astana-view

Кейбір мемлекеттік қызмет түрлері бәсекелес ортаға беріледі

2016 жылғы 07 Қыркүйек
7818 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға  және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру мәселесі талқыланды

Кеңеске қазақстандық бизнес-қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Негізінен, ҚР Инвестиция және даму министрлігі орындаған мемлекеттік функцияларды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына беру бойынша жүргізілетін жұмыстарға қатысты мәселелер талқылаға салынды. Бұл жерде әңгіме ҰКП жүргізуіне келесі функцияларды беру туралы болып отыр: жергілікті қамтуды дамыту; отандық тауар өнімдерін, ішкі нарықтағы қызметтер мен жұмыстарды жүргізу  бойынша индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне қолдау білдіру; отандық өндірушілердің шығындарының бір бөлігін өтеу.

2016 жылдың 19 шілдесінде Инвестиция және даму министрлігінің бұйрығымен құрылған салалық шағын топтар, мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға  беру кезіндегі нарықтың дайындығына талдау жүргізіп жатыр. Жүргізілген талдау нәтижелері кейін сарапшы топтың қарауына жіберіледі.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов, қоғамдық тыңдауды аша отырып, ортақ жұмысқа бизнес-қауымдастықтың кеңінен тартылуы қажеттілігін атап өтті.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізгі идеясы мемлекеттік сатып алу, квазимемлекеттік сектордағы сатып алу және жер қойнауын пайдаланушылар үшін бірыңғай алаң құру болып табылады.   Ол «Бизнес-реестрде» тіркелген әлеуетті өнім жеткізушілер үшін  жоспарланған және өткізілген сатып алуларды бақылауға, сатып алудағы жергілікті қамтуды ұлғайту бойынша әр өңірден құрылған комиссияның жұмысына қатысуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Елдос Рамазанов.

Талқылау барысында бизнес-қауымдастық өкілдерінің көпшілігі мемлекеттік функцияларды Ұлттық кәсіпкерлер палатасына беру шешімін қолдады.

«Қазір, шыныменде, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлық  қыр-сырын ескеру маңызды. Өйткені бұған дейін де кейбір кемшіліктері анықталған болатын. Одақ ретінде, біз отандық өндірушілердің мүдделерін қорғауға көмектесуге  дайынбыз. Біз Ұлттық кәсіпкерлер палатасында  «Бизнес-реестр» базасын әзірлеудің басы-қасында жүріп, басқарудың барлық функциясын өз қолына ала алатын адамдардың бар екенін білеміз. Бұл олардың қолынан келу керек деп ойлаймын», – деді Мұнай-сервистік компаниялар одағының өкілі Нияз Жұмат.

«Атамекен» ҰКП жасап шығарған «Бизнес-реестрде» 1000-нан астам белсенді пайдаланушылар мен 500 мыңға жуық тіркелмеген қолданушылар бар. Жүйе кәсіпкерлерге өз тауарлары, қызметтері мен жұмыстары туралы ақпарат орналастыруға, тауарларын шетел нарығына шығаруға мүмкіндік береді.

Тіркелген барлық сатып алулар туралы ақпарат орналасқан бизнес-реестр базасында, ҰКП мамандары жоспарланған және жүргізілген сатып алуларға бақылау жүргізетін болады. Соның нәтижесінде сатып алу саласында объективті талдауларды қамтамасыз етуге жол ашылмақ.

Естеріңізге сала кетсек, кейбір мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға беру шешімі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында қарастырылған болатын. Оны жүзеге асыру мақсатында биылғы жылдың қаңтарында арнайы комиссия құрылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер