astana-view

Д.Жүнісова: Ресей тауар тасымалын ескі әдіспен бақылап отыр

2016 жылғы 15 Қыркүйек
8823 просмотров

ҰКП басқарма төрағасы орынбасары Қазақстан мен Ресейдің шекарасындағы Қосымша ескерту бекеттерін қысқарту қажет деп санайды

Дана Бейсенқызы, ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауға жататын өнімдерге қатысты шектеулер енгізілгеннен кейін, Қазақстан-Ресей шекарасындағы жағдай қандай, сол туралы айтып беріңізші?

Қазақстан тарихи тұрғыдан аграрлы ел болып саналады, отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өткізу нарығы, мемлекетте бұрыннан бар мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мүмкіндіктері кеңейгендіктен, сондай-ақ ЕАЭО бойынша іскер әріптестермен экономикалық қарым-қатынас пен тауар айналымын өсіргендіктен, Одаққа жүрексінбей кірдік.

Ауыл шауашылығының отандық бизнес пен мемлекет үшін маңызын статистика көрсетуде. Мәселен, өткен 2015 жылы Қазақстан Республикасы 2,1 млрд АҚШ долларына тең мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімдерін экспорттады, соның ішінде ЕАЭО-ға мүше елдерге 0,3 млрд АҚШ доллардың өнімі және үшінші әлем елдері нарығына 1,8 млрд АҚШ доллардың өнімі шығарылды.

Қазіргі таңда ветеринария саласындағы талаптарды үйлестіріп үлгердік. Олар: жүкті әкелу мен орнын ауыстыру кезіндегі бірыңғай талаптар, кедендік аумақтағы және Одақтың кедендік шекарасында ветеринарлық бақылауға жататын өнімдерді бақылауды (қадағалауды) жүзеге асырудың бірыңғай ережелері, ветеринарлық сертификаттардың бірыңғай түрі. Осыған қоса, карантиндік нысандардың бірыңғай тізімін, бірыңғай карантиндік фитосанитарлық талаптарды, Одақ аумағындағы өсімдіктердің карантинін қамтамасыз ететін бірыңғай ережелер мен нормаларды қабылдау бойынша жұмыстар жүргізіліп, аяқталуға жақындап қалды.

Құжаттамалық бірыңғай негіз жасау бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Соның нәтижесінде тауарлар кедергісіз тасымалданады, Одақтың өзара тауар айналымы тұрақты түрде артады.

Алайда, бүгінгі таңда мынандай жағдай орын алуда: аталған құқықтық негіз жұмыс істемей тұр, ал тараптардың көптеген жеке бастамалары мемлекеттің ішкі мүдделерін сақтауға бағытталған және ол отандық кәсіпкерлердің жұмысына кері әсерін тигізіп, қосымша қаржылық, уақыт және құжаттамалық шығындарға ұшыратып отыр, бұл бизнес үшін кезекті кедергіден басқа түк те емес.

Мәселен, фитосанитарлық бақылауға жататын ауыл шаруашылығы саласын алатын болсақ, Ресей ауыл шаруашылығын қадағалау қызметі таратқан соңғы мәліметтер бойынша, Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының шекаралық сызығында карантинге жатқызылатын тауарларды тасымалдау үшін 15 қосымша ескерту бекеті (бұдан ары қарай – ҚЕБ) орнатылған. Қазақстандық өнім тиелген көліктер шекарадан өткен соң Қосымша ескерту бекетіне келгендері туралы ескертулері қажет, сондай-ақ тексеруден өту үшін жүк пен ілеспе құжаттаманы ұсынулары қажет.

Егер Қазақстан мен Ресейдің шекаралық сызығының ұзындығы 7500 шақырым екенін назарға алар болсақ, онда әр ҚЕБ орналасу жиілігі 500 шақырым. ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 9 шілдедегі «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткiзу пункттерінің және Қазақстан Республикасының аумағындағы стационарлық көлiктiк бақылау бекеттерінің тiзбесiн бекiту туралы» №697 қаулысына сәйкес, Қазақстан мен Ресейдің шекаралық аумағында 51 өткізу бекеті орналасқан, алайда Ресей ауыл шаруашылық қызметі орнатқан ҚЕБ қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар үшін олардың санын қысқартып отыр.

Сонымен қатар, Ресей ауыл шаруашылығы қызметінің ауызша хабарлауы бойынша, қазіргі таңда ҚЕБ өкілеттілігінің шегі нақтыланбаған және ресми құқықтық құжаттармен реттелмейді. Яғни, отандық өндірушілер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдаушыларда бақылауға жатқызылатын жүктерді ҚЕБ тексеруінен өткізуге қатысты талап етілетін ілеспе құжаттардың тізімі туралы, мүмкін болатын шығындар мен тыйымдардың себептері мен мерзімдері туралы нақты мәліметтер жоқ.

Жоғарыда аталған жайттарға қосымша ретінде айтарым, осы жүйе бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін Ресей Федерациясының аумағына тасуда қосымша ескерту бекеттерінің бір-бірінен қашықтығын ескерсек, тасымалдаушылар біраз қосымша және өзін-өзі мүлде ақтамайтын қаржылық және уақыт ресурстары шығынын өтеуге мәжбүр. Өйткені А нүктесінен Б нүктесін дейін тиімді, экономикалық бағыттарды жүргізе алмайды. Тиісінше отандық бизнес о бастан әркелкі бәсекелестік жағдайға тап болады.

Айта кетерлігі, қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарларын тасымалдауда түйткілді мәселелер бұл тізіммен шектелмейді. Осыған ұқсас мәселелер ресейлік және қазақстандық шекаралық аумақта және ветеринарлық бақылауға жатқызылатын өнімдерді тасымалдауға қатысты туындап отыр әрі біртіндеп жүйелік сипат алып келеді.

2016 жылдың 2 қыркүйегі күні қазақстандық ветеринарлық қызметтің күшімен пастереллезге қатысты ветеринарлық бақылауға жататын мал шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға қойылған шектеулер алынды.

Алайда, дәл сол күні, яғни 2 қыркүйек күні Ресей ауыл шаруашылығын қадағалау қызметі хат арқылы барлық ірі қара малды және олардан алынатын өнімдерді тасымалдау кезінде орындалуы қажет қосымша жағдайлар енгізілгендігі туралы хабардар етті. Оны енгізуге Атырау облысының аумағында ғана таралған дерматит себеп болды. Соның өзінде аталған тасымалдау ерекшеліктері шыққан өңіріне қарамастан, республика аумағынан тасымалданатын барлық ірі қара малдың өнімдеріне енгізілуде.

Бір жақты тәртіпте жиі өзгеріп тұратын «ойын ережесі» екі жақты экономикалық қарым-қатынастың дамуын тежейді және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бастаған уәкілетті органдарға Одақ ішіндегі экономиканың аграрлық саласының өзара қарым-қатынасын дамытуға күш жұмсауға мүмкіндік бермейді. Аталған мәселелерге байланысты Министрлік көбінесе әріптестік барысында туындайтын жеке мәселелерді шешуге мәжбүр, яғни қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Ресей Федерациясына тасымалдау жолында туындайтын кедергілерді жоюмен айналысады.

Сіздің ойыңызша, ауыл шаруашылығы өнімдерін ЕАЭО аумағына тасымалдау кезіндегі қазақстандық бизнестің жолында туындап отырған мәселелердің басты себептері неде?

Бұл шараларды ресейлік тарап ауыл шаруашылығы тауарларын тасымалдауды егжей-тегжейлі бақылау (қадағалау) қажеттігімен, сондай-ақ бекітілген талаптарға сай келмейтін өнімдерді кіргізуге жол бермеу үшін қабылдағандықтарымен түсіндіріп отыр.

Алайда, мұндай егжей-тегжейін ашып талдау өркениетті әлемде, сандық жаһандану заманында ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы жүзеге асырылады. Заманауи мамандандырылған ақпараттық жүйелер жүктерді тасымалдау процесін, сондай-ақ қандай да рұқсаттамалық құжаттардың бар-жоқтығын егжей-тегжейіне дейін қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Ол құжаттарды беру де тиісті жүйеде көрініп, қажеттілікке қарай жиналуы керек. Жоғарыда аталған Ресей ауыл шаруашылығы қызметі жіберген хаттағы мәліметтер тізбегінде берілген фитосанитарлық сертификаттар туралы ақпараттарды жүру бағытына қарай ҚЕБ-ның электронды мекен-жайына жіберу қажеттігі айтылған.

Жоғарыда айтылған жайттардан шығатыны, жолға қойылған ақпараттық өзара іс-қимыл болмағандықтан, тауарларды тасымалдауды бақылау ескі әдіспен әрі тікелей тасымалдаушылар есебінен жүргізілуде, бұл мәселені шешудің дұрыс әдісі емес.

Тағы бір көкейкесті мәселелердің бірі малдар мен өсімдіктерден қандай да бір ауру анықталған жағдайда уәкілетті органдар арасында өзара іс-қимылдың әрекет етіп тұрған реттемесі, қосымша ескерту рәсімдері жоқ. Бұған дейін құрылған өзара іс-қимыл «post factum» қағидасы бойынша құрылған, ескертпе шектеу шаралары енгізілгеннен кейін ғана жасалады, сәйкесінше оппоненттердің орын алған жағдайды егжей-тегжейлі талқылап, оңтайландыру мүмкіндігі болмағандықтан, соған қарай икемделуден басқа амалы қалмайды.

Оған қоса, Қазақстан мен Ресей Федерациясы Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты жаһандық интеграциялық құрылымның мүшесі саналады. Ал аталған ұйымның аясында ветеринария және фитосанитария саласындағы шектеулер енгізілгендігі туралы тараптарды нотификация арқылы ескерту механизмі қарастырылған. Алайда халықаралық талаптар біздің кәсіпкерлерді құтқара алмайды, өйткені қазіргі таңда олар толығымен сақталмай отыр.

Осылармен қатар, қазақстандық тарап қазіргі таңда орын алып отырған ветеринария және фитосанитария саласындағы уәкілетті органдар саналатын РФ билігі институттарының децентрализациялауына, олардың құрылымында нақты вертикальдың жоқтығына алаңдаулы.

Сонымен, жоғарыда аталған, бақылауға жатқызылатын ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау кезіндегі бекітілетін талаптарды бір реттік қолдануға қатысты қауіптерді нақтылау мақсатында РФ ауыл шаруашылығы министрі Александр Ткачевтің жақында «Внутренний валовый продукт» басылымына берген сұхбатынан үзінді келтіргім келеді: «Федерацияның әрбір субъектісі ветеринария саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз аумағында жауап береді! Яғни, нормативтер федералды болғанымен, ал оларды сақтауға жауапкершілік – өңірлік. Бүгінгі таңда өңірдің ветеринарлық дәрігері Ауыл шаруашылығы министріне де, Ресей ауыл шаруашылығы қызметіне де бағынбайды, тек қана губернаторға бағынады. Бұдан өзінше бір экономикалық сепаратизм шығады: әр аумақ өзінің әкелу-шығару режимін бақылайды. Нәтижесінде ішкі нарықтағы жағдайларды тұрақтандыруға және сыртқы нарықтарға шығуға кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерге тап боламыз».

Қазақстан Республикасына да көңіл аудартқым келеді. Халықаралық эпизоотиялық бюроның мүшесі атана отырып, малдардың қандай да бір ауруының пайда болуы және мемлекет аумағындағы таралу ошағының анықталғандығы туралы ЕАЭО-ға мүше елдерге дер кезінде ескертеді және сондай деректерді жасыру арқылы ешқашан өзіне деген сенімге селкеу түсірмейді.

Осы жағдайдан шығудың жолдары қандай деп ойлайсыз?

Бүгінгі таңда бұл мәселелердегі оңтайлы шешімдердің бірі қазақстандық-ресейлік мемлекеттік шекара аумағындағы қосымша ескерту бекеттерін қысқарту және тараптардың уәкілетті органдарының арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл процестерін жетілдіру деп білемін. Ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдаудың ЕАЭО аясындағы жалпы мәселесін және қазақстандық-ресейлік аумақтағы жекелей алғандағы мәселені түбегейлі шешу қажет.

Мұндай жағдайларда отандық кәсіпкерлер ыңғайсыз жағдайда қалады – олар жүктерді тасымалдауды толыққанды жоспарлай алмайды, қандай да бір жүкті жеткізу бекетіне дер кезінде жеткізіп беретіндігіне сенімсіз болады, өзінің адам атын сақтап қалатындығына кепілдік бере алмайды, өйткені Ресей ауыл шаруашылығы қызметі тарапынан жасалатын әрекеттер көбінесе күтпеген жағдайларға тап қылады. Және осының бәріне қоса, карантинге жатқызылатын өнімдер де, ветеринарлық өнімдер де негізінен тез бұзылатын өнімдер, шекарада аялдағаннан кейін тауарлық құндылығы жоғалады да, «тағамдық қоқыстарға» айналады.

Жоғарыда сөз болған жағдайлардан мынандай қорытынды жасауға болады: Одақты құрудың бастапқы кезеңінде қойылған қағидалар мен мақсаттар қазіргі таңда құр құжаттамалық әдетке айналып барады. Фитосанитария және ветеринария саласындағы талаптар мен стандарттар іс жүзінде нақты қолданылмайтын, «қағаз келісімдерге» айналуда.

Бұрындары Қазақстан Ресей Федерациясына ауыл шаруашылығы өнімдерін «жалпы» шарттар арқылы экспорттаған, ал бүгінде Ресей ауыл шаруашылығы қызметі ҚР үшін тасымалдаудың «жеке» ерекшеліктерін тұрақты түрде енгізуде, ол ерекшеліктер көбінесе үшінші әлем елдеріне қарағанда қаталдау келеді.

Осы тұрғыдан мынандай орынды сұрақ туындайды: біздің Одаққа кіруімізден отандық бизнес пен республиканың толық экономикасы не көреді және «кешегі шекара» бүгінгі ондай шекараның «жоқтығына» қарағанда ашығырақ болмап па еді?

Соңында айтпағым, Шартпен қарастырылған тауарлар қозғалысының еркіндігін іске асыру – мемлекеттердің жеке бизнесі гүлденуінің, Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымды кеңейтудің, ұлттық экономикаларды өзара және үйлесімді дамытудың кепілі, ал тоқтаусыз «бюрократизация» мен оны іске асырудағы қиындықтар – тараптар бизнесінің бір-біріне деген сеніміне селкеу түсіру және өзара сауда-саттық процесін күрделендіру.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер