astana-view

Саудагерлердің назарына!

2016 жылғы 15 Қыркүйек
10163 просмотров

Бұған дейін ҚР заңнамасында сауда жасайтын тұлғаларға патент қолдануға тыйым салатын норма пайда болған

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қай уақыттан бастап аталған ереже күшіне енетінін және кәсіпкерлер Салық кодексін бұзбауы үшін қандай әрекеттерді қолға алуы қажет деген сауалдарға жауап іздемек.

Белгіленген тыйым 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз күшіне енетіндіктен, патент бойынша сауда жасап келе жатқан барлық кәсіпкерлер 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін аумақтық мемлекеттік кіріс органына қолданыстағы салық салу тәртібі туралы хабарламаны тапсыруы тиіс. Бұл хабарламада салық салу тәртібін көрсету қажет. Мәселен, қарапайым декларация немесе жалпы бекітілген тәртіп бойынша. Егер салық салу реті көрсетілмесе немесе аталған хабарламаны тапсырмаған жағдайда, мемлекеттік кіріс органдары  2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпкерді автоматты түрде жалпы бекітілген тәртіпке ауыстыруға құқылы болмақ.

Сондай-ақ, қарапайым декларацияға өткен жағдайда немесе жалпы бекітілген тәртіпке өткен кезде жеке кәсіпкер БКМ (Бақылау-кассалық машина) орнатуы тиіс. Қолданыстағы Салық кодексі бойынша БКМ тек ЖК ретінде тіркелмеген жеке тұлғаларға (жекеменшік нотариустар мен жеке атқарушылардан басқа), ашық сауда базарлары аумақтарында патент бойынша қызмет ететін жеке кәсіпкерлерге, сонымен бірге, бірыңғай жер салығын төлеушілер мен қоғамдық көлік тасымалдаушыларына ғана міндетті болмайды.

Сонымен қатар, Салық кодексінде кей кәсіпкерлер үшін БКМ орнату талаптары бойынша мәліметтерді онлайн түрде жіберу мүмкіндігі қарастырылған. Аталған талап 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап бензин, алкоголь өнімдерін сататын кәсіпкерлерге, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметтің жеке түрімен айналысатын кәсіпкерлерге (мұндай қызмет тізімі ҚР Үкіметінің 2015 жылдың 30 желтоқсанындағы №1129 Қаулысымен бекітілген) қатысты орындалып келеді. 

Аталған тізімге ауқымды қолма-қол ақша айналымы бар қызмет түрлері енген. Оларға: құрылыс материалдары және санитарлық техниканың, су құбыры және жылыту құрылғыларының көтерме саудасы, компьютер, аудио-бейне техника, электр құрылғылары, жиһаз және тағы басқа бөлшек саудасы, қонақүйлер, қоғамдық тамақтану қызметтері, кинотеатрлар, шаштараздар және сұлулық салондары жатады.

Кәсіпкерлерге аталған талаптарды орындау үшін уақыт беру мақсатында салық органдары онлайн түрде мәліметтерді жіберу қызметі бар БКМ орнатуға міндеттелген кәсіпкерлерге тексеру  шаралары жүргізілмеді.

Десе де, Ұлттық палата назарынан көлеңкелі бизнестен арылып, кәсіпкерлердің салық заңдарын орындауы туралы мәселе тыс қалған емес. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер