astana-view

Женеваның экономика министрі: Швейцария келешегіне сенімді елдерді таңдайды

2016 жылғы 17 Қазан
10057 просмотров

Қазақстанға Женева кантонының экономика және қауіпсіздік министрі Пьер Модэ бастаған бизнес-делегация келді

Қонақтар «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында  қазақстандық бизнесмендермен кездесіп, әріптестік мәселесін талқылады. B2B кездесуі алдында делегация басшысы Қазақстанға келгендегі мақсатымен бөлісіп, кәсіпкерлерге Швейцарияның бизнес-климаты жайлы айтып берді.

– Министр мырза, бізге сұхбат беру үшін уақытыңызды бөлгеніңізге рахмет. Бірінші сұрақ: Қазақстанға нендей мақсатпен келдіңіздер?

– Швейцариялықтарда келешегіне сенетін елдерге барып, қарым-қатынасты жақсарту мәдениеті қалыптасқан. Бұл жаққа сондықтан келдік. Мен Швейцарияның бизнес-қауымдастығының 40-тай өкілінен тұратын делегацияны бастап келдім, олар сіздердің елдеріңізбен қарым-қатынасты дамытқылары келеді. Біз үшін де дәл осы жаққа, дәл осы кезде, яғни  «ЭКСПО-2017» дүниежүзілік көрмесінің ашылуына аз уақыт қалғанда келу өте маңызды болды, Қазақстанның хал-ахуалын өз көзімізбен көргіміз келді.

– Сіз «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы жүздесулерден не күтесіз?

– Біз экономиканың либералдық үлгісі бойынша жұмыс істейміз. Яғни мемлекеттің өзіндік рөлі бар, алайда біз үшін бастысы – іскер адамдардың өзара тікелей қарым-қатынас орната алуы, сондықтан біз осы делегациямен бірге келдік. Кәсіпкерлер арасында тікелей байланыстарды қандай бағытта жолға қоюға болатындығын көрсету үшін, Ұлттық кәсіпкерлер палатасында жергілікті бизнесмендермен кездескіміз келеді. Ал мемлекеттің рөлі екінші орынға ығысуы керек. Біз оларға Швейцарияда қандай қаржылық, фискалды, салық жағдайлары жасалғанын айтып береміз, іскер адамдарды мазалап жүрген басқа сұрақтарға да жауап беріледі. Сондықтан Кәсіпкерлер палатасында болу біз үшін өте маңызды.

– Сіздердің делегацияларыңыздың құрамында бизнестің түрлі саласынан кәсіпкерлер бар. Қазақстанмен қарым-қатынастарды қандай бағыттарда орнатуды жоспарлаудасыздар? Қос елдің әріптестігі үшін қандай басымдықты көріп отырсыз?

– Делегациямызды жасақтау барысында Еуропадағы Қазақстанның имиджі шындыққа сай келмейтіндігін негізге алдық. Ресейдің маңында орналасқан бұрынғы кеңестік республика – Қазақстан туралы бар білетініміз осы ғана. Біз бұл көзқарасты өзгерткіміз келеді, өйткені Ресей мен Қытайдың, белгілі бір деңгейде Үндістанның аралығында орналасқан географиялық жағдайына сүйенсек, Қазақстанда бүкіл орталықазиялық өңірдің қуаты бар, делегациямыздың құрамы туралы ойластырғанда, осы сапарға қаржы секторының өкілдерін тартуды жөн санадық. Өйткені Астана өңірлік қаржы алаңына айналғысы келетінін білеміз. Женеваның да, Швейцарияның да жалпы алғанда, банктік, қаржылық секторда үлкен тәжірибелері бар. Өзіміз үшін түйген екінші нәрсе, біз трейдингті – түрлі шикізат ресурстарын саудалау саласындағы қарым-қатынасты жолға қоя аламыз. Женева ол жағынан да танымал. Сондықтан Қазақстанның қаржылық алаң атануға және трейдинг жүргізуге деген тілегін ескеріп, делегацияны осы бағыт бойынша жасақтадық.

– Швейцарияда бизнес ашу қаншалықты оңай? Сіздердің елдеріңізде кәсіпкерлікпен айналысуда салықтық режим қаншалықты қолайлы?

– Менің ойымша, Швейцарияда жаңа бизнес ашу жеңіл. Алайда біз қазір маңызы зор салық реформасын әзірлеудеміз, сол бойынша екі жылдан соң компанияларға салынатын кейбір салықтар біраз төмендейді. Екінші назар аударарлық мәселе – жұмысқа рұқсат беруге қатысты жағдай. Кейбір талаптарды сақтаған жағдайда, біз Швейцарияда жұмыс істеуге, тіпті сол жақта тұруға құқық бере аламыз.

– Швейцарияда бизнесті қолдау қалай жүзеге асып жатыр? Кәсіпкерлер өздерінің құқықтарын қорғау үшін және жаңа бизнес ашу үшін қайда көмек сұрап барады?

– Бизнесті қолдау мен қорғау бізде екі бағыт бойынша жүргізіледі: шетелдік кәсіпкерлерді тартумен айналысатын мемлекеттік ұйым бар, сонымен қатар сауда палаталары да жұмыс істейді. Осы екі құрылым консалтинг және т.б. қызмет түрлерін іске асырады.

– Швейцарияда бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама бар ма? Мемлекет қандай компанияларға жеңілдік жасайды?

– Бізде жаңа компанияларды тартатындай мемлекеттік бағдарлама жоқ. Бірақ компаниялар Швейцарияда жұмыс істей бастаса, ол 10 жылға дейін салықтан босатылады. Бұл шетелдік компанияларды Швейцарияға тартатын ынталандырушы фактор. Оған қоса, бұл жеңілдік шағын компанияларға да, ірі компанияларға да беріледі. Мұндай жағдайға қол жеткізу үшін, белгілі бір талаптарға сай келу қажет: компания ел экономикасына айтарлықтай үлес қосуы қажет немесе кейбір инновациялық қызмет түрлерімен айналысуы тиіс. Бұл жаңа шетелдік компанияларды тартуда өте маңызды құрал саналады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер