astana-view

Бас прокуратура кәсіпкерлерге қысымды төмендетуге қол жеткізді

2016 жылғы 06 Қазан
3121 просмотров

«Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» форумынан кейінгі үш айдан астам уақыт аралығында, прокурорлық араласу шаралары нәтижесінде, кәсіпкерлерді тексеру екі есеге қысқарды

Бұл туралы Бас прокуратурада «Бизнесті қорғау жөніндегі Жол картасының жүзеге асырылу барысы туралы» тақырыбында өткен алқа отырысында мәлім болды.

Бас прокурор Жақып Асанов, аталған жоба түйткілді де өзекті мәселелерді бірлесе отырып шешуге, елдегі қалыптасқан бизнес-ахуалды жақсартуға мүмкіндік беретінін жеткізді. Мәселен, тиісті мерзімде қылмыстық істер үш есеге азайып (2015 жылдың 3-тоқсанындағы 4687-ден 2016 жылдың сәйкес кезеңінде 1324-ке дейін), арнайы тіркеусіз хабарламаларды бірден өкілетті органдарға табыстау деректері керісінше төрт есеге көбейген (690-нан 2538-ге дейін). Сонымен қатар, бақылау-қадағалау функцияларын оңтайландыру, бизнеске қойылатын талаптарды ықшамдау бағыттары бойынша ұсыныстар дайындалып, қазіргі кезде құзырлы мемлекеттік мекемелермен пысықталуда екен.

«Біз бірқатар ұйымдастырушылық қадамдар қабылдадық. Заңға түзету енгізусіз, қазірдің өзінде қылмыстық-құқықтық салада бизнеске деген қысымның азаюына қол жеткіздік. Біріншіден, мемлекеттік кірістер органдарына қылмыстық құрамы жоқ әрекеттер туралы бастама танытуға тыйым салынды. Екіншіден, Бас прокурордың бұйрығымен Ақпараттарды есепке алу кітабына тіркеу, Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидалары өзгертілді. Ендігі жерде залал туралы мәлімет, тексеру актілері болмаса, не азаматтық қатынастар ғана болса, қылмыстық іс жүргізуге тыйым салынады. Үшіншіден, қылмыстық құрамы жоқ істер еш қараусыз тізімнен алып тасталады», - деп баяндаған Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов нәтижесінде экономикалық қылмыстар туралы арыздар мен қылмыстық істер саны үштен бір бөлігіне дейін қысқарғанын,тіркеусіз бірден өкілетті органдарға берілетін хабарламалардың 5 пайызына ғана тексеріс жүргізілгенін хабарлады.

Қалған 95%-на тексеріс тағайындалмаған. Ал бұрын толық тергеу жүргізілетін болған.

Жалған кәсіпкерлік жөнінде «Атамекен» ҰКП Салық және кәсіпкерлік кодекстеріне тиісті түзетулер әзірлеп, бизнесті заң жүзінде қорғауда тегіс электронды шот-фактуралар қолданудың арқасында барлығы ашық болып, алаяқтар шоттарды бұрмаланған деректермен жазу мүмкіндігінен айырылмақ. Жалған фирма құру үшін құжаттарын қасақана берген адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделуде. Сондай-ақ, банктерде қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыруға жең ұшынан жалғасқандарға да жаза күшейтілмек.

«Қазір болса, соттардың шешімдері негізінде салықты есептеудің қолданыстағы тәртібін қайта қарауға, жалған фирмаларды мемлекеттік тіркеудің күшін жоюға жеткілікті негіздемелер жоқ. Одан бас тарту үшін біз, ең алдымен, жоғарыда ұсынылған заңнамалық және ұйымдастырушылық шаралардың барлық кешенін толық өткізу керекпіз», - деді Марат Ахметжанов.

Бас прокуратура, бұдан тыс, әкімшілік іс жүргізуде бизнеске қысымды азайтуда заңнамалық түзетулер ұсынып отыр. Мәселен, бір жарым жылдың ішінде соттар мен мемлекеттік органдар 160 бизнесменге 26 млрд теңге айыппұл салған. Бұл барлық айыппұлдардың үштен бір бөлігі. Бас прокурордың орынбасары тиісті кодекстегі көптеген баптар бойынша айыппұлдар тым жоғары екенін атап өтті, яғни аталмыш жайт бизнестің кең қанат жаюына бөгет болуда.

«Сөзімізге дәлел, табиғи монополиялар субъектілерінің есебін тапсыру мерзімін бұзғаны үшін 510 мың теңге айыппұл тағайындалған. Сондықтан Кодекске қысқартылған тәртіпті енгізу мақсат тұтылуда, мұнда кінәні мойындағанда айыппұлдың жартысы азаяды. Заңбұзушылықты жеңілдететін жайттар болса, айыппұл сомасын 30 пайызға дейін төмендету ұсынылады. Жалпы ескертуді қолдануға барынша көңіл бөлген абзал. Осы мәселелердің барлығын Әділет министрлігі жанындағы жұмыс тобында талқылаймыз. Егер назардағы түзетулер қабылданса, бизнестің тынысы кеңейеді», - деді Марат Ахметжанов.  

Бас прокурордың орынбасары, халықты бизнеске жаппай тартуда «Атамекен» және «Нұр Отан» партиясымен бірлескен жұмыстар жүргізіліп отырғанын әңгімеледі. Арнайы жоспарға қаржылық және қаржылық емес қолдау тетіктері енгізілген. Ең бастысы қарапайым тұрғындар жұмыспен қамтылмақ. Пилоттық жобалар Ақтөбе, Ақмола және Қарағанды облыстарында іске асырылатын болады.

Аудан әкімдері үшін бизнесті дамытудың толық жоспары әзірленіп, бүгінде ол өңірлерде апробациядан өткізілуде. «Колонияларды жұмыспен қамту 2017» жобасы ауқымында жазаны өтеу нысандарында 171 өндіріс ашылып, 26 кәсіпкер өз ісін ашқан  және 400-ден астам қамауда отырған адам жұмысқа тартылған.  

Кәсіпті өркендетуге кедергі келтіретін жайттар көрсетілетін Формуляр Бас прокуратураның сайтына орналастырылып, сілтемелер «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Нұр Отан» партиясының барлық өңірлік сайттарында қолжетімді.

Жақып Асанов белгіленген іс-шараларды уақытылы және сапалы орындауды басты назарға алу керектігін ескертіп, негізгі үйлестірушілер ретінде Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасын атады.

Мүдделі тараптар түгелдей жұмылдырылып, жаңартылған Жол картасы бекітілді. Бизнесті қорғауға қатысты жекелеген тармақтарға түзетулер енгізіліп, ондағы мәселелерді атқаруда кешенді заңнамалық және өзге де ұйымдастыру-тәжірибелік шаралар қолға алынбақ.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер