astana-view

Топтық туризм саласын дамыту қажет

2016 жылғы 28 Қыркүйек
15966 просмотров

Қытай Халық Республикасынан саяхаттаушылар Қазақстанға топпен келетін туризм бағытын дамыту қажет. Астанада өткен Қазақстан-Қытай туристік форумын кіріспе сөзімен ашқан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, осы орайда, тиісті саланы өркендетуге байланысты арнайы бағдарламаның әзірленетінін мәлімдеді.

«Кеше ғана ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев ведомствоаралық үкіметтік жұмыс тобын құруды тапсырды. Келесі апта туризмді дамыту бағдарламасы бойынша қажетті жұмысқа кірісіп қалармыз деп отырмыз. Өзекті мәселелер легін барынша кеңінен қамту керек. Бұл виза мен кеден, көші-қон қызметтері, автомобиль жолдары, жеңілдіктер түрі, мемлекеттік қолдау, - деп келтірген Абылай Мырзахметов Палата мамандары дайындаған Өңірлік кәсіпкерлікті даму картасында туризмнің басымдыққа ие бағыттардың бірі екенін атап өтті. – Өңірлік палаталар мен әкімдіктер бірлескен райда, туризмді дамытудың жол картасын қарастыруда. Бұл іске қонақ үйлер мен шипажайлар, көлік компаниялары, тамақтану орындары сынды жеке бизнес те тікелей тартылғаны жөн».

ҰКП Басқарма Төрағасы, қазіргі уақытта, ондаған жылдар бойы мұнай өндіру саласына жұмылып келген ірі мұнай-сервис кәсіпорындары да туристік саланың болашағы зор екенін түсініп келе жатқанын әңгімеледі. Олардың инвестиция салуға ынталандыру тетіктерін сұрауда екенін жеткізген Абылай Мырзахметов, туризмнің мультипликативтік әсері орасан екенін, оны Қазақстан экономикасын демейтін, шағын бизнестің көкжиегін кеңейтетін тиімді құрал санайтынын айтты.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева болса, бүгінде топтық визаларды беру басталып кеткенін хабарлады. Бұл арқылы, қазіргі кезде, Қазақстанға қытайлық 300 турист келіп үлгерген. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында, кәдесыйлар сатып алуға 100 адамнан тұратын топ 2,5 млн теңге жұмсаған. Демек, топтың туризмнен күтетін табыс мол.

Бұл тұста еске салар болсақ, 2015 жылдың 14 желтоқсан күні Қазақстан мен Қытай арасында Қытай азаматтарының Қазақстан Республикасына топтық туристік саяхаттарын жеңілдету туралы меморандумға қол қойылғаны белгілі.

Бұл құжат туристердің Қазақстанға көптеп келуіне жаңа мүмкіндіктер бермек. 2014 жылы 107 млн Қытай азаматы туристік мақсатта шетелдерге сапарға шықса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 127,9 миллионға жеткен. Олар сапар барысында 292,2 АҚШ млрд долларын жұмсаған.

Форумның мақсаты еліміздің жағымды туристік имиджін қалыптастырып, ілгері жылжыту, Қазақстан мен Қытай арасындағы туризм саласындағы өзара табысты әріптестіктің дамуына жәрдемдесу, Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары мен туристік индустрия өкілдерінің арасындағы сұхбатты қамтамасыз ету.

Форумға қатысушылар халықаралық қытай туризмінің болашағы: даму бағыттары мен келешегі; Қытайдан келетін қонақтарды қарсы алудағы халықаралық тәжірибе; Қытайдан Қазақстанға келетін туристер жайы мәселелерін талқылады.

Форум спикерлері – Азия-Тынық мұхиты елдері туристік қауымдастықтарының (PATA), Туристік қалалардың дүниежүзілік федерациясының (WTCF), ҚХР Туризм істері жөніндегі мемлекеттік басқармасының, Гонконг, Бейжің, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы, Хайнань және Шаньси провинциялары мемлекеттік туристік органдарының, Қытай туризм академиясының өкілдері және де Қазақстанның мемлекеттік органдары мен бизнес саласының басшылары.

Шараға қазақстандық туристік бизнестің 200-ден астам кәсіби өкілі қатысты. Одан бөлек, Қазақстанға, Елордалық туризм қауымдастығы мен  Air Astana әуе компаниясы өткізген ақпараттық тур шеңберінде Қытайдың туристік компаниялары келді.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер