astana-view

Әкім кәсіпкерге неге ерегіседі?

2016 жылғы 26 Қазан
- Солтүстік Қазақстан облысы
7678 просмотров

Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті атқарушы органдардың талап арыздары бойынша кәсіпкерлер жер телімдеріне деген жекеменшік құқықтарынан айырылып жатыр

Бұл туралы бизнесмендер мен Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары Ғани Қасымов төрағалық еткен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесі мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасы бірлесіп ұйымдастырған жиында айтты.

СҚО Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Асқар Махмет мәлімдегендей, осы жайтқа айқын мысал ретінде Ғабдуллина жеке кәсіпкерлігінің жер қатынастары саласындағы мәселесін келтіруге болады. 2013 жылы кәсіпкер Сергеевка қаласында сауда павильонын салу үшін жер телімін алған. Үш жылдың ішінде ол барлық қажетті құжаттарды дайындап, мақұлдатқан, сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 10 млн теңге көлемінде несиеге қол жеткізген.

«Осы жылдың маусым айында Анар Ғабдуллина  құрылысқа кедергі келтіріп тұрған ағаштарды кесуге рұқсат алу үшін Сергеевка қаласының әкімдігіне барды, бірақ рұқсат берілмеді. Сондай-ақ, Шал ақын ауданы әкімдігінің жанындағы сәулет және қала салу кеңесі отырысының үзінді көшірмесінің негізінде Сергеевка қаласының әкімі жер теліміне жекеменшік құқығын тоқтату туралы шешім қабылдап, ол әділет органдарында тіркеуге алынды, алайда, ҚР Конституциясына сәйкес, жекеменшік құқығынан сот шешімі бойынша ғана айыруы мүмкін», – деді Асқар Махмет.

Кәсіпкер, алдымен, Шал ақын ауданының прокуратурасына көмек сұрай барған, алайда олар ешқандай құқық бұзушылықты анықтамаған әрі әйелге сотқа өз бетінше жүгінуге кеңес берген. Бұдан кейін Анар Ғабдуллина аудандық прокуратураның үстінен облыстық прокуратураға шағымданған, бірақ ол ведомстводан да мардымды жауап келмеген.

Содан, кәсіпкер СҚО Кәсіпкерлер палатасына келіп, мұнда Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің СҚО бойынша департаментіне хат жіберді. Департамент жүргізген тексеріс барысында Шал ақын ауданының мемлекеттік органдары тарапынан жіберілген құқықбұзушылық анықталды.

Палата сарапшыларының көмегімен Анар Ғабдуллина сотқа Сергеевка қаласы әкімінің жекеменшік құқығын тоқтату туралы шешімін және Шал ақын ауданы Әділет басқармасының тіркеген шешімін заңсыз деп тану туралы талап арыз түсірді. Қазіргі таңда шешім қабылданған жоқ, бірақ сот отырысы барысында Сергеевка қаласы әкімінің өкілі Ғабдуллина жеке кәсіпкерлігінің жер теліміне жекеменшік құқығын тоқтату туралы шешім осы жылдың 26 тамызы күні күші жойылғандығын мәлімдеді.

Сергеевка қаласы әкімдігінің бұрынырақ қабылдаған заңсыз шешімін жою туралы шешімі әділет органдарында тіркелмегендіктен, СҚО Кәсіпкерлер палатасы 2016 жылдың 20 қыркүйегі күні СҚО Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментке Сергеевка қаласы әкімінің әрекетсіздігіне шағым түсірді. Осыдан кейін жер телімі бірден тіркеуге алынды.

Осылайша, жергілікті атқарушы орган қабылдаған шешімдерге бола кәсіпкердің жұмысы ұзақ уақыт тоқтап тұрды.

Осыған қарамастан, Сергеевка қаласының әкімі Ерлан Жақыпов Анар Ғабдуллинаның ізіне түсуін доғарар емес, оған ұялы телефонға түсірілген видеожазба дәлел бола алады. Онда Сергеевка қаласының әкімі Анар Ғабдуллинаға құрылыстан бас тарту туралы түсініксіз ескерту жасауда және аталған жер телімін алып қою туралы сотқа талап арыз түсірілгенін мәлімдеген.

Шағын кәсіпкерлік субъектісін жекеменшік құқығынан айыру үшін Сергеевка қаласының әкімі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетіне жүгінген. Нәтижесінде, Шал ақын ауданының әкімдігіне Комитеттің ұйғарымы шығарылды, соның негізінде 2016 жылдың қыркүйек айында 2013 жылы жер телімін беру кезінде заңбұзушылықтарға жол берілгендіктен, сату-сатып алу шартын заңсыз деп тану туралы (жер телімін конкурс (аукцион) өткізбестен беру) сотқа талап арыз берілді.

Айта кетерлігі, Шал ақын ауданында 2013-2015 жылдары жер телімдерін беру бойынша аукциондар өткізілмеген.

«Осылайша, қазіргі таңда атқарушы органдардың талап арыздары негізінде жергілікті атқарушы органдардың таңдауы бойынша кәсіпкерлер іріктеліп, жер телімдеріне жекеменшік құқықтарынан айырылуда. Мұндай жағдайды болдырмау үшін СҚО Кәсіпкерлер палатасы жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларына қатысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және прокуратура органдары тарапынан тексеру жүргізуге бастама көтерді. Сергеевка қаласы әкімінің әрекеттерінен ҚР «ҚР мемлекеттік қызмет істері туралы» заңының 50-бабы 1-тармағының 11-тармақшасында қарастырылған мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіптік теріс әрекеті қаралып жатыр», – деп мәлімдеді СҚО Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Асқар Махмет.

Палата сарапшыларының айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жер телімін аукцион арқылы ғана алуға болады. Оны өткізу әкімдіктің құқығында.

Статистикалық мәліметтерге жүргізілген талдау 2013-2015 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша бар-жоғы 2 аукцион ғана өткізілгенін, сол арқылы 9 жер телімі сатылғанын көрсетіп берді.

Мәселен, осы уақыт аралығында Қызылорда облысы бойынша 229 аукцион өткізіліп, 1027 жер телімі сатылған, Шығыс Қазақстан облысында 86 аукцион (532 жер телімі), Оңтүстік Қазақстан облысында 56 аукцион (828 жер телімі), Қарағанды облысында 52 аукцион (1 381 жер телімі) өткізілген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер