тартады.

«Қазақстанның орталық бөлігіндегі, Астана, Алматы қалаларындағы фермерлер еркелеп кеткен. Яғни олар үшін шетелдік сарапшы келді ме, бәрібір. Ал өңірлерде ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер мұны асыға күтеді. Сондықтан да біз семинарларды ең шалғай жатқан өңірлерде өткіземіз. Бір семинар тіпті Зайсанда өтеді, ол жаққа бірде-бір сарапшы барған емес», – дейді Агробіліктілік орталығының басқарушы директоры Болат Сейсенов.

Вабренің айтуынша, жақында Ақмола облысында өткен семинарда ірі қара малдың репродукциясы мәселесі сөз болыпты. «Негізінен сұрақтарды жағдайды жақсы білетін, осы мәселемен бетпе-бет келген адамдар қойды. Салыстыру үшін Франциядағы мал шаруашылығы туралы сұрады. Мені жергілікті малшылардың шетелдік тұқымдардан бөлек, жергілікті тұқымдарды дамытуға қызығушылық танытып отырғаны қызықтырды», – дейді ол.

Оның пікірінше, шетелдік тұқымдар мен жергілікті тұқымдарды қатар дамыту қажет.

Вабре, сондай-ақ, мал шаруашылығы бойынша Қазақстанда да, Францияда да жалпы мәселелердің, тұқымдардың да, аурулардың да бірдей екенін атап өтті. Тек еларалық ерекшеліктер мен заңнамалық айырмашылықтар бар. Жануарлардың жергілікті жағдайға бейімделу мәселесі де жоқ емес.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер