astana-view

Бизнеске салықтық жүктеме көбеймейді

2016 жылғы 15 Қыркүйек
7038 просмотров

Бүгін Парламент Мәжілісінде 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының таныстырылымы өтті. 2018 және 2019 жылдардағы кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) бұған дейінгі көрсеткішке қарағанда 224 млрд теңгеге және тиісінше 314,9 млрд теңгеге ұлғаяды деп күтіліп отыр.  Таныстырылым кезінде 2017 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің басым бөлігі (97,3%) салықтық түсімдерге тиесілі болатыны атап өтілді. Бұл болжамдық көрсеткіштерге қатысты пікір білдірген ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев салық төлеушілерге, оның ішінде бизнеске түсетін салықтық жүктеме болмайтынын жеткізді. «Салықтық түсімдер, шын мәнінде артып келеді. Бірақ олардың артуы біздегі мұнай шығару көлеміне, экономика салаларына, тау-кен және өңдеу өнеркәсіптерінің дамуына, қызмет көрсету саласына қатысты болжамдардың жақсы болуына байланысты болып отыр. Сондықтан, қосымша экономикалық белсенділік салықтардың тағы да өсуіне жол ашады. Бүгінгі күні бұл жобадағы қандай да бір мөлшерлемелердің өсуі туралы айту артықтық етеді», – деп мәлімдеді министр.          

Қуандық Бишімбаев үшжылдық бюджет жоспарында шағын және бизнесті мемлекеттік қолдаудың көлемі қандай болмақ деген сұраққа жауап берді. Бұл тақырыпқа өз пікірін білдірген Ұлттық экономика министрі бүгінгі күні ШОБ «Бизнестің жол картасы», екінші деңгейлі банктердегі несие бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау есебінен қолдау көріп отырғанын еске салды. «Кепілге берілген сомалар 2016 жылғы деңгейде тұр. Олар бізге өңірлерден келіп түсетін өтінімдер бойынша қалыптасады. Яғни, биыл қосымша сома бөлмейміз», – деді министр.

Қуандық Бишімбаевтың ақпараты бойынша, 2014 жылы Ұлттық қордан ШОБ-ты несиелеуді қолдау үшін 6%-дық мөлшерлемемен 200 млрд теңге бөлінген. 2015 жылы Ұлттық қордан жұмсалған қаржы сомасы 100 млрд теңгеге тең болған.

«Биылғы жылдың сәуір айында қабылданған Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспарында орта және шағын бизнесті несиелеуге 535 млрд теңгеге тарта сома қарастырылған. Ол қаражат Ұлттық қордың бұған дейінгі бағдарламалары арқылы қайтарылатын БЖЗҚ мен қосымша қаражат есебінен бөлінгелі отыр. Мұның барлығы екінші деңгейлі банктер арқылы ШОБ-ты несиелеу сомалары соңғы сегіз ай ішінде шамамен 36%-ға дейін арта түсуі арқылы байқалған. Бұл дегеніміз қаражат жұмыс жасай бастады деген сөз. Сондықтан қосымша ақша бөлу қажеттілігі әзірге жоқ», – деп түсіндірді министр.

Қуандық Бишімбаев «бұл ақша бұдан ары да жаңартпалы негізде жұмыс жасайтынын және олар холдингтерге де, банктерге де айтарлықтай ұзақ мерзімге ұсынылғанын» айтты. «Сәйкесінше, олар өтелгеніне қарай ШОБ-ты қолдауға қайта жұмсалатын болады», – деп түйіндеді сөзін ұлттық экономика министрі.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер