astana-view

Ұлттық бренд қалыптастыра аламыз ба?

2016 жылғы 02 Желтоқсан
- Алматы қаласы
16074 просмотров

Алматылық кәсіпкерлерді бренд өнім жасауға белсенді атсалысуға шақырды

Бәсекеге қабілетті брендтер Қазақстанға не үшін керек? Ұлттық брендинг жасауға мемлекеттік органдар қандай қолдау көрсетіп жатыр? «Қазақстанның 100 үздік бренді» жобасын жүзеге асыру оң нәтижеге жеткізе ме? Осы бағытта бизнесті ынталаныру үшін қандай тетіктер іске қосылған?

Осы және өзге де мәселелерді «Қазақстандағы брендинг: мәселелері, келешегі, даму жолы» атты дөңгелек үстел барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ҚР Парламенті, ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, «KAZBRANDS» қоғамдық қоры, «Караванеры» клубы, «Инновациялық зияткерлік технологиялар академиясы» ЖШС өкілдері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері талқылады. Қатысушылар брендті бизнестің философиясы, тұтынушы психологиясының бір бөлігі, оның ішкі әлемі деп атады. Сондықтан, бұл сала маркетинг пен жарнамадан бөлек психология мен философияға да тәуелді.  

«Адамды киіміне қарап қарсы алса, елді – атақты брендтеріне қарап қарсы алады. Жапондар «Тойотасымен», кәрістер «Самсунгімен» мақтанады, ал Қазақстан несімен мақтанады? Біздің қай өнім Қазақстанның келбеті бола алады? Бұған тек жеке бір компанияның бренд-менеджерлері ғана бас қатырмауы керек. Осы ұлттық идеяны жүзеге асыру үшін, бәріміз бірігуге тиіспіз. Елбасының өзі мұны басым бағыттардың қатарына жатқызған. Сіздердің барлық ұсыныстарыңыз тіркеліп, ары қарай жұмыс жүргізгенде ескерілетін болады», – деді «KAZBRANDS» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жазылбеков.   

Сондай-ақ, ол «KAZBRANDS» қоры осы міндеттерді жүзеге асыру үшін,  мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, бірқатар шаралар атқарып жатқанын айтты. Өнімді брендтеу үшін, ол ерекше, тартымды, сапалы, танымал, тұтынушының көңілінен шығатындай болуы керек. Сол себепті тұтынушылардың сұранысын анықтау мақсатында, әлеуметтік, маркетингтік зерттеулер жасалады. Қазақстандық өнім нарыққа шықпай тұрып, тестілеуден өткізіледі.

«Бренд өнімдер жасауға ынталандыру үшін, біз арнайы байқаулар өткізуді ұсындық, онда өнімнің сапасына, өндіріс көлемі мен сатылым көлеміне, рентабельділік деңгейіне, енгізілген инновациялық технологияларға, ашылған жаңа жұмыс орындарына, жалақы деңгейіне, демеушілік және қайырымдылық істеріне қосқан үлестеріне қарап, үздіктер анықталады», – деді ҚР Парламент Мәжілісі аппаратының бас кеңесшісі Жанна Кайкенова.

«KAZBRANDS» қоры «Қазақстанда жасалған» және «Қазақстанның 100 үздік бренді» жобаларын жүзеге асырып жатқанын айта кетейік. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер