astana-view

Гүлденген арман

2016 жылғы 08 Қараша
- Атырау облысы
12667 просмотров

Өзіңе сену керек және өз арманыңды іске асыруға ұмтылу керек. Атырауда алғаш ашылған «Flower Lab Atyrau» гүл дүкенінің негізін салушы Гүлназ Кенжеғалиева ісін жаңадан бастаған барлық кәсіпкерлерге осындай кеңес берді

Жуырда облыс орталығында дүкеннің ашылу салтанаты өтті.

Өз арманын жүзеге асыру үшін Гүлназ Кенжеғалиеваға бес жыл керек болды. Жеке бизнесін бастау үшін алғаш рет ол Астанада оқып жүрген кезде ақша жинай бастаған. Кейін Ұлыбританияда жүргенде саудамен айналысып, барлар мен мейрамханаларда қосымша жұмыс істейді. Шетелде жүрген кезінде ол флористика мектебінде оқыды. «Флористика бойынша тәлім алып жүргенде гүлмен айналысқым келетінін, адамдарға әдемілік пен қуаныш сыйлағым келетінін түсіндім», – дейді жас кәсіпкер.

«Мен Атырауда «Flower Lab» фирмасының өкілдігін аштым. Бұл франшиза алғаш рет Мәскеуде құрылды. Қазір Ресейдің 47, Қазақстанның 6 қаласына, сонымен қатар Әзірбайжан, АҚШ, Армения және т.б елдерге ұсынып отырмыз. Бренд әлемнің 60 еліне тараған. Өз таңдауымды жасамас бұрын, осы тақырыптағы бірнеше сайтты ақтардым, нәтижесінде, осы фирманы тауып, олардың гүл шоқтары менің қиялымдағы композициямен, флористикамен үндесетінін көрдім. Қазір мен бизнесті де, шығармашылықты да біріктіріп отырған іспен айналысып жүрмін. Мен өмірде өз ісімді тапқанымды сеземін», – деді Гүлназ Кенжеғалиева.

Бүгінде дүкенде әлемнің түрлі елінен, соның ішінде Италия, Франция, Эквадор және Кениядан келген гүлдердің жоғары сапалы сұрыптары бар. Гүлдерден басқа, бұл жерде сіз үйге арналған парфюмге және «Flower Lab» ұсынған майшамдарға, Бельгиядан тікелей жеткізілетін шоколадқа, сонымен қатар түрлі тәттілерге тапсырыс бере аласыз. Композиция жасаумен және гүл шоқтарын безендірумен үш флорист маман айналысады, олардың барлығы «Flower Lab Atyrau» дүкенінің негізін салушы Гүлназ Кенжеғалиевадан дәріс алған. Дайын гүл шоқтары мен композициялар екі аптаға дейін шыдайды, ал арнайы орамада ұсынылған гүлдер үш аптаға дейін тұра береді.

Гүл дүкенін ашу кезінде кеш қонақтары үшін лоторея билеттері ойнатылды, фуршет, фотосессия ұйымдастырылып, көптеген шеберлік сыныптары өтті. Мамандар қатысушыларға гүл этикеті туралы, қандай шараға қандай гүл шоғын апару керектігі және гүлдерді күту тәсілдері туралы айтып берді.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер