astana-view

Шағын және орта бизнес – басты назарда

2016 жылғы 26 Желтоқсан
9396 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Шағын және орта бизнесті дамыту комитеті бейнеконференция тәртібінде қорытынды жиналыс өткізді

Жиналысқа Комитеттің Алматы және Қарағанды қалаларынан келген мүшелері, сондай-ақ шағын және орта бизнестің ірі қауымдастықтары мен ҰКП-да аккредиттелген салалық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев жиынға қатысушыларды 2016-2018 жылдарға арналған даму стратегиясына сәйкес Ұлттық палата жұмысының басым бағыттарымен таныстырды.

«Біріншіден, «Атамекеннің» стратегиялық бағдары кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылады. Мәселен, 2013 жылдың қазан айынан бері ҰКП-ға 16 мыңдай арыз түсті. Олардың 6 мыңдайы 2016 жылға тиесілі. Арыздар көбінесе салық, жер қатынастары, сатып алулар мен кәсіпкерлер арасындағы дау-дамай мәселелеріне қатысты. Аталған шағымдардың 40%-дайы оң шешім тапты. Нәтижесінде қорғалған мүліктік құқықтың жалпы сомасы 41,7 млрд теңгеге тең болды, – деп әңгімесін жалғастырған Нұржан Әлтаев, екіншіден, бизнес-ортаны жетілдіру, яғни арнайы тізілімдегі түйіткілді мәселелерді шешу маңызды екеніне тоқталды. – 438 мәселенің 285-і (немесе 65%-ы) шешілді. Айта кетерлігі, түйткілді мәселелердің басым бөлігі құрылыс, көлік, логистика және байланыс, сондай-ақ медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіп салаларына тиесілі.

Үшіншіден, қаржының, инфрақұрылымның және өткізу нарығының қолжетімділігін қамтамасыз ету. Айналым қаражаты мен шағын және орта бизнестің қазіргі міндеттемелерін қайта қаржыландыруға «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасы шеңберінде қосымша 200 млрд теңге бөлінді. Субсидиялаудың шекті мөлшерлемесі 14%-дан 19%-ға дейін артты. Бұдан бөлек, ауылды елдімекендердегі және моноқалалардағы шағын кәсіпкерлік жобаларын іске асыруға берілген жаңа микронесиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға қойылған салалық шектеулер алынып тасталды».

Сондай-ақ Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің 2017 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды. Келесі жылы Комитет үш негізгі бағыт-блок бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Бірінші блокта – «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету сияқты инфрақұрылымдық мәселелер, екінші блокта – әкімшілік ету мәселелері (салық жүйесі, салықтық тексерулер және тағы басқа), үшінші блокта – экономикалық мәселелер (кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар, бизнес субъектілерін қаржыландыру және тағы басқа) тұр.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы күзет ұйымдары қауымдастығы мен Қазақстанның мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығының «Атамекен» ҚР ҰКП қызметтерін жүзеге асыру бойынша атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды және аталған қауымдастықтардың 2017 жылға арналған жұмыс жоспарлары таныстырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер