astana-view

Мәмила Мұсабекова: «Әйелдер өздерін ерлермен бәсекелес санамауы қажет»

2016 жылғы 07 Қазан
- Жетісу облысы
16383 просмотров

Алматы облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, Талдықорған қаласы мәслихатының депутаты Мәмила Мұсабекова әйелдерді толғандыратын мәселелер мен Іскер әйелдер қауымдастығымен арадағы қарым-қатынас жайлы және әйелдің бизнестегі орны туралы әңгімеледі

– Кәсіпкерлер палатасының жанындағы Өңірлік іскер әйелдер кеңесі өткен жылдың 30 наурызында құрылды. Әрине, кез келген ұйым немесе құрылым үшін бұл қандай да бір қорытынды шығарарлықтай көп уақыт емес. Дейтұрғанмен, Іскер әйелдер кеңесі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда не істеп үлгерді?

– Бүкіл республика бойынша Іскер әйелдер кеңестерінің құрылғалы бері нәзік жандылар «Атамекен» ҰКП-ның бизнесті дамытуға және гүлдендіруге деген, олардың облыстың, жалпы елдің көркеюіне қосып жатқан үлестерін сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде сезіне білді. Кеңестерді құрып жатқанда бізге ауыл әйелдерінің үнін тыңдау маңызды болды. Біз дәл сол танымал болмағанымен, күн сайын ерекше іспен айналысып, соны дамытып жатса да, бар-жоғы көп біліне бермейтін ауылдардағы және аудандардағы әйелдер туралы айтып, соларға назар аудартқымыз келді. Оларға жергілікті жерлерде қолдау таныта отырып, біз кәсіпкерлік әйелдерге қол емес деген қатып қалған қағидалар мен көзқарастарды өзгерттік. Бүгінде облысымыздың барлық аудандарында белсенді өмірлік ұстанымдары бар кәсіпкер әйелдерді біріктіретін аудандық Іскер әйелдер кеңестері жұмыс істейді. Бір жарым жылдың ішінде әйелдер бизнесінің мәселелерін талқылау және шешу жөнінде 30-дан астам кездесулер, жиналыстар, форумдар мен семинарлар өткіздік. Мәселен, осы жылдың шілде айында Ақсу ауданында іскер әйелдер форумы өтті. Ауқымды шара 60-тан астам қатысушының басын қосты. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлеймен шараның басты қонағы болды. Ол ақпараттың қолжетімсіздігін кәсіпкерлік бастамадағы басты кедергі ретінде атап өтіп, әйелдерді белсенді болуға, мемлекеттік қолдау шараларының барлығын пайдалануға шақырды. Форумда «Табыскер әйел келбеті» көрмесі ұйымдастырылды. Онда табысты бизнесвумендер кондитерлік өнімдерін, нан өнімдері мен тоқыма бұйымдарын таныстырды. Табысты әйелдердің өмір жолдары туралы видеофильм ешкімді бей-жай қалдырмады. Осындай форматтағы шара Сарқант және Кербұлақ аудандарында ұйымдастырылды. Алматы облысынан 18 іскер әйелдің Қытай Халық Республикасының бизнесвумендерімен кездесу үшін «Қорғас» халықаралық шекаралық серіктестік орталығына сапарлауы оларға ерекше әсер қалдырды. Біз мемлекеттердің қоғамдағы әйел рөліне деген қарым-қатынасына қайран қалдық. Шара барысында Қытай билігі өңірді дамытуға қосқан үлесі үшін түрлі салалар мен түрлі қызметтердегі 10 әйелді марапаттады. Ұйымдастырушылар әйелдерге деген зор құрметі мен сыйын көрсетті. Кездесу шеңберінде тәжірибе алмасып, одан ары қарай әріптестік орнату туралы келісімге келдік. «Дунфан» сауда кешенінің бас директоры Ван Янь ханым біздің бизнес-идеяларымызды қолдауға дайын екенін білдірді. Оның 8 түрлі бизнесі бар әрі сол өңірдегі ықпалды әйелдердің бірі. Сондықтан біздің сапарымыз өте жемісті және қызықты болды, қатысушылар жаңа идеялар, мол тәжірибе алып, машықтанып қайтты.

– Алматы облысында Кеңес құрылғанға дейін өңірдегі барлық әйелдердің басын біріктірген Іскер әйелдер қауымдастығы жұмыс істеп тұрған еді. Бастапқыда мынандай сұрақ тұрды: жаңа ұйымды құрудың қажеті қанша және оның мақсаты қандай болмақ? Мәмила, Құрманжанқызы, Кеңес қызметінің Қауымдастықтан айырмашылығы неде, соған тоқталып өтіңізші?

– Әрине, Кеңесті құрудың өзектілігі туралы мәселе әйелдерді ғана емес, барлығын толғандырды. Мынандай да сұрақтар болды: Қауымдастықтың қызметін қайталаудың қажеті қанша, сіздер әйелдерге қалай көмектесесіздер және т.б. Кеңес құрудағы басты идея өңірдегі әйелдердің іскерлік ортада белсенділігін нығайту болды. Кеңестің алдында ақпараттық-ағартушылық қызметтерді ұйымдастыру, кәсібін жаңа бастап жатқан кәсіпкер әйелдерге ұйымдастыру, әдістемелік, кеңес беру және ақпараттық жағынан көмектесу арқылы кәсіпкер әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыру міндеті тұрды. Егер Іскер әйелдер қауымдастығы барлық саладағы әйелдерге қолдау көрсету мақсатында құрылған болса, ал Кеңес кәсіпкерлікте көмек көрсету мақсатында құрылды. Қоғам Кеңес қызметінің нақты міндеттерімен және мақсаттарымен танысқан соң, барлық сұрақтарға нүкте қойылды. Бір жағынан, әрі Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрайымы, әрі Қауымдастық төрайымы болған Римма Салықованың жеке тұлғасы мен беделі рөл атқарды. Римма Аждарқызы ұйымдар арасында достық қарым-қатынас орнатты. Сондықтан көптеген шараларымыздыортақ күш біріктіру арқылы өткіземіз.

– Біздің облыс Кеңес пен Қауымдастық табысты тізе қосқан бірегей өңірлердің бірі шығар...

– Сіз дұрыс айтасыз. Айтып өткенімдей, Римма Аждарқызының арқасында өмірде де, іскерлік ортада да біздің арамызда достық, ниеттестік қарым-қатынастар орнатылған. Қауымдастық пен Кеңеске ең белсенді және жарқын тұлғалар мүше. Сондықтан Іскер әйелдер кеңесі желісіндегі жобалар да, Іскер әйелдер өауымдастығы желісіндегі жобаларды бірлесе отырып іске асырамыз. Біз бір іс атқарудамыз.

– Сіз аудандар мен ауылдарға жиі барып, шаралар өткізесіз, бизнес-қауымдастықпен кездесесіз. Жергілікті жерлердегі әйелдер не дейді? Оларды көбірек толғандыратыны не? 

– Аудандар әртүрлі болғанымен, әйелдерді толғандыратын мәселелердің барлығы бірдей. Біріншіден, кәсіпкер әйелдер мен жергілікті тұрғындар бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар туралы дұрыс біле бермейді. Оған қоса жеңілдігі бар несиелердің қолжетімсіздігі өзекті болып тұр. Егер ауылдарда бизнесті дамытқымыз келсе, біз арзан әрі қол жетімді несиелер беруіміз керек. Басқа жағдайлар мен механизмдер кәсіпкерлерге тиімсіз.

Жергілікті жерлерде екінші деңгейлі банктер, даму институттары мен қаржылық мекемелер өте аз. Сондықтан біздің әрбір шарамызға қаржылық ұйымдардың өкілдері қатысады. Сондай кездесулерге біз әрдайым жұмыссыз отырған әйелдерді шақырамыз. Олар үшін бұл тақырып өте пайдалы және маңызды. Одан бөлек, жер қатынастары, салық заңнамасы және өімдерді өткізу мәселелері де көкейтесті болып саналады.

Мәселен, Сарқант ауданында түйіткілді мәселелердің бірі ретінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті (МЖС) дамытуды атауға болады. Біз мектепке дейінгі мекемелерді құру және дамыту жөнінде семинар өткіздік. Шарада даму институттарының, қаржылық мекемелердің өкілдері бағдарлама жайында және МЖС-ні мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді. Білім беру, кәсіпкерлік, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бөлмдерінің мамандары жекеменшік балабақшалар ашуға мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерді атап өтті. «Intellecity» білім беру орталығының директоры, Алматы облысы Мектепке дейінгі білім беретін жекеменшік мекемелер қауымдастығының төрайымы Маржан Ахметжанова да балабақша ашудың және оны дамытудың табысты үлгісін көрсетті. Оның аталған саладағы тәжірибесі мол, оның кеңестері мен ұсыныстары бизнес ашуға негіз болды. Осы семинардан кейін Сарқант ауданында екі МЖС жобасы дайындалып жатыр.

– Әйелдер кәсіпкерлігіндегі мәселелер мен жетістіктерді сөз еткенде, Қазақстандағы әйелдердің бүгінгі рөліне қандай баға берер едіңіз? Соңғы 20 жылда не өзгерді?

– Сіз білесіз бе, бұрын әйелдер бизнесі көзге ерсі көрінетін, түрлі таптауырын пікірлер болды. Алайда 90-жылдардың басында әйелдер отбасын асырау үшін еркектермен қатар түрлі істерді қолға алып, соның ішінде бизнес ашқандарын барлығы естерінен шығарған. Бүгінгі таңда әйелкәсіпкердің бизнесте өзіне тиеслі орны бар, тіпті таза ерлерге тән деп саналатын салаларда да әйелдер жиі ұшырасады. Сондықтан Қазақстанда әйелдер кәсіпкерігін дамыту үшін қолайлы, демократиялық атмосфера қалыптасқан, бүгінгі таңда қаржылық ресурстар теңдей қол жетімді, көптеген мәселелерде әйелдердің шешім қабылдауға қатысуға, талқылап, өз пікірін ортаға салуға мүмкіндіктер бар. Біз мұны өзіміз ұйымдастыратын шаралардан да байқаймыз. Ондай шараларға аудандардың бірінші басшылары белсенді қолдау танытады.

– Енді жеке өзіңізге тоқталсақ, сіз басқарып отырған Кеңес қоғамдық жұмыс болып саналады. Қоғамдық іспен айналысу сіз үшін қаншалықты маңызды?

– Өзгелермен біліміңді, машықтарыңды бөлісу қымбат бағаланады. Екінші жағынан, бұл жұмыс мені шабыттандырады, жаңа бастамаларға қанаттандырады. Сен өз жұмысыңның нәтижесін көргенде, біреу бизнесін бастап, табысты болса, оған жетер баға жоқ. Сондықтан қоғамдық жұмысты қатар алып жүру маған жеңіл және әрдайым барлығын жүйелендіруге тырысамын.

– Ал отбасыңыз сіздің белсенді қоғамдық-саяси өміріңізге қалай қарайды? Өз отбасыңыз жайлы айтып беріңізші?

– Мен үлкен отбасында өстім, ата-анамыз бойымызға бір-бірімізге деген достықты, махаббатты, қолдауды сіңірді. Олар ешқашан менің таңдауыма қарсы шыққан емес. Әрине, әрбір отбасында әйел-ана отбасына көбірек уатық бөлгенді қалайды, бұл біздің отбасымызға да тән. Менің отбасым түсіністікпен қарап, менің қоғамдық қызметімен қолдау көрсетуге тырысады. Сол үшін де оларға алғысым шексіз. Менің жақындарым туралы айтар болсақ, жолдасым Омар қаладағы білім беру мекемелерінің бірінде жұмыс істейді. Балаларымыз Гүлназ бен Диас Алматыда тұрады. Қызым ҚБТУ-ды тәмамдады, ал ұлым Диас 3-курс студенті.

– Соңғы сұрақ. Сіздің пікіріңізше, әйелдердің бизнесте болуы неліктен маңызды?

– Сіз білесіз бе, бизнес ерлердікі, әйелдердікі немесе жастардікі деп бөлінбейді. Алайда біз әйелдердің бизнесті құруға және оған қатысуға қақылары бар екенін үнемі айтып отырамыз. Әйел еркекке қарағанда табыстырақ болуды мақсат тұтпауы қажет. Бизнес – әйел үшін өзінің әлеуетін ашуға, қоғамға және өз отбасына көмектесуге берілген мүмкіндік. Меніңше, үйде отырғаннан, түк бітірмегеннен көрі бизнеспен айналысқан жақсырақ. Әйел – өмір бесігі, отбасының ұйытқысы. Сондықтан бизнесте де табысқа жетуімізге болады. Тек қана батылырақ болып, берілмей, алға ұмтылу қажет. Кейде бірінші ретте қолымыздан ештеңе келмесе, бірден қол үзіп, қашан көмектеседі немесе қашан көмекке келеді деп күтіп отыратын сәттеріміз де болады. Бірақ әрдайым ғажайыптар болады. Сондықтан барлығын өз қолыңа алуың керек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер