astana-view

Қарағанды бизнесі қарқынды дамып келеді

2016 жылғы 07 Қазан
10197 просмотров

Қарағанды облысы кәсіпкерлері өз бизнестерін белсенді түрде әртараптандыруды көздеп отыр

Қарағанды облысында шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Бұл жөнінде жұма күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылында облыстағы шағын және орта бизнес субъектілеріның саны бес есеге дейін артып, бүгінгі күні «86 мың субъектіні құрады». «Олар өндірген өнім көлемі 700 млрд теңгеге бағаланып отыр, бұл көрсеткіш «Арселор Миттал Теміртау» мен ««Казақмыс» корпорациясы» сынды қос алып өнеркәсіптерінің өндіріс көлемімен пара-пар», – деп атап өтті облыс әкімі орынбасары.

Рalata.kz тілшісінің өтінішімен, ШОБ саласындағы жағдайға толығымен тоқталып өткен облыстық кәсіпкерлікті қолдау басқармасының жетекшісі Татьяна Абылаева, бизнеске барынша тірек болған мемлекеттік қолдау құралдары екенін жеткізді. «Біріншіден, ол «Бизнестің жол картасы» аясында көрсетілген қолдау. Ол Қарағанды облысында үлкен сұранысқа ие және 1000-нан астам кәсіпкерге аталған бағдарлама бойынша қолдау көрсетіліп те үлгерді». Татьяна Абылаеваның айтуынша, «инвестиция 100 миллиардтан астам теңгені құраған». Бұл өз кезегінде, кәсіпкерлер санының артуына жол ашқан.

Сонымен қатар, кәсіпорындардың басым көпшілігі өз бизнесін жолға қойып, жаңа бизнес құруға ниетті.

«Бір қызығы, кәсіпкерлердің кейбірі сауданы тастап, өндіріске көшіп жатыр. Бұрынғы саудагерлер қазіргі уақытта қондырғыны өздері сатып алып, аталған өнімді өздері шығаруды қолға алуда», – деді Татьяна Абылаева. Мысалы, облыста шам, теміржолдар мен вагондарды тіркеуге арналған арнайы қолғаптар шығаратын жеке өндіріс орындары бар екен. Бұдан бөлек, Бұқар жырау ауданы Үштөбе ауылдық округінде тауар-бекіре фермасы пайдалануға берілген. Онда жабық сумен қамту негізінде жыл сайын 45 тоннаға дейін бекіре балығын алу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, қарағандылық бизнес «ЭКСПО-2017» көрмесіне қажет инфрақұрылым мен нысандар құрылысына белсенді түрде қатысуда. Әкімдіктің мәліметі бойынша, өңірдің Астанаға жақын орналасқан 23 кәсіпорны 9,1 млрд теңге көлеміндегі сомаға келісімшарт жасасқан.

Қарағандылық бизнестің экономикасынан жол сервисін дамыту да тыс қалмаған. Әсіресе, ол Астана-Теміртау күрежолының қайта жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін өзекті болмақ. Татьяна Абылаеваның мәліметінше, жол бойына орналасатын нысандар А, Б, С санатты болып жіктелген екен. Қазіргі таңда жаңа жол бойы инфрақұрылымын жасауға қатысуға ниет білдірген компаниялардың өтініштері зерттеліп жатыр.  

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер