astana-view

Қазақстанға Қытай туристері көптеп келмек

2016 жылғы 29 Қыркүйек
8109 просмотров

Еліміз қытай туристерінің алғашқы тобын қалай қарсы алды?

2015 жылы Қазақстан мен Қытай арасында қытай азаматтарының Қазақстан Республикасына топтық туристік саяхат жасауын жеңілдету туралы меморандумға қол қойылғаны белгілі. 5 тамызда Қазақстанға қытай туристерінің бірінші легі келе бастады. Олардың саны 300 адам. Қытай басылымдарының хабарларына көз жүгіртсек, Қазақстанға саяхаттауға тілек білдіргендердің саны бұдан да көп болған сыңайлы.

Қытайлықтардың Қазақстанға жасаған саяхаты кезіндегі қызықты сәттері туралы Қазақстан қонақ үйлері мен мейрамханалары қауымдастығының президенті, Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова айтып берді. «Негізінен, олар 40 жастан асқан туристер болатын. Топ 4-ке бөлініп, Астана – Өскемен – Алматы бағыты бойынша жөнелтілді. Мұндай саяхаттар, 3-4 рет әуе рейсін қосқанда 8 күнге созылады. Қазақстан өңірлері бойынша жетікүндік саяхат қытайлықтар үшін әр адам басынан, ұшуды қоспағанда 700 долларға шықты», – деді ол.

«Біз нені тамашаладық? Ұлттық кәдесыйлардан өзге, қоюлатылған сүт, шұжық және кеспе – Қазақстанның басты кәдесыйларына айналды. Қытайлықтар өз саяхаттарын 10 балдық бағалаудың барлық 10 балына лайықты деп шешті», – деді Рашида Шайкенова.

Сондай-ақ сарапшы, бизнес-қауымдастықтың қытай туристерінің алғашқы тобын қабылдау тәжірибесінде түйгендерімен бөлісті. «Бұлар үлкен, қалталы топтар. Әзірге аса талапшыл емес. Олар қайнаған суды көп пайдаланады. Сондай-ақ шайларын өздерімен бірге ала жүреді. Таңғы асқа міндетті түрде қайнатылған жұмыртқа және кеспе болу керек. Асхана құралдарынан өзге, тамақ жейтін таяқшалардың болуы да міндетті. Олар өте белсенді, көңілді, ашық, суретке түскенді, табиғатты, сауда жасағанды, қайнаған суды жақсы көреді», – деп атап өтті ол.

Р.Шайкенова, қытай туристерінің үлкен легін Қазақстанда қарсы алу үшін, білікті жол көрсетушілерді дайындау туралы маңызды мәселеге назар аудартты. «Өте көп жағымсыз пікірлер айтылады. Мысалы, оралмандарды тартпаңдаршы деген. Ал біз тарттық. Әрине, білім деңгейі біз үшін өте маңызды. Біз оларды үйретіп, тез арада өте сауатты жастарды аттестаттадық. Олардың арасында тек қана оралмандар ғана болған жоқ. Мысалы Қытайдан білім алып келген балалар болды. Бүгінде осы 9 адам белсенді жұмыс істеуге кірісіп кетті. Сол себепті оралман деп бөлектеудің қажеті жоқ. Өйткені олар Қытайда көп жылдан бері тұрып келді, және де қытай туристерімен қалай жұмыс істеу керектігін өте жақсы біледі», – деді Қауымдастық жетекшісі.

Сондай-ақ Қазақстан туристік қауымдастығының басшысы, ҚХР туроператорларының болжамына сай, Қазақстанға жыл сайын 250 мыңнан астам қытай туристері саяхаттап келуге әзір екені туралы ақпаратпен бөлісті. «Қазақстан 2017 жылды Қытай жылы деп жариялады. Универсиада мен ЭКСПО қарсаңында, Қазақстан ҚХР Мемлекеттік кеңесінің мақұлдауымен, туристердің саяхат жасауына ұсынған мемлекеттер тізіміне енді. Сол себепті біз туристердің санының артуын күтіп отырмыз. Мүмкін, 250 мың адам тек басы шығар», – деді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер