astana-view

Жүк құжаты қажет емес

2016 жылғы 09 Қыркүйек
- Ақмола облысы
11680 просмотров

Ұлттық палата еліміздегі тауық жұмыртқасын шығаратын ірі өндірушілердің бірінің даулы мәселесін реттеп берді

«ҚазГерҚұс» ЖШС Өңірлік палатаға Үкіметтің «Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидасын бекіту туралы» қаулысына тауарлы-көліктік жүк құжатын беруге қатысты өзгерістер енгізуге бастама көтеру туралы өтініш білдіре келіпті.

Кәсіпорын өзінің «КамАз» жүк көлігімен Степняк қаласындағы құс зауытынан Астанадағы қоймасына жұмыртқа тасумен айналысып келген. Алайда тексеру үшін жолда көлік инспекциясы тоқтатып, компания өкілдерін айыптаған. Онысын олар тиісті ереженің 12-18 тармақшаларымен түсіндірген, яғни жүк тасығанда тауарлық-көліктік жүк құжаты болуы тиіс екен.

Алайда компания өкілдері бұл әрекеттерді заңсыз деп санайды, бұл жағдайда тауарлық-көліктік жүк құжатының қажеті шамалы. Құжат жүкті жіберуші, жүкті қабылдаушы және тасымалдаушы әртүрлі заңды тұлғалар болған жағдайда ғана жасалуы керек.

Мәселені зерттеген Өңірлік палатаның сарапшылары өз ұсыныстарын Ұлттық палатаға жіберді. Ол жақтан Инвестиция және даму министрлігіне сауалнама жолданды. Ведомстводан көп ұзамай келген жауап бизнесменнің күдігін сейілтті.

«Автомобиль көлігі туралы» заңға сәйкес, автомобильмен тасымалдаушы –меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiзде автокөлік құралдарына иелiк ететін, жолаушыларды, багажды, жүктердi және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау бойынша ақылы немесе жалдамалы қызметтер көрсететiн жеке немесе заңды тұлға. «Кәсіпорын жүктерді өзінің жеке автокөлік құралымен жеке қажеттілігі үшін тасымалдаған жағдайда (мәселен, жүктерді сатушыдан өзінің қоймасына дейін тасу, өзінің қоймаларының арасында тасу), кәсіпорын тасымалдаушы болып саналмайды. Осыған  байланысты, тасымалдаудың жоғарыда көрсетілген түрлеріне тауарлық-көліктік жүк құжаты рәсімделмейді», - делінген вице-министр Берік Камалиевтің ресми жауабында.

Министрлік осыған ұқсас жағдайларда көліктік-тауарлық жүк құжаттарын талап етуге жол берілмейтіндігі туралы тиісті түсіндірмені барлық аймақтық бөлімшелерге жіберді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер