astana-view

Кооперацияның тағы бір түрі пайда болады

2016 жылғы 17 Қазан
8581 просмотров

Қазақстандық кәсіпкерлер сүт қабылдау бекеттерінен гөрі, мал бордақылайтын алаңдарды көбірек ашқысы келеді

Аталған салаларда өндірісті іске қосу үшін берілген өтінімдер айырмашылығы елеулі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының шеңберінде және Қаржылай қолдау қорының қаражаты есебінен сүт қабылдау бекеттерін құруға жалпы сомасы 66 млн теңге болатын 11 өтінім және отбасылық мал бордақылайтын алаңдар ашуға жалпы сомасы 7 млрд теңге болатын 2500 өтінім қаржыландырылды», – деп мәлімдеді бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айгүл Мұхамадиева.

Бұдан бөлек, қазір Қазақстанда жеміс-көкөніс шаруашылығы кооперативтерін құруға несие бөлінгелі жатыр. Айгүл Мұхамадиева құрылып жатқан кооперативтер жұмыс аясын тарылтпай, қызметтің басқа түрлерімен де айналысатынын атап өтті. Мәселен, тері және жүн дайындаумен, жеміс-көкөніс өнімдерін дайындаумен, ара, үй құстарын, балық өсірумен және т.б. шұғылдануы ықтимал. Сонымен қатар ұлттық холдингтегі мамандардың пікірінше, «аумақтық кооперативтер құру кезінде әр өңірдің ерекшелігі ескеріледі».

«ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары «Кооперациялық қозғалысты дамытуға деген белсенді талпыныстар өзінің тұрақты өткізу нарығы бар, алайда түрлі себептерге байланысты, мәселен, кооперативтік орталықтан жағрафиялық жағынан қашықта орналасуы яки жай ғана көрші-бәсекелестерімен бірігуге қызығушылық танытпайтын фермерлердің мүдделеріне қайшы келмей ме?» деген мағынадағы Palata.kz тілшісінің сауалына жауап берді. «Кооперация ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің бәсекеге қабелеттілігін арттыруға бағытталған. Егер фермер өз өнімін өзі өткізе алатын болса, кооперативке бірікпей-ақ қойса болады. Алайда, сонымен қатар ол өзінің өткізу нарығын кеңейтіп, өндірілетін өнімдерінің көлемін арттырғысы келсе, сатудан түсетін пайданы көбейткісі келсе, соның ішінде көлем есебінен өнімнің өзіндік құнын арзандатып, бағаны көтергісі келсе, онда кооперация оған өте жақсы мүмкіндік болмақ», – деп есептейді Айгүл Мұхамадиева.

Сүт өткізу бекеттерін құру Қазақстандағы сүт өнімдері өндірісін арттыруға сеп бола ма? Бұл қадам қазақстандық дүкендердің сөрелерін толтырып тұрған импорттық сүт өнімдерінің орнын басуды қамтамасыз ете алады ма? «ҚазАгро» мамандарының пікірінше, отандық кәсіпорындардың жүктемесін өсіру уақыттың еншісінде. «Біз қазір кәсіпорындардың тек сүт өндірмей, басқа да сүт өнімдерін өндіріп жатқандығын байқап отырмыз. Бұл дегеніміз, бізде ірімшік пен майдың импорты көп болғанымен, қайта өңдейтін кәсіпорындарда шикізаттың көлемі айтарлықтай мол болса, олар бұл өнімдерді де молынан өндіріп,  импорт көлемінің азаюына ықпал етеді», – деді Айгүл Мұхамадиева.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер