astana-view

Бизнесвумен мүддесі сотта қорғалады

2016 жылғы 21 Қазан
- Павлодар облысы
8168 просмотров

Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы өз ісін жаңа бастаған кәсіпкер Ризагүл Тұрсынованың мүддесін сотта қорғайтын болады

Бизнесвумен Өңірлік палатаға түйткілді мәселені шешуге көмектесуді сұрап жүгінді.

Осыдан бір жыл бұрын Ризагүл Тұрсынова Павлодарда екі және бес жас арасындағы бүлдіршіндерге арнап балабақша ашқан. 20 жылдық еңбек өтілі бар педагог-психолог екі жастағы балаларды бөбек тобында орналастыру мәселесінен хабардар еді.

Алдымен кәсіпкер уәкілетті органнан дәйектеме алып, 50 бүлдіршінге арналған топ ашқан. Біраз уақыттан кейін балабақшадағы бөбектер саны артып, жеткіншіктердің саны 150-ге дейін жетеді. Сол себепті, енді жаңа санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қорытындысы қажет болады. 

Бөбек бақшасын кеңейту мақсатында қорытынды алу үшін, Ризагүл Тұрсынова барлық тапсырмаларды орындаған. Алайда, балабақшаны кеңейтуге кәсіпкерге әлі де рұқсат берілмеген. Оған себеп, балабақша аумағында бүлдіршіндердің таза ауада серуендеуіне қажет екі орын бар екен.   Санитарлық дәрігерлер 1 тамызға дейін тағы екі орын қосымша орнатылсын деген талап қойған. Аталған талапты, бүгінде уақыттың тым аздығына байланысты орындау мүмкін емес болып тұр. Себебі, әр орынға миллион теңгеден артық қаражат керек. Осылайша, кәсіпкер рұқсат алудың орнына СЭС талаптарын орындамағаны үшін, сотқа шақыру қағазын алған.

Палата сарапшылары Ризагүл Тұрсыноваға қатысты істі назарда ұстауда. Мәселені жан-жақты қарап, оған әділ баға беру үшін, Палата барлық мүдделі тараптардың қатысуымен кездесу ұйымдастырды. Оған білім беру мекемелері өкілдері де шақырылған еді. Осылайша, сындарлы сұхбаттың арқасында келісімге қол жеткізіліп, орын алған келеңсіз жағдайдан шығу мақсатында бірлескен жұмыстар жасалды.

Балаларға білім беру орталығының жұмысын жалғастыру үшін, тараптар тағам блогы мен арнайы медициналық кабинетке санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны алу туралы келісімге келді. Ал қосымша орындар мәселесіне келер болсақ, Ризагүл Тұрсынова олардың мерзімге сай орнатылуы туралы кепілдеме хат ұсынатын болды. Оған кәсіпкер де, бақылаушы СЭС органына келісім берді.

Кәсіпкерлер палатасы «Игілік» ЖШС иесі Ризагүл Тұрсынованы міндетті түрде рұқсат беру құжаттарын рәсімдеудің барлық сатыларында қолдайтын болады. Оның арасында кәсіпкер мүддесін сотта да қорғамақ.

Бұл мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерге орынсыз талап қоятын тек бір мысалы ғана екенін атап өткен жөн. Бұл туралы жақында ғана Бас прокуратураның кеңейтілген алқасында айтылған болатын. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда кәсіпкерлерге барлығы 28 мыңға жуық талап қойылады екен.

«Атамекен» талаптарға байланысты ревизия жұмысын қолға алды. Осылайша, 2016 жылы санитарлық-эпидемиологиялық тексеру (63 санитарлық ереже мен бап, онда кәсіпкерге қойылатын 10 мыңға жуық талап бар) және өрт қауіпсіздігі (3 мыңға жуық талап) саласының талаптары да сараланбақ.

Жалпы барлығы 17 тексеру қағазы мен 19 санитарлық ереже тексеріліп, тексеру қағаздарындағы 4562 талаптың ішінен 3663-ін немесе 80%-ын алып тастау туралы ұсыныс жасалды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер