astana-view

Тексерістер картасы іске қосылады

2016 жылғы 07 Қазан
8246 просмотров

Бас прокуратура тарапынан бизнеске қысымды азайту жолында арнайы ақпараттық жүйе аясында Тексерістер картасы жыл аяғында іске қосылады. Қазір ол тестілік тәртіпте жұмыс істеп тұр.

Кешегі Бас прокуратурада «Бизнесті қорғау жөніндегі Жол картасының жүзеге асырылу барысы туралы» тақырыбында өткен алқа отырысының жедел нәтижесі ретінде, міне, бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Тексерістер субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» (ТСОБТ) автоматтандырылған электрондық жүйесі таныстырылды.

«Нақты біздің Комитет қызметкерлері материалдарды дайындауға белсенді атсалысты. Себебі, бизнесті заңсыз тексерістерден қорғауға тікелей мүдделіміз. Мәселен, 2010 жылы кәсіпкерлік субъектілерін 349000 тексеру өткізілсе, өткен жылда 56 мыңнан астам тексеріс қолға алынды, яғни сіздермен бірлескен жүйелі қадамдардың арқасында оң көрсеткіштерге қол жеткіздік. Қазіргі уақытта «ТСОБТ» аталатын жаңа жүйені іске қосқымыз келеді. Сонда шенеуніктер қалаған кәсіпкерін әуреге салмай, бағдарлама өзі кімді тексеру абзал болатынына жөн сілтейді. Барлығы Кәсіпкерлік кодекстен, Тәуекелдерді бағалау қағидаттарынан ауытқымауы керек. Кәсіпкерлер тірлігіне жөнсіз килігуге тыйым салмақпыз», - деді кіріспе сөзінде ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Нұрлыбай.  

Жалпы, бұл істің тарихына тоқталсақ, 2015 жылы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті мемлекеттік органдарды тексеруді үйлестіруші басты мекеме болып анықталғаны белгілі. Осыған байланысты, бақылау-қадағалау функцияларын ретке келтіру үшін ортақ тетік қарастырылуда. Бұл мақсат үшін жоғарыда аталған «Тексерістер субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» жүйесі дүниеге келген. Онда тексеріс субъектілері мен объектілері жайлы орналасқан жері, заңдық дәрежесі, санаты, тобы, тәуекел деңгейі сынды деректер көрсетілмек.

Осы орайда алғаш рет жүйеде әр қадағалаумен және бақылаумен айналысатын мекемеге қызметкерлер мен тексерістер саны, жүктемесі туралы тиісті құжат толтырылмақ. Сонда қажетті мағлұматтар автоматтық тұрғыда таразыланбақ.

«Тексерістер картасы» ұғымын енгізу арқылы бірегей жобада қарапайым азамат – «Тұтынушы» кейпіндегі «Қоғамдық бақылау» пайда болады деп күтілуде. Сәйкес әдіс кәсіпкерді қауіпті санатқа жатқызу немесе ісіне адал бизнесмендер қатарына қосу бағытында айқындаушы рөлді иеленбек.

Прокуратура өкілдерінің түсіндіруінше, экономикалық өсім мәселесінде қалай жарнаманың маңызы зор болса, Тексерістер картасы солай кәсіпкердің клиенті алдындағы абырой-беделін, рейтингін белгілемек. Онлайн тәртіпте тексеріс нысанына соңғы тексеріс қорытындысында жинаған ұпай көлемі ұсынылады деп жоспарлануда. Өз кезегінде, субъект, бұл ұйғарыммен келіседі яки шағымдана алады. Осылайша бақылау-қадағалау органдарының тексерісті таңдап жүргізуіне шектеу қойылып, тұтынушылардың кәсіпкерге сенімі нығаймақ. Сондай-ақ, ашық әрі әділ бәсекелестік күшейіп, бизнес саласына әкімшілік қысым азаятыны болжануда. Негізгі көзделгені де сол, бизнес қызметіне заңсыз араласудан қорғалып, мемлекеттік мекемелер үшін тексеріс тауқыметі жеңілдеп, толық деректер қоры кәдеге жарамақ. Шара барысында, бұдан тыс, үкіметтік ведомстволар басшыларына қарамағындағылардың жұмыс сапасы мен тиімділігін, барлық тексеріс кезеңін зерделеп отыру мүмкіндігі туындайтыны мәлімделді.

Тексерістер картасында заң бұзғандар, олқылыққа жол бергендер қызыл, жасыл, сары тәрізді саналуан түстермен белгіленбек. Мәжіліске жиналған кәсіпкерлер жаңашылдыққа байланысты өз ескертулерін жасап, клиенттерді үркітіп алмау үшін кемшілік түзетілсе, қауіптілік деңгейін шұғыл өзгертіп отыру керектігін нұсқады.

Жиынды жүргізген «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов жүйені пайдалануда әдістемелік жеке талқылау ұйымдастыру дұрыстығын айтты.

«Тексерістер картасы бизнесті жүргізуге жеңілдік жасап, әкімшілік кедергілерді қысқартуда тамаша өнім болады деп есептеймін», - деді Рустам Жүрсінов.

Сонымен қатар, тексерістерді субъектілерге емес, объектілерге тіркеуді қамтамасыз ететін қағидат та бизнестің дамуын кедергіге ұшыратуда екені ортаға салынды. Салдарында кәсіпкерлік сала субъектілерін қаптаған тексеріс деректері мазалауда. Мысалға, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ға қатысты өнеркәсіптік, өрт, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер өкілдері тек  ағымдағы жылдың бірінші жартысында 17 рет тексеріс өткізіп, жыл аяғына дейін тағы 43 тексеріс жүргізу жоспарлануда екен.

«Бұл түйткілді тарқатуда Құқықтық статистика мен арнайы есепке алу комитетінің рөлі зор», - деп қайталады алқа отырысындағы ойын ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов. «Атамекен» тексерістерді субъектілер бойынша тіркеуді, содан соң Комитеттің бір кәсіпкерге қатысты барлық мемлекеттік органдардың қатарласа жүргізетін тексерістер кестесін жасауын сұрауда.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер