astana-view

Отандық тауар өндірушілерді қолдаудың тағы бір тетігі іске қосылады

2016 жылғы 21 Қараша
19708 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов пен «Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС бас директоры Серікбек Елшібеков ҰКП алаңында өңірлік палаталармен селекторлық жиын өткізді

Шараның мақсаты – «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы үшін әлеуетті жеткізушілерді алдын ала саралаудың негіздерін түсіндіру.

ҰКП мамандары «Самұрық-Қазына Келісімшарт» компаниясындағы әріптестерімен бірлесіп, өңірлік палаталардың алаңдарында кәсіпкерлермен кездесулер өткізу үшін өңірлерге шығады. Ол жақта олар кәсіпкерлерге алдын ала іріктеу рәсімін түсіндіріп, сауалнама толтыруға көмектеседі.

ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов атап өткендей, көрсетілген институтты жергілікті өндірушілерге, соның ішінде отандық өндірістің бәскеге қабілеттігін арттыруға бағытталған қосымша қолдау құралы ретінде қарастыруға болады.

«Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС бас директоры Серікбек Елшібековтің айтуынша, Қазақстанның бизнес-қауымдастығы алдын ала біліктілік іріктеуін өткізу стандарттарын әзірлеуге белсенді қатысқан. Одан бөлек, ашықтық қағидасын сақтау мақсатында, барлық көшпелі тексерістерді және техникалық аудиттерді тапсырыс берушілердің, «Самұрық-Қазына Келісімшарт» пен ҰКП мамандарын тарта отырып, аудитор-компаниялар жүргізеді. «Қазір өңірлерде кәсіпкерлер үшін ортақ түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастап жатырмыз. Соның барысында жеткізушілерге алдын ала біліктілік тұрғысынан іріктеу жүйесіне дұрыс тіркелуге, өтінім беруге, сауалнама толтыруға көмектесеміз. Бәсекеге қабілетті сатып алуларға қатысу үшін барлық отандық кәсіпкерлердің «жалған кәсіпорындар» кіре алмайтын, алдын ала біліктілік тұрғысынан сыналған жеткізушілер тізіліміне енгізілгені біз үшін өте маңызды», – деп ойын түйіндеді ол.

Сонымен қатар, Серікбек Елшібеков қазірде сауалнама толтыру кезінде кәсіпкерлердің СТ-KZ сертификатын ұсынып жатқандығын, кейін индустриалды сертификат институтын енгізген соң, оның «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының жеткізушілерін алдын ала біліктілік тұрғысынан іріктеу кезінде ескерілетіндігін атап өтті.

Бұл рәсімнен өту кәсіпкерлерге не береді?

«Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС алдын ала біліктілік тұрғысынан іріктеу департаментінің директоры Эльдар Доскенов  түсіндіріп өткендей, алдын ала кәсіби іріктеуден өткен кәсіпкерлер біраз артықшылықтарға ие болады екен: тендер бағасының 1%-ын құрайтын, өтінімді қамтамасыз етуді енгізу қажеттігі туралы шарт жойылады, мәселен, техникалық аудиттен өтетін ірі компаниялар үшін бұл баға 5 млн теңгеден кем түспейді. Сондай-ақ аудиттерді өткізу қорытындысы бойынша кәсіпкерлер қызметін дамыту және жақсарту жөнінде ұсыныстар алады, ол компанияның бәсекеге қабілеттігін арттыруға көмектеседі.

Ал алдын ала біліктілік іріктеуін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне кіріктіргеннен кейін, сатып алуларға қатысуға қажетті құжаттардың тізімі біршама азаяды, деп жоспарланып отыр. Одан бөлек, реестрге енгізілген кәсіпкерлерге сатып алуларға қатысқан сайын біліктілігін растаудың қажеті болмайды.

Атап өтерлігі, іріктеу рәсімінен өту және реестрге ену кәсіпкерлерге жауапты бәсекелестік негізіндегі сатып алуларға қатысуға мүмкіндік береді. Алдын ала біліктілік тұрғысынан іріктеу сапалы тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді жеткізе алмайтын жауапсыз компаниялар мен жалған кәсіпорындардың жолын кеседі.

Көшпелі аудиттер

Алдын ала біліктілік тұрғысынан іріктеу рәсімін өткізу деген – әрбір жеткізушінің қызметін егжей-тегжейлі талдау. Алдын ала біліктілік тұрғысынан іріктеу кезінде ескерілетін біліктілік өлшемдері: өндірістік қуаттылыққа сай келетін лицензиялардың, сертификаттардың бар-жоғын тексеру; қажетті ресурстармен қамтамасыз ету, кәсіпорынның сапа менеджментін және тәуекелдік менеджментін іске асыру, экологиялық талаптарды, өндірістік қауіпсіздік нормаларын сақтау және т.б.

Мәлім етілген өлшемдерге сай келмейтін жеткізушілерді реестрге енгізуден сақтану үшін аудитор-компаниялардың жауапкершілігі бекітілген. Аудит жүргізген компанияның жалған ақпарат ұсынғаны анықталып, расталған жағдайда, көшпелі аудит үшін 40 мың АЕК және техникалық аудит үшін 200 мың АЕК көлемінде сақтандыру сомасын төлейді.

Бұдан бөлек, барлық көшпелі аудиттерді «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдерін, отандық кәсіпорындар мен Қор компанияларының атынан тапсырыс берушілерді тарта отырып, ірі халықаралық және қазақстандық компаниялар жүргізу керек екен. Бұлардың барлығы мүдделі тараптар. Іріктеу кезінде қызметі мен табыстылығы сатып алулардың тиімділігіне тікелей байланысты осылардан басқа кім мұқият және объективті болуы мүмкін?

Компания қандай кезеңде білікті жеткізушілер тізіміне енгізіледі?

Құны 500 млн теңгеге дейінгі сатып алуларға қатысатын және қажетті және тексеру аудиттерінен өткен компаниялар Тізімге екі жыл мерзімге енгізіледі. Құны 500 млн теңгеден асатын сатып алуларға қатысуға үміткер және техникалық аудиттен өткен компаниялар тізімге үш жыл мерзімге енгізіледі. Осы мерзімдер аяқталған соң рәсімнен қайта өту қажет. Бұл алдын ала біліктілік іріктеу жүйесіндегі жеткізушілердің сәйкестік деңгейін сақтау және сатып алулар сапасын бақылау үшін қарастырылған. Сонымен қатар, тізімге енген жеткізушілер қажет болса, өз мәліметтерінің өзектілігін арттыра алады.

Алдын ала біліктілік тұрғысынан іріктеудің аралық қорытындылары

«Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы үшін әлеуетті жеткізушілерді алдын ала біліктілік тұрғысынан іріктеу рәсімін 2016 жылдың 25 шілдесінен бастап кеткен. Іріктеуді өткізуге арналған нормативті база әзірленіп, бекітілген, ақпараттық жүйе құрылып, жұмыс істеп тұр, Қазақстанда және шетелдерде тексеріс және техникалық аудиттер жүргізетін аудитор-компнаиялар іріктеліп, ұжымдық сайттарда іріктеу рәсімі туралы толық ақпарат пен видеолекциялар жарияланған.

Бүгінде аталған жұмыстың негізгі бағыты – білікті жеткізушілер базасын құру. Қазіргі таңда алдын ала біліктілік тұрғысынан іріктеу жүйесінде 2 300-ден астам қолданушы тіркелген.

Қазіргі экономикалық жағдайларда алдын ала біліктілік тұрғысынан іріктеуді енгізу өндірістік, ресурстық және техникалық тиімділікті арттыруға сеп болмақ. Кәсіпорындардың шетелдік компаниялармен, соның ішінде ДСҰ жағдайында бәсекеге түсе алуы және ішкі нарыққа ғана емес, сыртқы нарыққа да кіріге алуы сапа саласындағы нәтижелерге байланысты.

Толығырақ ақпарат пен жедел кеңес алу үшін кәсіпкерлер байланыс орталығының мына телефон нөміріне хабарласа алады: 8 (7172) 55-22-66.

Сондай-ақ сұрақтары мен өтініштерін мына электронды жәшікке жібере алады: pko.support@skc.kz 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер