Әкімдік қаулысы заңға қайшы ма?
Кәсіпкер келісімшарттағы міндеттемелерді орындау үшін қымбат тұратын құрал-жабдық сатып алған. Алайда келісімшартты ойда жоқта екінші тараптың бұзғаны белгілі болды
Ғани Қасымовтың төрағалығымен өткен «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырысында мемлекеттік сатып алуларды өткізу кезіндегі әділетсіздік туралы мәселе қаралды.
«Geotech Corp.» ЖШС 2 жыл бойы «Астанаэнергосбыт» ЖШС коммуналдық қызметтері шоттарын басып шығару және конвертке салу қызметтерін атқарып келген. Алайда 2016 жылы «Астанаэнергосбыт» ЖШС ойда жоқта «Geotech Corp.» ЖШС-мен арадағы келісімшартты бұзған. Олар мұны коммуналдық қызметтердің шоттарын Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Астана-ЕРЦ» ЖШС-мен байланыстырған. Аталған компания бұл қызметтерге құны 60 млн теңге болатын байқау жариялайды. Алайда анықталған заңбұзушылықтарға байланысты оны Қаржылық бақылау инспекциясы алып тастаған. Бұдан кейін тағы 4 байқау ұйымдастырылған. Бірақ, олар да болмаған. Бұл тұста, «Астана-ЕРЦ» «Қазпошта» АҚ-мен заңсыз келісімшартқа отырған. Бірақ оны да Қаржылық бақылау инспекциясы 2 айдан кейін жарамсыз деп таныған. «Астана-ЕРЦ» ЖШС соңғы үш байқауды мүгедек жандар ұйымдары арасында ұйымдастырып, байқауға «Инватакси» ЖШС тәуелсіз жеткізушісін қатыстырмай қояды (аталған компания «Geotech Corp.» ЖШС-ның шоттарын басып шығаруға арналған жабдықты жалға алған). «Geotech Corp.» ЖШС басшылығының айтуынша, «Астана-ЕРЦ» ЖШС тек қана «Қазпошта» АҚ-мен жұмыс жасағысы келеді екен. Сонымен бірге, арыз жазушы тараптың сөзіне сенсек, оның және сатып алулардың өзге де қатысушыларының ұсыныстары «Қазпошта» АҚ қызметтері құнынан әлдеқайда арзан. Бұған қарамастан тапсырыс берушінің «Қазпоштаға» бүйрегі бұруы тексеруші мемлекеттік органдардың күмәнін тудырып отыр.
«Geotech Corp.» ЖШС осы байқауға қатысу үшін арнайы қымбат тұратын жабдық сатып алғанын атап айту керек. Ал нарықтан бұлай ығыстырылғаннан кейін, ол банкрот болып қалуы мүмкін екен.
«Иә, «Geotech Corp.» ЖШС-да «Астанаэнергосбытпен» арадағы бесжылдық келісімшартты ескере отырып, шетелден өте қымбат бағаға сатып алған жабдық бар. Келісімшарт шын мәнінде жасалған, яғни, кәсіпкерлік тәуекелдер қарастырылған», – деді Кеңес отырысында сөз сөйлеген ҰКП Кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко.
Келісімшарт талаптарына сәйкес, қарым-қатынас бір жақтың шешімімен күшін жоя алмайтыны анық. Ал оны бұзған жағдайда «Geotech» 180 күн бұрын хабардар болуы керек. Ал бұл орындалмаған.
«Geotech Corp.» бас директоры Марат Бөлекбаев «Атамекенге» сұхбат алаңын ұсынып, пікір айтуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты. «Біз Ұлттық палатаға аталған мәселені әділ түрде шешетін соңғы инстанция ретінде жүгініп отырмыз. (…) Соңғы 9 айда «Geotech Corp.» ЖШС 20-дан астам мемлекеттік органдарға үндеу жіберді. Оның ішінде, Бас прокуратура, Қаржы министрлігі, Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро, Мемлекеттік істер жөніндегі министрлік, Республикалық бюджеттің орындалуын бақылайтын есеп комитеті, Ұлттық экономика министрлігі және т.б. бар. Бұл ретте, біз «Мемлекеттік сатып алулар туралы» ҚР Заңының бірнеше рет бұзылу мәселесін көтердік», – деді ол.
М.Бөлекбаевтың айтуынша, Астана қаласы Қаржылық бақылау инспекциясы таза бәсекеге түсу және мүдделі жеткізушілерге тең мүмкіндіктер жасауды қамтамасыз ету бойынша, мемлекеттік сатып алуларды реттеудің құқықтық қағидаттарының бұзылуын растаған екен. Бұдан бөлек, байқауды өткізу кезінде «Қазпошта» АҚ байқау жұмыстарын жүргізуге қажет жабдықтың иесі емес екендігі, жабдықтың иесі «Электронпост» ЖШС екендігі туралы деректі растаған. Ескере кетер жайт, «Электронпост» ЖШС бұл кезде өз жұмысын тоқтатқан еді.
Істің ақ-қарасына көз жеткізу үшін, отырысқа қарсы тарап өкілдері де шақырылды. Кеңесте олардың да пікірі тыңдалды.
«Астана ЕРЦ» мемлекеттік мекеме болып табылады. Бұл тұста, «Geotech Corp.» байқауда жеңілгенін мойындау керек. Ал, қазіргі экономикалық жағдайда біз қалай болса да кіріс кіргізуіміз қажет. Ал, «Geotech Corp.» мұндайға барғысы жоқ, ол барлық табысты, тіпті, квитанцияны басып шығарудан бастап бәрін өзіне алғысы келеді», – деп атап өтті «Астанаэнергосервис» өкілі Марлен Жакежанов.
«Астанаэнергосбыт» ЖШС директорының орынбасары Евгений Пизиков «Geotech Corp.»-пен келісімшарт 2018 жылға дейін жасалғанын және қандай да бір ескертусіз жойылғанын жеткізді. «2015 жылы Астана қаласы әкімінің шешімімен коммуналды қызмет көрсету ережелері бекітілген болатын. Онда ЕРЦ, ЕПД мекемелерінің нарықтағы қызметі мен Астана қаласы коммуналды қызметтермен өзара байланысы нақты көрсетілген. Бұл ережелерді біз әкімдікте жарты жыл бойы талқыладық, осылайша, 2016 жылы «Geotech Corp.» кәсіпорнын келісімшартты бұзу туралы ескерту жасадық», – деді ол.
«Бұл 180 күн бұрын жасалды ма?» – деп сауал қойды Ғани Қасымов.
«Жоқ. Оны мойындауымыз керек, келісімшарттың бұл пунктін орындамадық», – деді Е.Пизиков.
«Біз қолданыстағы ережелерге сәйкес, «Астана ЕРЦ» компаниясымен бірге мәліметтер базасын біріктірдік. Осылайша, қазір Астана қаласы тұтынушыларының түбіртектері мен шоттарын басып шығаруға қажет барлық мәліметтер, оның ішінде, «Астанаэнергосбыт» көрсететін қызметтер де бар, барлығын ЕРЦ жүзеге асырады», – деп атап өтті ол.
Мәселеге ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов құқықтық баға берді. «Мұнда екі мәселе бар. Біріншісі – бұл нормативті құқықтық актіні бекіту туралы болып отыр. Бұл ретте, мәселенің ресми тарапына мән беру керек. Себебі ол кәсіпкерлік ортаға үнемі ықпал ету болып отыр ғой. Екінші мәселе, «Yellow pages»-ке қатысты, өйткені ол бәсекеге қабілетті нарыққа енген. Біздің ойымызша, мұндайда ЖШС-ның не үшін құрылғандығына мән берілу керек. Мұнда бәсеке бар, тіпті, ол кірісі бар нарық болса да. Сіздер ақша табу үшін құрылған жоқсыздар», – деді ол.
Ал, жапа шеккен кәсіпкер Марат Бөлекбаев орын алған жағдай «Geotech Corp.» компаниясына ғана әсер етіп қоймай, жалпы коммуналдық төлемдерге де ықпал еткеніне тоқталды. «Біздің келісімшарт 2018 жылға дейін хабарлама шоттарын басып шығу шығындарын біртіндеп азайтуды көздейді. Барлық коммуналдық төлемдерді «Астанаэнергосбыт» кассаларында комиссиясыз төлеуге болатын еді. Ал ЕРЦ қазіргі таңда, мұның барлығын екінші дәрежелі банктер арқылы іске асырып отыр. Осылайша, тұрғындардың құқығын шектеп отыр. Олар төлеу құқығынан айырылуда. ЕРЦ әкімдіктің қаулысын алға тартады, ал ол өз кезегінде, Кәсіпкерлік кодекске қарама-қайшы келеді. Нәтижесінде, тұрғындар банк қызметі үшін артық төлем төлеуге мәжбүр болып отыр. Бұл әрине, қорытынды сомаға әсер етеді», – деді ол.
Ғани Қасымов, Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы ретінде талқылауды қорытындылады. «Мәселе өзекті. Ережелер аяқ астынан өзгерсе, әрине бұны ешкім ұната бермейді. Алайда заң бар. Заң негізінде, қандай да бір үкім шығарылады, бірақ олар заңға қарама-қайшы келмеуі керек», – деп атап өтті ол.
«Біз барлық тараптарды тыңдадық. Мәселені Ішкі аудит комиссиясымен бірге қарау қажет. Бас прокуратура алдында байқау өтініштерін қабылдаудан бас тартудың заңдылығын тексеруді қолға алу туралы мәселені көтеру керек. Астана қаласы әкімдігі және Табиғи монополиялар мен бәсекені қорғау комитетіне «Астана ЕРЦ» ЖШС кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің қатысуын шектеу бойынша заң талаптарына сәйкестігіне тексеріс жүргізу қажет. Оның қаншалықты құқықтық мәселелерге сай екендігіне көз жеткізейік. Біз бұл мәселені келесі отырысқа қалдырайық. Оған дейін біздің қолымызда сот шешімі болады және біз осылайша мәселеге «нүкте» қоямыз», – деп қорытындылады Ғани Қасымов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер:
Тоимбеков А.К.