astana-view

Тексеріс талапқа сай болуы тиіс

2017 жылғы 10 Қаңтар
5955 просмотров

2016 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік бақылау (қадағалау) процесінде қолданылатын тексеру қағаздары негізінде, талаптарды оңтайландыру мақсатымен Бірыңғай ережелерді әзірледі

Тексеру қағаздарына келесі талаптар енгізілуі тиіс:

1)   өндірістің соңғы өнімінің (тауар, жұмыс, қызмет) қауіпсіздігін сипаттайтын талаптар. Олар зертханалық сараптама, өлшемдер мен өлшеу құралдары арқылы тексерілетін болады; 

2)  іс жүзінде тексеруге болатын талаптар. Оларға құжаттарды, қондырғының бар-жоқтығын, қажетті құралдарды, таңбалау мен тағы басқа көрсеткіштерді тексеру жатады.

Ішкі технологиялық процестерді сипаттайтын талаптар енгізілмеуі керек. Себебі, ондай процестерді өндірістік технологиялық бақылау мекемесі тексеру субъектісімен бірге тексеруі керек. 

Тексеруге қатысты аталған амал-әдістер ҚР Үкіметі жанындағы кәсіпкерлік мәселелеріне арналған Ведомствоішкілік комиссия жанындағы сарапшы топ отырысында мақұлданып, танысу және қабылдану мақсатымен орталық мемлекеттік органдарға жіберілді. 

2016 жылдың қыркүйек-қазан айларында Бірыңғай тәсілдерге қатысты пилоттық жоба ретінде, санитарлық-эпидемиологиялық саладағы тексеру қағаздары бойынша талаптарды түгендеу ісі жүргізілді. 

Осылайша, сарапшы топ 41  санитарлық ережені сараптап, олардан 11 мыңнан астам талап анықталған. Мысалы, тамақ өнеркәсібі мекемелеріне қатысты санитарлық талаптарда, өнім өндірісінің технологиялық процесіне қатысты 1  мыңнан астам ереже анықталған. Мәселен, шығарылатын өнім көлемі нысан түрі мен қуатына қарай әзірленеді; дайын өнімді тоңазытқышта немесе қоймада сақтау ісі жеке партиялар бойынша іске асырылады; мұздатқыш қондырғылары мен мұздатқыштарды олардың ластану деңгейіне қарай тазалайды; жаңа технологиялық қондырғымен жұмыс жасау, тек санитарлық тексерістен өткеннен кейін ғана жүзеге асырылады; жұмыс киіммен өндіріс орындарынан тыс жерлерге шығуға тыйым салынады; қабылданған сүтті нысанда сақталған салқындатылған сүтпен араластыруға болмайды; өндірісте қолданылатын мұз тек ауыз судан әзірленуі тиіс; барлық ұнтақталған қосымша материалдар, қолданар алдында тек магнитті ұстағыштардан өтетін болады және тағы басқа.

Жаңа әдістерге сай, сарапшы топ, аталған нысандардың тексеру қағаздарына тек 86 талапты ғана немесе Санитарлық ережелер мен нормалардың 8%-ын ғана қалдыруды жөн санап отыр.

Оларға келесі талаптар жатады:

– ыстық және суық сумен қайта жабдықтау жүйесі болуы керек; 

– су айдау, тазалау, дезинфекциялау құрал-саймандары, қажетті қондырғылар болуы керек;

– тағамға қосылған қосымшаларды тіркеу журналы, цех қызметкерлерін тексеру журналы, су құбыры және кәрізді жөндеу жұмыстары мен апатты жою және оларды анықтау журналы,  ауа тазартқыш арнаны қалпына келтіру және тазалау кестесі, санитарлық ережелерде бекітілген газбен қуатталатын шамдарды пайдалануға жауапты тұлғаға бұйрықтар мен басқа да құжаттар болуы керек;

– дайын өнім мен шикізат көрсеткіштері, ішкі орта нысандарының қалдықтары,  дезинфекциялық құралдар, өндіріс ғимараттарының (зертханалық зерттеулер) жұмыс аумағындағы ауасы көрсеткіштері талапқа сай келуі керек;

– мұздатқыш қондырғылар мен қойма ғимараттарында бақылау-өлшеу құралдары болуы керек.

Нәтижесінде, санитарлық-эпидемиологиялық тексеру қағаздарынан қажетсіз ережелер алынып тасталып, тексеру қағазы тексеру субъектілері үшін түсінікті әрі нақты етіп жасалды.

Жалпы, санитарлық-эпидимиологиялық бақылау саласында барлығы 35 тексеру қағаздарының жобасы қаралды. Олардың ішінде сарапшы топ ескертулерінен кейін  қаралған тағы 30 тексеру қағазы бар. Нәтижесінде, талаптардың 82,8%-ын (қолданыстағы Санитарлық ережелер мен нормалардың 9 242  талаптарының тексеру қағазына тек 1 917-сі енді) қысқарту ұсынылды. ҚР ҰЭМ Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті бүгінде 5 тексеру қағазын қарап жатыр. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер