astana-view

Қазақи қонақжайлықтың қадірі

2016 жылғы 23 Қыркүйек
- Алматы қаласы
6688 просмотров

Алматы қаласының беделді маркетологтары кәсіпкерлерге кеңес берді

Алматы Кәсіпкерлер палатасы шағын бизнес иелері мен бизнеске жаңадан қадам басқан кәсіпкерледі жинап, Маркетологтар клубының төртінші отырысын өткізді. Бұл жолы отырысқа осы саладағы тәжірибелерімен бөлісу үшін танымал коучтер мен тәжірибелі маркетологтар, жүйелік дамыту бойынша кеңесші Жанна Прашкевич пен Колёса.кз, Крыша.кз және т.б. сайттардың маркетинг бойынша департамент директоры Руслан Туганов шақырылды.

Шараның тақырыбы «Қызметтер маркетингінің стратегиясы» деп аталады. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлерді қолдау орталығының менеджер-кеңесшісі Шынар Базыханова арықтауға арналған диеталық өнімді ілгерлету жобасын, мысалдар келтіре отырып көпшілікке таныстырды.

«Ең алдымен тұтынушының қажеттілігін және оның барлық жеке деректерін зерттеу керек, – деді Шынар Базыханова. – Мысалы, мен Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасына келгенге дейін істеген компанияда дамудың нақты стратегиясы болатын. Нақтырақ айтқанда, тұтынушылар туралы туған күні белгіленген анкеталар толтырылатын. Соның арқасында барлығы өз ретімен жүретін. Және де бұл жерде әрбір ұсақ-түйекке, клиенттің көңіл-күйінен бастап ерекше назар аудару қажет».  

Келесі сөз кезегін танымал кәсіпкер әйел Жанна Прашкевич алды. Ол «Coffeedelia» кофеханасы арт-бөлімінің, «Direct PR» PR-агенттігінің басшысы. Бүгін Жанна кәсіпорын стандарттары не себепті жұмыс істемейтінін, көңілі толмайтын тұтынушылардың қайдан пайда болатыны туралы түсіндіріп берді.

«Бизнесте жақсы әсерді сақтаудан бөлек, керексіз ақауларды болдырмау деген бар. Біз кемшіліктерді түзетудің орнына, күнде біреуін жасап жатамыз. Кірістерді сақтап қалу үшін нақты қандай шараларды қолдану керектігін де білмейміз. Мен мейрамханалармен көп жұмыс істеп,  «қонақжайлық» деген сөздің тереңіне үңілдім. Ол латынша Hospitality – госпиталь, хоспис деген мағынаны береді. Еуропалық қонақжайлық туралы айтқанда, симметриялық емес қатынасты меңзейді. Сол себепті де батыста тамаққа және адам денсаулығына ерекше сезімталдықпен қарайды. Ал қазақтардың қонақжайлылығы кіргеннен бастап шығарып салғанға дейін жалғасады. Алайда әңгіме бизнеске келіп тірелгенде, біздің маркетологтар белгілі бір стандарттарды басшылықққа ала бастайды. Егер қандай да бір қалыпты емес жағдай орын алса, ол бірден менеджерге, супервайзерге жүгіріп барып, не істеу керектігін сұрай бастайды. Ол өзіне анасының сүтімен дарыған қасиеттерін ұмытып кетеді. Негізі стандарттар адамдардың соған сүйене отырып шешім қабылдай алатындай болу керек. Саған келген қонақтың құзіретіңде емес қажеттілігін көргеннен кейін, стандарттардың бәрін ысырып қойып, қонақтың қалауын орындауымыз керек. Өкінішке орай, біз, маркетологтар, өзіміздің қызметкерлерімізді сол стандарттардың шеңберіне матап тастаймыз. Нәтижесінде, шетелдіктер бізді дөрекі әрі әдепсіз деп санайды. Шетелдік келеді де, оны қабылдап, көмектесуін күтеді. Ал біздің қанымыздағы қонақжайлылығымыз жоғалып, нақты нұсқаулықтан шықпай қаламыз. Бұл бір ғана мейрамхана ісінде ғана емес, барлық қызмет түрлерінде кездеседі. Ондағы қызметкерлер «жәбірленушінің жағдайын» сезінеді. Мысалы, тұтынушылар менен көп нәрсе істегенімді қалайды, бастығым менен көп нәрсені талап етеді деген сияқты. Қызметкер өзін босқа пайдаланып жатқандай сезінеді. Мұның бизнес үшін қаншалықты зияны бар? Өйткені ол былай ойлайды: ақыр мені пайдаланып отыр екен, онда мен сендерді пайдаланамын – тонаймын, алдаймын, бір жерінен өзіме пайда келтіремін. Мұның арты жақсылыққа алып бармайды. Осындай қызметкерлердің өз мақсатын өзгертуге ешқандай ойы да, ерік-жігері де жоқ. Бұл үлкен трагедия», – деді Жанна Прашкевич.

Руслан Тугановтың  маркетингті жүргізу бойынша өзінің жеке тәжірибесі  өте қызықты болды. Ол автомобильдер мен мүлікті сатуға арналған алдыңғы қатарлы қазақстандық сайттарды дамыту саласында жүрген басшылардың бірі. Жиында ол компанияның, осыдан 6 жыл бұрын, негізі енді ғана қаланған кезде қандай мақсатттар мен міндеттер қойғанын, бүгінде алдағы үш жылға нені жоспарлағанын нақты сандармен келтіріп көрсетті.

Клуб мүшелері спикерлерге көкейде жүрген сауалдарын қойды. Оларды  компанияның беделін қалай сақтап қалу керек, тұтынушылардың көңіл толмаушылығын қалай болдырмау керек, жеке сайтыңа кірушілердің санын қалай арттыруға болады деген мәселелер қызықтырып отыр. Сонымен қатар олар осы сынды көкейдегі сауалдарына түсінікті жауап алды.

Жиын соңында қатысушылар келесі отырыстардың тақырыптарын анықтады. Олар: «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке қатысудың мүмкіндіктері», «Стартап-компания үшін маркетинг: бизнесті бастау мен әрі қарай дамытуға дейін», «Миллионерлердің басынан кешкен оқиғалары». Маркетологтар клубы туралы қосымша ақпаратты 331-01-33 (ішкі 816) телефоны арқылы немесе Almaty.cop815@gmail.com электронды поштасы арқылы білуге болады. Клуб отырысына қатысу тегін.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер