astana-view

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай...

2016 жылғы 10 Қазан
- Атырау облысы
12167 просмотров

Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған форум өткізеді

Онда кәсіпкерлікпен қоса, түрлі салаға айтарлықтай үлес қосқан 25 әйел марапатталады. Бұл туралы облыстағы Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің кезекті отырысында мәлім болды. Бұл жиынның ерекшелігі күнтәртібіне қойылған мәселелер шай үстінде талқыланды.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған форумды кең ауқымда өткізу жоспарлануда. Оған 300-дей адам қатысады деп күтілуде. Салтанатты бөлімнен кейін қатысушылар түрлі тақырыптарда дәрістер тыңдай алады. Оған қоса облыстағы кәсіпкер әйелдердің шығарған өнімдерінен көрме ұйымдастырылады.

Жиынға қатысушылар «Тәлімгерлік» жобасын да талқылады. Жетім балалар мен ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға көмек беруді мақсат тұтатын жобаға ұйытқы болған да Іскер әйелдер кеңесі.

«Жоба аясында Іскер әйелдер кеңесі мүшелері арасынан бизнесі жолға қойылып, тұрақты дамып жатқан кәсіпкер әйелдерге балалар үйінен бір немесе бірнеше баланы қамқорлыққа алу ұсынылуда. Алайда жобаның мақсаты оларға материалдық көмек көрсету ғана емес, баланы әлеуметтік қолдауда. Яғни сіз баламен уақыт өткізуіңіз керек, отбасыңызға алып баруға, өзіңіздің бизнесіңізбен таныстыруыңызға, оның кәсіби бағдар алуына қатысуыңызға болады», – деді Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Нина Темірбаева.

Айта кетерлігі, қатысушылар арасынан бірден бірнеше әйел жобаға қатысуға тілек білдірді. Сондықтан мәселені жан-жақты талқылау үшін жақын арада жергілікті балалар үйлерінің басшыларымен кездесу өткізу туралы шешім қабылданды. Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әлия Бекқожиева екі баланы қамқорлығына алып үлгерген, оларға бірнеше жылдан бері тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді.

Одан соң қатысушылар келешекке арналған жұмыс жоспарын айқындады. Жиынды «Өнерпаз» ЖШС трикотаж киімдерінің жаңа топтамасы көрсетілімі тәмамдады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер