astana-view

Тимур Құлыбаев: «Жемқорлықпен күрес бизнеске қолайлы ортаны қалыптастырудың негізгі құрамдас бөлігі»

2016 жылғы 05 Желтоқсан
9878 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі республикалық кәсіпкерлер форумында өз пікірін ортаға салды

Форум жұмысына Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Қайрат Қожамжаров пен «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев, сондай-ақ, ҚР Парламенті депутаттары, мемлекеттік мекемелердің, азаматтық және квазимемлекеттік сала өкілдері, бизнес-қауымдастық және басқа да тараптар қатысты.

Қайрат Қожамжаров көптеген істер атқарылып, заңдар қабылданғанымен, сыйбайлас жемқорлықтан толық арылу мүмкін болмай отырғанын жеткізді.

«Бүгінгі шара отандық бизнесті жақсартуға өз әсерін тигізеді деген сенімдеміз. Ол үшін Тәуелсіздіктің өткен жылдары бизнесті жүргізуге қолайлы құқықтық негіз қаланып, рұқсат беру-бақылау қызметтері ықшамдалды. Алайда әлі де кәсіпкерлікке қысым көрсетіліп жатқанын аңғаруға болады. Әр мемлекеттік қызметкер қоғамға қалтқысыз қызмет етіп, кәсіпкерлік саланы қолдау асыл міндеті екенін естен шығармауы тиіс. Енді Агенттіктің аумақтық бөлімшелерінің басшылары бизнесті шенеуніктердің жөнсіз килігуінен қорғауы тұрғысынан бағаланады. Бизнес те пара беруге, заңды бұзуға бейім болып тұрмауы керек. Бұл мәселеде ұстанымымыз айқын, бағытымыз нық», - деп мәлімдеді ол.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқасы Төрағасы Тимур Құлыбаев та Ұлттық палата жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттік институттарға көмекке келуге әзір екенін, Қазақстан заңнамасында «корпоративтік сыбайлас жемқорлық» ұғымы әлі де көрініс таппаған атап өтті. Мәселен «Атамекен» ҰКП жыл сайынғы «Іскерлік ахуал» зерттеуі шеңберінде «Кәсіпкерлер көзқарасындағы жемқорлық жағдайы» арнайы шолуын дайындаған. Ол бойынша соңғы 5 жылда жемқорлық деректері 11%-ға жиілеген, яғни әр бизнесменнің екіншісі күнделікті онымен жолығуда.

«Қазақстан «Transparency International» халықаралық зерттеу дерегінде жемқорлық жағдайы бойынша 123-ші орында тұр. Осы орайда Елбасының елімізді әлемнің дамыған 30 мемлекеті қатарына енгізу тапсырмасын ұмытпаған жөн, яғни азаматтық қоғамның қолдауынсыз, тек жазалау шараларымен ахуалды түбегейлі өзгерте алмаймыз. Жемқорлыққа тек бірлесе тойтарыс беруге болады, - деп «Атамекен» ҰКП жетекшісі сөзін жалғады. – Бұл ретте Үкіметпен бірлескен райда лицензиялар мен рұқсат берулер 72 пайызға қысқарып, жеке заң баптарына топтастырылды. Ендігі сәтте жаңа рұқсат түрлерін қолдану үшін шенеуніктерге бизнеске реттеуші әсер ету талдауынан өтуден бөлек, Парламент депутаттарының қолдауын иеленгені қажет болады».

«Мемлекеттік мекемелердің тексеру парақтарында 28 мыңнан астам талап бар. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бағытында қазіргі кезде 63 санитарлық ереже болса, оның 11 мыңнан астамы кәсіпкерлерге қойылатын талаптар болып отыр. Бұның бәрін орындау мүмкін емес, яғни бұл жайттар парақор шенеуніктерді еркінсітіп, жүгенсіз кетуіне жол ашуда. Сәйкес талаптардың 82%-ын қысқартып, 2 мыңға жуығын ғана қалдыруды ұсынамыз», - деп нұсқады ҰКП Төралқа Төрағасы.

Сонымен қатар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, заңнаманы ізгілендіру жұмыстарына белсенді атсалысып, Әкімшілік құқықбұзушылықтар жайлы кодекске 25 тұжырымдамалық ұсыныс жасаған. Нормативтік-құқықтық актілерді қоғамдық жемқорлыққа қарсы сараптау жүргізілуде. Осы орайда, келесі жылы, бұл жұмысқа Агенттіктің де қатысып қалуы ықтимал.

«Үкіметпен келесі жылдан бастап мектептерде «Кәсіпкерлік негіздері оқытылатынын келістік. Бұл бағдарлама аясында жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру жөнінде арнайы курстар қосу керек. Балалық шақтан жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа мүлдетөзбеушілік қасиетін тәрбиелегеніміз абзал», - деді Тимур Құлыбаев.

Биылғы «Атамекен» съезінде Қазақстан кәсіпкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл хартиясын бекітілгені белгілі. Бұл құжат еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іскер топтардың сөзсіз қолдайтындығын айқындауда. Хартия халықаралық алдыңғы қатарлы тәжірибеге негізделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктерін енгізу жөніндегі отандық бизнестің ерікті міндеттемесінен шығады.

Тимур Құлыбаев ҰКП мен Агенттік бірлесе әзірлеген 2017 жылға арналған Жол картасы нақты қадамдардан тұратынын атап өтті. Біріншіден салықтық әкімшілік ету, ветеринарлық қадағалау сияқты 16 саладағы жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізіліп, екіншіден аталған талдау негізінде келесі жылдың аяғына дейін заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар берілмек. Үшіншіден квазимемлекеттік сектордағы жемқорлыққа қарсы тетіктерді жетілдіру жағы қарастырылмақ.

«Жемқорлықпен күрес шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы бизнес-орта қалыптастырудың негізгі құрамдас бөлігі», - деп түйіндеді «Атамекен» ҰКП басшысы Тимур Құлыбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер