astana-view

Агрохимия өндірушілері бағдарламадағы өзгерістерге алаңдаулы

2017 жылғы 10 Қаңтар
9322 просмотров

Отандық пестицидтерді өндірушілер тиісті мемлекеттік қолдау көрсетілсе, импорт орнын толтырып қана қоймай, өнімді экспортқа да шығара алатындықтарын жеткізді

2017 жылдан бастап қазақстандық және шетелдік минералды тыңайтқыштар өндірушілерге бірдей мөлшерде субсидия беру принципін енгізу, республиканың агрохимиялық өндірісінің дамуына бірқатар кедергілер келтіруі мүмкін. Бұл жөнінде Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің отырысына қатысушылар мәлімдеді. 

Жалпы агрохимия саласы өкілдерінің депутаттармен кездесуі 2017 жылдың қаңтар айына жоспарланған еді. Алайда, мәселе өзекті әрі түйткілді болғандықтан, басқосуды желтоқсан айында өткізуге тура келген. Жиынның мерзімінен бұрын өтуіне «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы Думан Қыдырбаев мұрындық болды.

«Қазақстандық өсімдіктерді қорғау құралдарын өндірушілер қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Борис Цоктоевтың айтуынша, 2012 жылға дейін ҚР 2005 жылдың 8 шілдесіндегі «Агроөнеркәсіп кешені және ауыл аумақтарын дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заңына сәйкес субсидия беруде отандық пестицидтерді өндірушілерге басымдық беріліп келген екен.

Осылайша, 2012 жылдың мамырында Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған заңға өзгертулер енгізгенімен, Мәжілістің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің кезекті отырысында субсидия беру ережесіндегі отандық пестицидтер өндірушілерге басымдық беру мәселесі өзгермейтіні белгілі болды. 

Алайда, Қазақстан Республикасының 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасында, минералды тыңайтқыштарға субсидия берудің жаңа принциптері қарастырылған. Оған сәйкес, минералды тыңайтқыштардың қай елде шығарылатынына қарамастан, олар субсидия 50/50 принципімен үлестіріледі.

Осылайша, Борис Цоктоевтың  мәліметіне сәйкес, 2010 жылдан бастап отандық пестицидтерді шығару көрсеткіші 9,5 есеге артып, 2016 жылы 0,9 мыңнан 8,6 мыңға дейін ұлғайған. Бұл Қазақстанның пестицидтерге деген сұранысының 55%-ын құрайды дейді Цоктоев. Сонымен бірге, өндірілетін препараттар номенклатурасы 14,5 есеге артып, 4-тен 58 аталымға дейін көбейген.

Ал, минералды тыңайтқыштар арасындағы қазақстандық өнімнің үлесі  6%-дан 53%-ға ұлғайған. Бұл ретте, отандық препараттар бағасы импортпен келген өнім бағасымен салыстырғанда 48%-ға төмендеген. Мұндай оң нәтиже аталған саладағы жұмыс орындары санының артуына да жол ашқан. Нәтижесінде, жұмыспен қамту көрсеткіші 6,3 есеге дейін артып, жұмыспен қамтылғандар саны 63-тен 394-ке жеткен. Салық төлемдері 15,5 есеге артып, 181 миллион теңгеден 2,8 миллиард теңгеге дейін ұлғайған.

«Отандық кәсіпорындар жұмысына қатысты оң нәтиже, ең біріншіден, 2010-2015 жылдар арасында қазақстандық пестицидтерге субсидия беру мәселесіне басымдық беру арқылы жүзеге асырылған мемлекеттік қолдау арқасында болды. 2016 жылдан бастап ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ДСҰ ережелерін сылтау етіп, отандық өсімдіктерді қорғауға арналған химиялық құралдарды шығарушыларға басымдық беру принципін алып тастады.  Десе де, орын алған келеңсіздіктерге қарамастан, өзіміздің жаңа препараттарды тіркеу, өндіріс қуатын кеңейту және жандандыру, өндірістің жеке рецептурасына көшу және соңғы кезеңдерді синтездеу, жоғары экономикалық тиімділік есебенінен, отандық тауар өндірушілер 2016 жылы да оң нәтижеге қол жеткізіп, бұрынғы көрсеткіштерді сақтап қала алды», – деді Борис Цоктоев.

Алдағы уақытта отандық пестицидтерді шығарумен айналысатын кәсіпкерлер, қазақстандық пестицидтердің қолдану көрсеткішін 75%-ға дейін ұлғайтып, сырттан әкелінетін импорт көлемін толығымен толтырамыз деп отыр. Бұдан бөлек сала мамандары, өнімді Ресей және Украина елдеріне экспорттамақ. 

Алайда, аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекеттік қолдау қажет дейді аталған сала өкілдері.

«Сондықтан,  біз 2017-2021 жылдарға арналған АӨК (агроөнеркәсіптік кешен) дамыту мемлекеттік бағдарламасы мәтініндегі (Өсімдік шаруашылығы саласына субсидия бөлу және өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, 5.4.1. тарау) минералды тыңайтқыштар және пестицидтерге субсидия бөлу ережелеріндегі – «өнімді шығарушы елге қарамастан» тіркесін, «отандық өнімге басымдық беру» түріне, яғни, ауыл шаруашылығы техникасын шығару сияқты өзге де бөлімдерде көрсетілгендей, өзгерту енгізу туралы өтініш білдіреміз», – деді Қазақстандық өсімдіктерді қорғау құралдары қауымдастығының директоры мәжіліс депутаттарына қарата.  

Сонымен бірге, Борис Цоктоев ҚР-да тіркелмеген пестицидтерді шығаруға рұқсат беру қажеттілігі туралы мәселені ортаға салды. Оның айтуынша, қолданыстағы «Өсімдіктерді қорғау туралы» ҚР заңына түзетулер енгізу арқылы, аталған өнімдерді эскпортқа шығаруға болады екен. 

«Аталған мақсаттарға қол жеткізу арқылы, біз қазақстандық пестицидтерді шығару көрсеткішін 8,6 мың тоннадан 18 мың тоннаға дейін арттыра аламыз. Бұл ретте, мұндай көрсеткішпен елдегі АӨК сұранысын толығымен өтей алатынымызды естен шығармаған абзал. Сонымен бірге, экспортқа жөнелтілетін пестицидтер өндірісі  көлемін 0,3  мың тоннадан, жалпы құны 250 миллион АҚШ долларын құрайтын 25 мың тонна пестицидке дейін ұлғайта аламыз. Осы арқылы ЕАЭО мен Украинаның минералды тыңайтқыштарға деген сұранысының 9%-ын қамтамасыз ететін боламыз. Бұдан бөлек, пестицидтер өндірісіндегі отандық өнім үлесін 50%-дан 75%-ға дейін арттырып, өндіріс қуаттылығын 48 мыңнан 57 мың тоннаға дейін көбейтпекпіз. Сондай-ақ, шығарылатын өнім түрлері 58-ден 120 аталымға дейін артып, жылдық салық аударым көлемі 2,8 миллиард теңгеден 10 миллиард теңгеге дейін көбейетін болады», – деп атап өтті Борис Цоктоев.  

Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау жұмыс орындары санының артуына жол ашпақ. Мәселен, бүгінде аталған саладағы қызметкерлер саны 400-ді құраса, тиісті мемлекеттен қолдау шараларынан кейін, олардың саны 1100-ге көбейеді деп күтіліп отыр. Тіпті, жоғары инженерлік, химиялық, технологиялық біліктілігі бар 200-ге жуық қызметкерді даярлау жоспары да бар.

Парламенттің төменгі палатасының Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің мүшелеріне, отандық тыңайтқыштарды өндірушілерге субсидия беруде басымдық беру принципін сақтау туралы өтінішті, өзге де минералды тыңайтқыштарды шығарумен айналысатын кәсіпкерлер де білдіріп отыр.

Қазақстандағы азоттық минералды тыңайтқыштарды шығаратын «ҚазАзот» ЖШС директорының корпоративті даму жөніндегі орынбасары Тахмина Нағыманова, субсидия берудің жаңа принципін енгізудің бірқатар кері әсерлеріне тоқталып өтті.

«Субсидиялар шын мәнісінде, шетелдің тыңайтқыш өндірушілеріне де берілмек. Әсіресе, өзбек елінің өндірушілеріне бөлінетін болады. Себебі, жаңа ережелер отандық тауар өндірушілер нарығының «жоғалуына» жол ашып, өндіріс көлемін ұлғайтып, оны әртараптандыруға мүмкіндік бермейді. Тіпті, жұмыс орындары жабылып, өндіріс өз қызметін тоқтатып жатса да таң қалмаңыздар. Яғни, экономика тұрақты салық аударымдарынан айырылады.  Ал, «ҚазАзот» ЖШС мен «ҚазФосфат» ЖШС-нің жалпы салық аударымдары 2016 жылы 13 миллиард теңгені құрағанын естеріңізге сала кетейін. Бұл көрсеткіш республиканың жалпы агроөнеркәсіп кешенінен түсетін салық аударымдарының 40%-ы деген сөз», – деп хабарлады Тахмина Нағыманова.

Сонымен бірге, «ҚазАзот» өкілі, минералды тыңайтқыштар сатып алуға қажет субсидия беру бағдарламасы, агросектор саласына ғана оң нәтиже беріп қана қоймай, ҚР дамуының басым бағыттағы секторы болып саналатын, агрохимиялық секторға да кумулятивті нәтиже берді дейді.

«Қазақстанда ішкі минералды тыңайтқыштарды тұтынудың әлеуеті мол. Себебі, бүгінгі күні сұраныс көлемі – миллион тонна көрсеткішті құрап отыр. Қазір біз тек 10%-ын ғана қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл 100 мың тоннадан сәл астам ғана. Мұндай жағдай біздің бірге дамуымызға сеп болады», – деді Т.Нағыманова.

Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің мүшесі Роман Ким, өз кезегінде, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына агрохимия саласының дамуына қатысты өзекті мәселелер қаралған кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.

«Отандық тауар өндірушілерге, оның ішінде тыңайтқыш мен пестицид өндірушілерге қолдау көрсетпей, еңбек өнімділігі мен жалпы өнімді арттыру туралы сөз қозғай алмайтынымыз айдан анық. Сол үшін, агрохимия бағытын басым бағыттағы салаларға жатқызуға тиіспіз. Отандық пестицидтерді өндірушілерге қолдау көрсетуіміз қажет», – деді Роман Ким.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер