astana-view

Нұрсұлтан Назарбаев: «Армандай білу керек»

2016 жылғы 06 Желтоқсан
8189 просмотров

Елбасы Үкіметке бірқатар міндеттер жүктеді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет дамуының аралық индустриалдық жетістіктер қорытындысына оң баға берді, дегенмен министрліктердің, ведомстволар мен әкімдердің жұмыстарындағы кейбір кемшіліктерді де атап өтті.

Мәселен, ҚР Үкіметіне инвесторларды белсендірек тартуға тапсырма берілді. «Бізде (инвесторларды) тарта алатын және сөйлей алатын адамдар бар ма? Жоқ болса, олардың орнына ақша төлеп, шетелдіктерді тағайындау қажет», – деп нұсқады Президент.

Экспортты дамыту да серпіндірек болуы қажет. «Мүмкін Сыртқы істер министрлігі Австралия, Канада сияқты көптеген елдердегідей Сыртқы істер және сауда министрлігі болуы керек шығар? Ал Индустрия министрлігі индустриямен айналысу қажет. Егер онда инновациялар болса, инновациялармен айналысу керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы индустрияны қолдауға бағытталған қорлар «азаймау керек» дегенді де айтып өтті. «Қараңыз, мысалы, аграрлық сектор жалпы ішкі өнімнің бар-жоғы 5%-ын ғана береді, ал оны қолдауға бюджет шығысының 4,5%-ы бөлінеді. Көлік және коммуникациялар 8,3% береді, алайда тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына бюджеттің 6,8%-ы кетеді. Ал елдің жалпы ішкі өніміне 16% түсім беретін құрылыс пен өнеркәсіп бюджеттен 0,6% деңгейде ғана қаржыландырылады», – деп Президент нақты мысалдар келтірді.

Нұрсұлтан Назарбаев көрші елдермен экономикалық байланыстарды ілгерілетуді маңызды деп есептейді. Сөз ЕАЭО, Кавказ, Парсы шығанағы елдері, ҚХР, Ресей туралы болып тұр. «Тіпті Ресей мен Қазақстан облыстарының өңіраралық кездесулерінде сіздер Үкіметті қоспастан-ақ, қаншама іс тындыра аласыздар», – деді Елбасы.

Бюджет тарапынан алдағы уақытта қолдау көрсету үшін экономика салаларын іріктеу де маңызды шаруа ретінде аталды.

«Басымдықтарды айқын анықтау, барлық табысты елдер тұрақты түрде қолдау үшін салаларға сұрыптау жүргізіп отырады. Мұны дамыған елдер ғана емес, мысалы, дамушы Қытай да жыл сайын жүргізіп тұрады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы телекөпірді ұйымдастырушылар мен өндірісті ашуға және кеңейтуге едәуір қаржы салып отырған компанияларға алғысын білдірді. «23 жоба көрсетілді. Үкімет, министрліктер мен компаниялар үлкен жұмыстар атқарды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған мұндай сыйлық үшін басымды иемін. Бұдан артық сыйлық болмайды», – деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне залдағылар қошемет көрсетті.

Елбасы: «Дағдарысқа қарамастан, біз тоқтамаймыз, дами береміз, ірі кәсіпорындарды іске қосып, жұмыс орындарын, қайта өңдеу орындарын ашудамыз», – деп атап өтті. «Айтыңыздаршы, мұны қазір әлемде кім, қандай мемлекет істеп отыр? Ондайлар жоқ!», – деді Президент.

«Біз – ұлы мемлекет атануға талпынып отырған елміз, ұлы халқымыз бар, және оның өкілдері осы жерде отырсыздар, мен сіздерді осымен құттықтаймын. Ауқымды индустрияландыру ғана елімізді әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосады. Барлығымыздың басты мақсатымыз биік армандарға ұласады», – деп сөзін жалғады Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Президенті «адамда арман болса, ол ешқашан қартаймайтындығын» атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев «армандай білуге, сол арманға қарай ұмтылуға» шақырды.

«Арман өте үлкен, өте биік болуы тиіс, соның жартысына дейін жеткен күннің өзінде, үлкен табысқа қол жеткізесің. Мен, алдымен, мұны жастарға айтып отырмын», – деп сөзін түйіндеді Елбасы.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер