astana-view

Былғары бұйымдарды таңбалау туралы

2016 жылғы 09 Қараша
8329 просмотров

11 қарашада Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Мемлекеттік кірістер комитетінің қатысуымен бейнеконференция форматында, былғары бұйымдарына таңбалау жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыру мәселелеріне арналған отырыс өтеді

Естеріңізде болса, биылғы жылдың 12 тамызында, ЕАЭО аумағында, 2015-2016 жылдары «Таза былғарыдан жасалған киім, киім жабдықтары және басқа да бұйымдар» сынды тауар түрлері бойынша, тауарларға  бақылау (идентификациялық) таңбаларын енгізуге қатысты пилоттық жобаны жүзеге асыру туралы Келісім өз күшіне енген болатын. 

Сонымен қатар, «Атамекен» ҚР ҰКП Экономикалық интеграция департаменті хабарлағандай, бүгінгі күні, бұйымдарды таңбалау ЕАЭО аумағына да, оның ішінде Қазақстанға да әлі енгізілмеген. Сондықтан  қазір елімізде жобаға қажет ақпараттық жүйе әзірленіп, ұлттық деңгейде нормативті-құқықтық актілер қабылданып жатыр.

Осыған орай, биылғы жылдың 27 қазанында, Минск қаласындағы Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында, былғары бұйымдарға қатысты Келісімнің күшіне ену мерзімін 2018 жылдың соңына дейін ұзарту туралы Хаттама мақұлданған еді.

Таңбалау жүйесін енгізудің кәсіпкерлік қызметке қаншалықты әсер ететінін ескере келе, «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында, мемлекеттік органдар, бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен кездесу өткізіледі. Басқосудың басты мақсаты – тауарларды таңбалау жобасын жүзеге асыруға қатысты мәселелерді талқылау, жобаны іске асыруға тиісті мекемелер мен өкілетті органдардың жобаны енгізуге даярлығын анықтау.

Кездесу барысында, Қазақстан Республикасында былғары бұйымдарын таңбалау туралы Келісім ережелерін қолдану, оның қолданыс мерзімін ұзарту, тауарларды таңбалаудың ақпараттық жүйесін құру, GS1 қауымдастығымен бірлесе жұмыс жасау және т.б. отандық бизнесті толғандыратын мәселелер талқыланады деп күтілуде.

Егер, кездесуге қызығушылық танытсаңыздар, былғары бұйымдарды шығарумен және оларды сатумен айналысатын бизнес өкілдерін аталған кездесуге қатысуға шақырамыз. Ол үшін, 91-93-73 байланыс нөміріне хабарласып немесе al.mukanova@palata.kz электронды поштасына өтініш жазуларыңыз қажет.

Отырыс 11 қарашада, Астана қаласы, «Зүбаржат орамы» әкімшілік ғимараты, Қонаев көш., 8, «Б» блогы, 26-қабат, «Түркістан» залында сағат 14:00-де өтеді. Келісім ережелерін түсіндіруге қатысты, басқа да қосымша ақпарат алғыларыңыз келсе, Экономикалық интеграция департаментінің  8 (7172) 91-93-73 телефон нөміріне қоңырау шалуларыңызға болады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер