astana-view

Кәсіпорын құқығы қайта қалпына келтіріледі

2017 жылғы 05 Қаңтар
- Шымкент қаласы
6495 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Шымкенттегі ірі компания қызметінің тоқтауына жол бермеді

2012 жылы «Технологии 21» ЖШС елге бағасы 300 млн теңгеге тең, қоқыс сұрыптайтын қондырғы кешенін алып келген екен. Ол кезде кәсіпкерлік субъектісі ҚҚС (қосымша құн салығы) төлейтін еді және кәсіпорын орналасқан жеріне қарай Шымкент қаласы Абай ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасының есебінде тұрған. Дәл осы жылы құрылтайшылар ауысқан кезде, құқықтық құжаттарға өзгертулер енгізіліп, салық төлеуші аталған құжаттарға кеңсенің жаңа мекенжайын енгізбеген көрінеді. Осыдан бастап компания бірқатар проблемаларға тап болған.

Салық органдары өкілдері ескі салық актісіне сүйене отырып, компанияны бұрынғы мекенжайынан таппайды. Осыған орай, оны ҚҚС бойынша есептен алып тастаған екен. Процедураны жүзеге асыру барысында, салық органдары тарапынан заңбұзушылықтар орын алғанына қарамастан, Еңбекші ауданының салық басқармасы, компанияны ҚҚС-ға қатысты есептен ала отырып, одан қоқыс сұрыптау қондырғысын әкелгені үшін, қосымша 31,4 млн теңге төлеуді талап еткен. Сонымен бірге, ҚҚС есебінен компанияны алып тастау арқылы, орган оған екі жыл ішінде ірі келісімшарттар жасауға тыйым салған. Қысқасы, компания қызметі тоқтаудың аз-ақ алдында қалған еді. Осыған орай, ЖШС Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы көмегіне жүгінеді.

Десе де мәселені бейбіт жолмен шешу мүмкін болмады. Себебі, жергілікті салық органдары өздерінің әрекеті дұрыстығын дәлелдеп баққан. Құзырлы органның әрекетін заңсыз деп таныған ОҚО Кәсіпкерлер палатасы, оңтүстікқазақстандық салықшылар әрекетіне құқықтық баға беру үшін, «Атамекен» ҰКП орталық аппаратына ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне сұрау жіберу туралы өтініш білдіреді.

Осыған қатысты бірер күн бұрын Комитеттен жауап келді. Онда салық органдарының «Технологии 21» ЖШС-ны ҚҚС есебінен алып тастау туралы шешімінің күші жойылып, кәсіпорынның ҚҚС төлеуші ретіндегі құқығы қайта қалпына келтірілетіні жазылған. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер