astana-view

Кеңес қырағы күзетте

2017 жылғы 19 Қаңтар
- Қарағанды облысы
9612 просмотров

2016 жылы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесте (КҚҚК) қаралған  37 мәселенің 13-і оң шешім тапқан

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес 2016 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді.

Былтырғы жылдың ең даулы мәселесі – Шахтинск қаласындағы жер салығы мөлшерлемесіне қатысты жүйелі проблемалар болған. Осылайша, заңды мөлшерлемеге қатысты мәселе кәсіпкерліктің 371 субъектісіне қатысты орын алған көрінеді. Кәсіпкерлер палатасы, өз кезегінде, облыс прокуратурасына өтініш жолдап, нәтижесінде, Долинка, Новодолинка және Шахан елдімекендері  кәсіпкерлерінің жер салығын есептеу барысында, салық заңнамасы ережелеріне қатысты заңбұзушылықтар орын алғаны анықталған. Кеңестің араласуымен, бизнес субъектілерінің жалпы сомасы 210 миллион теңгені құрайтын құқықтары қорғалған. Ал, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 

КҚҚК-де 2016 жылы барлығы жүйелі сипаттағы 12 мәселе қаралса, 21 мәселе жеке сипатта болған.

Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары, Кеңес хатшысы Геннадий Жмук орган жұмысының нәтижелеріне тоқталып өтті.

«Кеңесте жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік кірістер органы, ішкі істер және өзге де өкілетті органдар әрекетінің қаншалықты заңға сәйкес екендігі қаралды. Біз 37 мәселенің 13-ін кәсіпкерлер пайдасына шешіп бердік. Десе де, бұл басқа мәселелер тасада қалды дегенді білдірмейді. Олар әлі де қаралу үстінде. Біз мәселенің ақ-қарасын анықтамайынша тоқтамаймыз және кәсіпкерлер мәселесін соңына дейін шешкіміз келеді», – дейді Г.Жмук.

Жүйелі мәселелер бойынша, Кеңес хатшылығы, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныспен Ұлттық кәсіпкерлер палатасына тиісті хаттар жолдаған.  Осындай мәселелердің біріне орай, 2016 жылдың 7 шілдесінде Жоғарғы соттың жалған кәсіпкерлік туралы заңды дұрыс әрі біртекті қолдану жөніндегі нормативтік  қаулысы шыққан.

Сонымен қатар, Кеңес облыс прокуратурасымен бірге, алғашқы статистикалық мәліметтерді ұсыну барысында жол берілетін қателіктер үшін, Статистика департаментінің жекеменшік кәсіпкерлік субъектілерінің орынсыз әкімшілік жауапкершілікке тарту әрекетінің алдын алуға қол жеткізген.  Былтыр аталған жаңашылдыққа қатысты кәсіпкерлерден көптеген сауалдар келіп түскен көрінеді.

«Бизнестің жеке мәселелеріне келер болсақ, мемлекеттік сатып алулар саласында «AsiaBell» ЖШС және «Буторина» ЖК-ге қатысты тапсырыс берушілер тарапынан орын алған қолданыстағы заңға қайшы әрекеттер анықталды. Осылайша, біз жолдаған өтініш негізінде, сатып алулар нәтижелері заңсыз деп танылып, өз күшін жойды. Сол сияқты, мемлекеттік сатып алу бойынша тапсырыс берушілер қарыздарын қайтармай қойған,  «Жарық-Т» ЖШС және «Марганец» ЖШС-нің мәселелері де оң шешім тапты. Мәселе Кеңесте қаралған соң, 16 миллион теңге ЖШС-ге қайтарылып берілді. Былтыр қаралған тағы бір даулы мәселенің бірі – «Шығыс» сауда үйі кәсіпкерлеріне қатысты болды.  Кәсіпкерлер бізге өкілетті органдар түннің бір уағында тексеруге келді деп шағым түсірді. Осының барлығы Кеңестің араласуымен тоқтатылды», – деді облыстық Палата директорының орынбасары.

Кеңес хатшылығының мәліметтеріне сенсек, бүгінде сот және ішкі істер органдары, прокуратура мен мемлекеттік кірістер органдары қарауында жатқан мәселелер ғана шешілмеген. Ал, тағы бір күрделі іс облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына жіберіліпті. Бұл істе Палата сарапшылары, облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының лауазымды тұлғаларымен ҚР ҚК 369 бабында қарастырылған (қызметтік алдау) деректі анықтаған.

«Жалпы Кеңестің кәсіпкерлер құқығын қорғауға қатысты жұмыстары оң нәтиже беріп отыр. Елімізде бизнеске қолдау көрсету және оны дамыту мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін ескере келе, ӨКП жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесі мәселелердің күрделі әрі өзекті болғанына қарамастан, бизнесті қорғауға қатысты жұмыстарын одан әрі жалғастыра бермек», – деді Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес төрағасы Серік  Төрегелдин.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер