astana-view

Талдықорғанда Бухгалтерлер клубының алғашқы отырысы өтті

2016 жылғы 20 Қазан
- Жетісу облысы
5899 просмотров

Палата алаңында 30-ға  жуық бухгалтер бас қосты

Бірлестік қызметі кәсіпкерлік субъектілеріндегі бухгалтерлік және салық мәдениетін, қала және аудан бухгалтерлерінің тәжірибесі мен біліктілігін арттыруға, оларға бухгалтерлік және салық заңының маңызды әрі өзекті мәселелерін түсіндіруге бағытталған.

«Біз бухгалтерлерлердің біліктілігін салық заңының өзекті мәселелерін түсіндіру арқылы арттырғымыз келеді. Бухгалтер жұмысы – өте ауыр әрі қиын болып келеді. Сондықтан, клуб қатысушылары мен сарапшылары компания қызметінің тиімді жүруіне ықпал ететін болады. Сондай-ақ, мамандар алдағы уақытта қаржылық есеп және салық салуға, бухгалтерлік есеп, аудитті реттеуге бағытталған заң жобалары мен өзге де нормативтік актілерге ұсыныстар енгізуге, оларды жасауға қатыса алады», – деді Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер бойынша орынбасары Әсет Шаяхметов.

Палатаның мәжіліс залы клуб отырысына қатысушыларға лық толды. Бірінші кездесуге Талдықорған, Қапшағай және басқа да жақын аудандардан 30-ға жуық маман жиналды. Бухгалтерлер бизнестің барлық салаларынан қатысты. Сонымен бірге, Facebook әлеуметтік желісіндегі Кәсіпкерлер палатасының парақшасындағы онлайн-трансляция арқылы облыстың 10 ауданының мамандары қатысуға мүмкіндік алды. Клуб отырысында электронды шот-фактура енгізу, жұмыспен қамту бойынша есеп беру, салық төлеу міндеттеріндегі өзгерістерге қатысты мәселелер талқыланды.

Клуб модераторы, жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Анар Қалыбаева қатысушыларға заңдағы соңғы өзгерістер туралы баяндап берді. Оның айтуынша, саудамен айналысатын тұлғаларға патентті қолдануға тыйым салатын жаңа норма пайда болған. Шектеу 2017 жылдан бастап өз күшіне енбек. Сондықтан, патент бойынша саудамен айналысып келе жатқан барлық кәсіпкерлерге, жыл соңына дейін мемлекеттік кірістер жөніндегі аумақтық органға, қолданып келе жатқан салық режимі туралы ақпарат беретін хабарлама өткізу қажет. Онда жеңілдетілген декларация немесе жалпы тәртіп көрсетілуі керек. Егер салық салу режимі көрсетілмеген жағдайда немесе мұндай хабарлама ұсынылмағанда, мемлекеттік кіріс органдары 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпкерді автоматты түрде жалпы бекітілген тәртіпке ауыстыруға құқылы болмақ. Сондай-ақ, сарапшы мүлік пен кірістерді декларациялауды өткізу мерзімі өзгергенін хабарлады. Енді мемлекеттік қызметкерлер, соттар, ұлттық компаниялар қызметкерлері, сонымен қатар, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері жеке тұлғалармен бірге кірістер туралы декларацияны 2020 жылдан бастап өткізетін болады. Бұдан бөлек, Қалабаева ҚҚС бойынша тіркеу есебін қою үшін, төменгі шектік мәннің біртіндеп төмендетілгеніне тоқталды. Осылайша Экономика министрлігі ҚР ҚҚС бойынша есепке алу мақсатында қолданыстағы төменгі шектік мәнді сақтау туралы ұсыныс жасаған. Бұл ретте, оған  2017 жыл да еніп, одан әрі кезең-кезеңмен төмендету қарастырыған:

  • 2018 ж. – 25 000 АЕК (53,0 млн теңге)
  • 2019 ж. – 20 000 АЕК (42,4 млн теңге)
  • 2020 ж. – 15 000 АЕК (31,8 млн теңге)

Сонымен бірге, ҚҚС бойынша тіркеу есебіне ерікті түрде қою үшін Салық кодексіндегі норманы қайта бекіту ұсынысы қаралып жатыр.

Шақырылған спиркерлер арасында Алматы облысы Мемлекеттік кірістер департаменті қарызбен жұмыс жасау басқармасының жетекшісі Жанар Нығматуллина да болды. Ол өз кезегінде, мамандарға салық төлеу бойынша салық төлеу міндеттерін орындау мерзімінің, бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдер мен (немесе) өсімдердің өзгертілгенін жеткізді.  «Биылғы жылдың басынан бастап Мемлекеттік кірістер департаменті Салық кодексінің 48-бабына енгізілген өзгертуге сәйкес, республикалық бюджетке түсетін, салық және (немесе) өсім төлеуді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады. Ал, толық көлемде жергілікті бюджетке түсетін салық және өсімді төлеу туралы шешімді мемлекеттік кірістер басқармасы қабылдайтын болады. Салық және өсімақыны кейінге шегеру банк кепілімен, салық төлеушінің немесе үшінші тұлғаның мүлкін кепілге қоюмен ұсынылмақ. Салық төлеуші салық төлеу, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің мерзіміне келісім берген жағдайда, салық төлеушінің өтінішімен, мерзім алпыс жұмыс күніне дейін ұзартылатын болады», – деді ол. Сонымен қатар, сарапшы банк кепілі және мүлік кепіліне қажет құжаттарды ұсыну тәртібіне де тоқталып өтті.

Алматы облысы Мемлекеттік кірістер департаменті Кедендік одақ және үшінші елдер импортын басқару бөлімінің бас инспекторы Станислав Син бухгалтерлер үшін маңызды болып саналатын – электронды шот-фактура (ЭШФ) енгізу мәселесіне тоқталды. Слайдтарда маман ЭШФ жұмыс жасау реті мен тәртібін түсіндірді.

«ЭШФ түрінде айналымды жасау күні көрсетіледі. Міндетті түрде толтырылатын бөлімдерге, А «ЭШФ туралы жалпы ақпарат», В «Жеткізуші реквизиттері», С «Сатып алушы реквизиттері», G «тауар, жұмыс, қызмет бойынша мәліметтер» және ЭШФ алушы мемлекеттік мекеме болса F бөлімдері жатады. Құжат айналымының онлайн режимге өтуі жеткізуші мен алушы арасында тез ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. 7 күнді құрайтын қағаз түріндегі шот-фактураларды беру уақытымен салыстырғанда, ЭШФ беру мерзімі 15 күнге дейін ұзартылады. Сондай-ақ, қағаз және басып шығару құралдарына кететін шығынды үнемдеуге жол ашады», – деді С.Син.

Департамент маманының ақпаратына сай, шот-фактураларды электронды түрде беру 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, алу тізіміндегі тауарларды сатудағы өкілетті экономикалық операторлар жұмысына енгізілген екен. Ал, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап кедендік өкіл, кедендік тасымалдаушылар, уақытша сақтау қоймалары мен кедендік қойма  иелері қызметіне де енгізілген. Алайда, ҚҚС есебінде тұрған, барлық салық төлеушілердің ЭШФ өту уақыты әлі де белгісіз.  Сол себепті бухгалтерлерде ЭШФ өту кезеңіне даярлық, санкциялар мен аталған мәселенің салдарына  қатысты сауалдар туындады. Бұдан бөлек мамандар құжатты толтыру, жөнелту және оны енгізудегі интернет-сервердің әлсіздігін, ол өз кезегінде, уақыттың созылуына алып келетінін алға тартты.

Талдықорған қаласы Жұмыспен қамту орталығының жұмыспен қамтамасыз ету бөлімінің маманы Мұрат Бейіспаев жұмыспен қамту бойынша есеп берудегі кей жайттарға тоқталып өтті. Талдықорған қаласы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы маманы Нұржаман Мәзімбаева қатысушыларды Орталықтың тегін қызметтерімен таныстырды. 

Екі сағаттық кездесу соңында бухгалтерлер Клубтың алғашқы отырысы туралы өз пікірлерімен бөлісті.

«Мен бухгалтерлердің кездесуінде бірінші рет қатысып отырмын және  кездесуге оң баға беремін. Мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының сөзі көңілден шықты. Оның ішінде Станислав Синді атап өтсек болады. Себебі, біз оған көптеген сауал қойдық. Өйткені, электронды шот-фактура мәселесі өте өзекті болып отыр. Оны көбі түсініп, біле бермейтіні анық. Отырысқа бәрі белсенді түрде қатысып, біздің саланың түйткілді мәселелерін көтерумен болды. Енді тағатсыздана келесі кездесуді күтетін боламыз», – деді Қапшағай қаласындағы «Абақ» ЖК бас есепшісі Гүлжан Ысқанова.

Естеріңізге сала кетейік, Бухгалтерлер клубының кездесулері айына бір рет Кәсіпкерлер палатасында өтетін болады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер