astana-view

Қазан айының соңына дейін ЭКСПО-2017 нысандарының құрылысы аяқталады

2016 жылғы 28 Қыркүйек
10447 просмотров

Одан кейін Астана халықаралық көрмеге қатысатын елдерді қабылдауға дайын болады

Бұл туралы, Астана қаласында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастырумен өткен Қазақстан-Қытай туристік форумында сөйлеген сөзінде, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов хабарлады.

«Бүгінде көрмеге дайындық қызу жүріп жатыр. Биылғы жылдың қазан айының соңына дейін барлық нысандардың құрылысы аяқталатындықтан, көрмеге қатысатын барлық елдер Қазақстанға келіп, өз павильондарын толтыра беруіне болады», – деді Е.Шорманов.

Оның айтуынша, бүгінгі таңға дейін 103 мемлекет пен 17 халықаралық ұйым өзінің көрмеге қатысатынын ресми түрде растаған.

«Біз барлығы 5 миллионға жуық келушіні күтіп отырмыз. Біз үшін оның негізгі бөлігін өзіміздің отандастарымыздың құрағаны маңызды. Пайымдауымызша, олар 85%-ды құрап отыр, ал шетелдіктер – 15%», – деп атап өтті Ұлттық компания өкілі.

Шорманов 90 күннің ішінде ЭКСПО аумағында ғана 3 мыңға жуық іс-шара өтетінін хабарлады.  Сондай-ақ барлық қала аумағында да 3 мыңға тарта іс-шара ұйымдастырылады. «Яғни Астана бұл күндері маңызды мәдени алаңға айналады. Бұл көптеген туристердің назарын аудартуы тиіс. 2017 жылдың 5 шілдесінде ҚХР-дың Ұлттық күнін өткізу жоспарланып отыр. Бұл уақыт Қытай Халық Республикасының Комиссарымен мақұлданған», – деді ол.

Ербол Шорманов «Астана ЭКСПО» көрме серіктестерінің арасында қытай компанияларының болғанын қалайтынын атап өтті. «Көрме үлкен  экономикалық, ғылыми-техникалық  әлеуетке ие. Біз серіктестік орнатуға дайынбыз, сондықтан ҚХР бизнес-қауымдастығын ынтымақтастық орнатуға шақырамыз», – деді ол.

Ұлттық компания өкілі, қытай турисінің болмысы туралы айта отырып, 5 туристің ішінде 4-і саяхатты онлайн түрде таңдайтынын атап өтті. Сондықтан да көрмені онлайн режимде дамытуға үлкен мән беріліп отыр. Қазір Қытайдың ірі интернет-порталдарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр екен.

Сондай-ақ, ол, 10 шілдеден бастап туристік компаниялар үшін жеңілдік шарттарымен билеттерді ресми түрде сату жұмыстары басталғанын хабарлады. Бүгінде қазақстандық компаниялармен 74 мың билетті сату үшін 5 келісімшартқа қол қойылған.

«Біз 70 бағыттың тізілімін жасап шықтық. Ол барлық шетелдік қонақтардың назарына ұсынылатын болады. Олар: еліміздің 12 ұлттық саябақтарына экологиялық тур, тарихи-мәдени нысандарды аралау, сондай-ақ арнайы тур – Байқоңыр ғарыш айлағынан зымыранның ұшырылуын тамашалау және тағы басқа», – деді Ербол Шорманов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер