Суреттер сыр шертеді
Астанада өткен Қазақстан-Қытай туристік форумында «Мен Қазақстанды жақсы көремін» фотобайқауы нәтижесінде іріктеуден өткен еңбектер Форумға қатысушылар назарына ұсынылды.
Аталған шағын көрме еліміздегі туристік орындарды насихаттау және Қазақстанның туристік әлеуетін дамыту мақсатында ұйымдастырылып отыр.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева атап өткендей, фотобайқауға қатысуға ниет танытқан азаматтар әуесқой туындыларын ұсыну арқылы үздік фототүсірілімді анықтауда бағын сынауда.
«Бұл жерде отандастарымыздың, саяхатшылардың әуесқой суреттері қойылған. Әр жұмыстан белгілі бір жылулық лебі есіп, көңіл-күйді көтереді. Себебі Қазақстанды аралаған жандардың барлығы оң әсер алатыны даусыз. Осындай қадамдардың арқасында Қазақстан танымал туристік ел мәртебесін иеленеді деген үміттеміз», - деді журналистерге сұхбатында Юлия Якупбаева.
Көрмені тамашалаған белгілі фотограф Советбек Мазғұмұлы да, табиғат көріністері, қазақ даласындағы тарихи орындар, салт-дәстүр мен ұлт мәдениеті, балдәурен балалық шақ сәттері, Астана мен Алматы қалаларының көрікті нысандары бейнеленген фотолардың сапасын бағалап, туындылардың көңілден шыққанын айтты.
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: