astana-view

Биыл несие нарықта белсенділік сақталады

2017 жылғы 17 Қаңтар
2033 просмотров

Коммерциялық банктерде несиесі бар қазақстандықтардың үштен екісі өз қарызын уақытында төлеп келеді. Қазақстанның Бірінші несие бюросының сарапшылары осындай пікірде. Қаржы нарығының жағдайын бағамдаған сарапшылар биылғы болжамдарымен де бөлісті.

Сарапшылардың айтуынша, 2017 жылдың қаңтар айындағы жағдай бойынша қазақстандықтар банктерден 4,5 триллион теңге несие алған. Айта кететін жәйт, мерзімі өтіп кеткен несиелердің үлесі 2015 жылы 20 пайыз болған. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 17 пайызға дейін төмендеген.

«Біз мұнымен бірге несие сапасының индексін де бақылап отырамыз. Қазір бұл индекс 70 пайыздың төңірегінде. Яғни халықтың 70 пайызының төлем қабілеті жоғары. Бұл біз үшін жақсы көрсеткіш», – дейді Қазақстанның бірінші несие бюросының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Әсем Нұрғалиева.

Корпоративті сектордағы жағдай бұдан да жақсы. Мерзімі өтіп кеткен несиелердің үлесі ол жерде 15 пайыздан аспайды. Демек банктердің бизнесті бұдан ары да несиелендіруіне мүмкіндік бар.

«Бұл жерде бір жағынан бизнесті несиелендіруге арналған мемлекеттік бағдарламалардың үлесінің артып жатқанын айта кету керек. Бір қатар банктің несие қоржыны корпоративті сектордың есебінен ұлғаяды», – дейді Әсем Нұрғалиева.

Сарапшылар жалпы Қазақстанның қаржы нарығының бәсекеге қабілеттігі артып, сыртқы әсерлерге төзімділігі күшейіп келе жатқанын айтады. Бұған Ұлттық Банктің коммерциялық банктердің капиталдандырылуы мен несие саясатын дұрыс жүргізуге байланысты талабы септігін тигізіп отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер