astana-view

Тіс ағзаның айнасы

2016 жылғы 18 Қараша
- Алматы қаласы
6751 просмотров

Алматыда халықаралық CADEX – 2016 стоматологиялық көрмесі өтіп жатыр

Мегаполисте Орталық Азия бойынша тұңғыш рет CentralAsiaDentalExpo – 2016 стоматологиялық көрмесі ашылды. Әлемнің 20 мемлекетінен келген 100 аса өндірушілер көптеген дәрі-дәрмектер, жаңа технологиялар  әкелді, бәрін қосқанда 500 бренд көрмеге қойылды.

Көрменің ұйымдастырушысы – Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, медициналық клиниканың басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты Жеміс Айдарбекова. Бизнес-ханым мұндай деңгейдегі шараны ұйымдастыру үшін көп күш жұмсауға тура келгенін айтады. Ол дистрибьюторлармен келіссөз жүргізіп, фармацевтикалық өндірушілерге хабарласып, Қазақстанның барлық өңіріндегі медициналық компаниялар мен шетелдік серіктестерге ұсыныс жасаған.

«Қазірдің өзінде көрме тиісті деңгейде өтті деп айта беруге болады. Көрме аясында біздің стоматологтарға Еуропаның, АҚШ-тың, Оңтүстік-Шығыс Азияның маңдай алды дантистері тегін шеберлік сабағын өткізеді. Егер бұрын мұндай тәжірибе үшін Мәскеуге, Еуропа елдеріне баруға тура келсе, енді оны Алматыда да үйренуге болады. Бұл көрме жыл сайын өткізілмек. Маған көрмені өткізуге «Атамекен» ҚР ҰКП зор қолдау білдірді, мен Алматы қаласының Іскер әйелдер кеңесінің мүшесімін. Осы мүшелік маған көп мүмкіндік берді, инвесторлармен кездесу өткізуге жол ашты. Осы айда Тайваньнан келген топпен жүздестік, олар менің клиникамды келіп көрді. Швейцарияның консулдығымен кездестік. Бұның барлығы пайдалы кездесулер, өйткені, Қазақстанның медициналық сегменті әлі де лайықты деңгейде өркендей қойған жоқ. Тайвань комиссиясы бізді өздерінің технологияларымен таныстыру үшін, университеттік клиникасына шақырды, енді сапардың барысын ойластырып жатырмыз. Екінші жоба – бізді Женеваның ірі холдингі шақырып отыр, оның құрамына Швейцарияның 16 үздік клиникалары енеді екен. Іскер әйелдер кеңесі менің жобаларымды жариялауға көмектесіп, серіктестер табуға қолғабыс етті», – дейді Жеміс Айдарбекова.      

Көрме кезінде І халықаралық «Заманауи инновация – стоматологияның келешегі» атты симпозиум өтті, онда Италия, Ұлыбритания, АҚШ, Түркия, Корей елі, Үндістан, Малай елі, Австрия, Польша, Чехословакия және ТМД елдерінің кәсіби мамандары тәжірибесімен бөлісті. Сарапшылар тек жетістіктерді ғана талқылап қоймады, стоматология саласындағы түйткілдер хақында да сөз қозғады. Қазақстандағы осы саланың басты кемшілігі – жергілікті стоматологиялық өндірістің жоқтығы екені айқындалды, мамандар даярлығы төмен деңгейде, халық арасында профилактика нашар жүргізіледі. 

«Егер барлық медициналық қызмет көрсетуді қосып есептесек, онда Қазақстанда шағымдардың 5-7%-ы стоматологтардан түседі екен. Қауымдастықтар жанындағы тәуелсіз сарапшылар көрген жағдайлар бойынша ғана баға берді, әрі дәрігердің қателігі дәлелденбеген күйінде қалып тұр. Стоматологиялық өндірістің жоқтығы үлкен мәселе. Бізге шетелдік инвесторлар арасынан медициналық құрылғы өндірушілерді шақырып, Қазақстанда өз өнімін шығаруды жолға қойдырту керек. Білікті  мамандар өте аз, оларды даярлау төмен деңгейде. Жуырда жекеменшік клиникалардың бірігуімен «Парасат» деген өте заманауи институт ашылды, онда стоматолог дәрігерлерді жеке-жеке оқытады. Біліктілікті көтеру курстары секілді онда жұмысын енді ғана бастаған стоматологтарды жаңа технологиялар бойынша оқытатын болады. Тағы бір мәселе – мектеп стоматологиясы, тіс мамандары мектепте отыруы керек, аурудың алдын алумен жұмыс жасауы тиіс. Бүгінге дейін мектеп медицинасы ҚР БҒМ қарауында еді, келесі жылдан бастап Денсаулық министрлігіне берілетін болды. Менің Қазақстанның барлық мектебінде стоматологиялық кабинеттер жұмыс істесе деген тілегім бар, онда оқушылардың ауыз қуысы қадағаланар еді. Барлық инфекция ауыз қуысынан басталатыны белгілі. Бұл дегеніңіз тұтас ұлттың денсаулығына қатысты мәселе ғой», – деді Ұлттық Денсаулық сақтау палатасының басқарма төрағасы Дәулетхан Есімов. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер