astana-view

Кәсіптің ебін тапқан іскер әйелдер

2016 жылғы 22 Желтоқсан
10821 просмотров

Астанада 1 млрд теңгеден астам соманы құрайтын 46 инвестициялық жоба жүзеге асырылды

Астана қаласының Іскер әйелдер кеңесі 2016 жылдың қорытындысын шығарып, 2017 жылға арналған жұмыс жоспарын таныстырды.

Жиында «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова  елордалық кәсіпкер әйелдердің жұмысына, өңірлердегі жетістіктерге тоқталды.

«Еліміздің әр аймағындағы Іскер әйелдер кеңесінің жұмысын лайықты деп бағалауға болады. Әрине, осы бір жылдан астам уақытта сәтті жұмыс атқардық. Жұмыс барысында тәжірибелі кәсіпкерлерге де, енді ісін бастап жатқан әйелдерге көмек көрсетілді. Астана қаласының Іскер әйелдер кеңесіне жергілікті атқарушы органдар тарапынан индустриалдық алаң бөлініп, қаржылық қолдаулар көрсетіліп келеді. Бұл бүгінге дейінді жұмыс сәттілігіне жақсы ықпал етеді. Астана қаласындағы кәсіпкерлердің 50%-ын әйелдер құрайды. Алдағы жылға жоспарлар өте көп, жақсы нәтижеге қол жеткізетінімізге сенімдімін», – деді Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы.

Ал өз кезегінде Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Бағила Бисембаева 2016 жылы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытында атқарылған жұмыстардың легін атап өтіп, жалпы өте табысты, үлкен шаруалар жасалып, іскер ханымдардың белсенділігі жоғары болғанын да қуанышпен жеткізді.

Сонымен қатар Кеңес төрайымы Астана қаласының Іскер әйелдер кеңесіне бизнес ашу мен оны жүргізу, бухгалтерлік және салық есебі, заң мәселелері, шығарылған өнімді насихаттау, бизнес-жоспар құру, сатып алуларға қатысу секілді бірқатар салаларға қатысты 1623 өтініш келіп түскенін де хабарлады.

«1 млрд теңгеден астам соманы құрайтын 46 инвестициялық жоба Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының қолдау көрсетуінің арқасында жүзеге асты. Сонымен қатар мақұлданған 16 өтеусіз гранттың 10-ы елорданың нәзік жанды кәсіпкерлеріне тиесілі. 43 оқу семинары мен кеңестер, өзге де шаралар өткізілді. Мысалға 1С есеп-қисабы, «Кайдзен» жүйесін енгізу, қор нарығына шығу, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларына қатысу, интернет-маркетинг, сауда-саттық және басқа да өзекті мәселелерге қатысты шеберлік сабақтары ұйымдастырылды», – деді Бағила Бисембаева.

Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, 2016 жылдың қазан айында, бастауыш кәсіпкерлерге тәжірибелік көмек көрсету және де елорда бизнесвумендерінің экономикалық белсенділігін арттыру мақсатында ІІ «Бизнес-идеялар жазирасы» форумын өткізген болатын. Сондай-ақ Іскер әйелдер кеңесі Астана қаласының әкімдігімен, Қытайдың Huahe International бизнес-консалтингтік ұйымымен ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қоюы – іскерлік әлемде әйелдер бизнесін дамытуға жасалған мақсатты қадамдардың бірі.

Сонымен қатар мұндай ынтымақтастық меморандумы Қазақ гуманитардық заң университетімен де жасалған. Аталған келісім арқылы бірлесіп дәрістер, семинарлар, конференциялар ұйымдастырып, жастарды кәсіпке баулу бағытында қолдау жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді. Жиын барысында келесі жылы дәл осындай ынтымақтастық меморандумы бірнеше жоғары оқу орындарымен жасалатындығы да хабарланды. Келер жылы дәстүр мен заманауи құндылықты байланыстырған біршама бастамалар жүзеге асырылмақ.

Кеңес мүшелері қайырымдылық шараларына да  белсенді атсалысып, әртүрлі акцияларды ұйымдастырып келеді. Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға, Ұлы отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көмек көрсетуде біршама шаралар жүзеге асқан.

Жыл қорытындысына арналған басқосуда Іскер әйелдер кеңесі «Ақниет» қайырымдылық қорымен және ҚР Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер одағымен бірлесіп, «Бар жақсылық балаларға!» атты жаңажылдық шарасын өткізді. Астана қаласындағы №23 орта мектебі, Жамбыл Жабаев атындағы №4 қазақ мектеп-гимназиясы, №69 мектеп-гимназиясының тұрмысы төмен, көп балалы отбасының балаларына мерекелік көңіл-күй сыйлап, сыйлықтар үлестірілді.

Қарлыға Мырзалимова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер