astana-view

Владимир Аксенов: «Біз бағасы тиімді сапалы өнім шығарамыз»

2017 жылғы 23 Қаңтар
- Шығыс Қазақстан облысы
9462 просмотров

Шығыс Қазақстан облысында конденсаторлық қордырғыларды халықаралық деңгейде құрастыратын конденсатор зауыты 50 жылдан бері жұмыс істеп келеді 

Өскемен конденсатор зауыты 50 жылдан астам уақыт бойы күш конденсаторларын, конденсаторлық қондырғылар, фильтрлер, конденсаторлық блоктар, көлемді кернеу бөлгіштер, статикалық конденсаторлар батареялары мен реактивті қуат өтеміне арналған өзге де энергия үнемдегіш жабдықтар құрастырып, оны жеткізумен айналысады. Зауыттың басым бағыттарының бірі – өндірістік қуаттылық өнімділігін арттыруға, электр энергиясын таратуға және тұтынуға арналған жаңа жабдық жасап шығару.

«Біздің өнімдер тұтынушыларға электр энергиясын тиімді әрі үнемді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен бірге тұтынылатын және таратылатын электр энергиясының сапасын арттыруға сеп болмақ. Өзіміздің мінсіз беделімізді сақтай отырып, тұтынушыға өнімдерімізді бәсекеге қабілетті деңгейде ұсынып, олардың сұранысын уақтылы қанағаттандырамыз, яғни біз бағасы тиімді сапалы өнім шығарамыз», – дейді «Өскемен конденсатор зауыты» АҚ бас директоры Владимир Аксенов.

Электр желілеріндегі шығындарды өтеуге арналған алғашқы конденсаторлар КСРО-да 1932 жылы пайда болған. Бұл конденсаторлар Киев, Харковь, Ленинград сияқты қалалардағы тәжірибелі өндіріс орындарында шағын ғана топтамамен шығып тұрған. 50-жылдардың басына қарай энергетиканың қарқынды дамуына байланысты конденсаторларға деген сұраныс арта түскені сонша, тіпті барлық  қалаларда орналасқан өндіріс орындары бұл өнімнің тиісті мөлшері мен номенклатурасын толық қамтамасыз етуге шамасы жетпеді.

«Осыған байланысты үкіметтік деңгейде бастапқыда Томск қаласында күш конденсаторларының ірі сериялы шығарылымын жүзеге асыратын жаңа мамандандырылған зауыт құрылысын бастау туралы шешім қабылданған. Алайда «Гипрооэнергопром» мәскеулік жобалау институтының бұл жобасы Өскемен қаласында жүзеге асырылатынын ол кезде ешкім білмеген. Онда сол уақытта Өскемен ГЭС-нің құрылысы аяқталып жатқан-ды. Ал Томскіде 1952-1953 жылдары мұндай ірі жобаны жүзеге асыруға арналған құрылыс базасы мен ұйым болмаған», – деп баяндады зауыттың бас директоры.

Құрылыс алаңы ретінде Ертістің оң жағалауы таңдалды. Оның себебі Аблакетка ауылы және Өскемен қаласының ортасындағы бос орын өндіріс орнын салуға ыңғайлы болған. Дәл осы жерде 1953 жылы жобалық қуаттылығы шамамен 3 млн кВАр болатын  зауыт құрылысы басталды. Зауыт құрылысы алты жылға созылды, соңғы екі жылында оны «Алтайсвинецстрой» тресті салды. Ал 1959 жылдың 21 сәуірінде 62 конденсатордан тұратын алғашқы топтама  әзірленіп, сынақтан өтті. 1959 жылдың шілде айында 1000 конденсатордан тұратын алғашқы сериялық топтама сынақтан өтіп, айналымға шығарылды. Зауыттың туған күні ретінде дәл осы күн аталып отыр. Биыл зауытта халықтық тұтыну тауарларын даярлауға арналған орын ұйымдастырылды. 

Өскемен конденсатор зауыты – Кенді Алтай өңіріндегі электр техникаларын шығаратын алғашқы өнеркәсіп орындарының бірі. Ол КСРО бойынша алғашқы болып, кешенді конденсаторлы қондырғылар өндірісін игерді, қазір де күш конденсаторларын шығару көлемі жөнінен жетекші орынға шығуға мүмкіндігі бар. Кеңестік кезеңнің өзінде-ақ, зауытта жасалған конденсаторлар мен конденсаторлық қондырғылар 25 мемлекетке жеткізілетін болған.

Соңғы жылдары компания ТМД-дағы  «KEGOC» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Транснефть» ҚАҚ (Қоғамдық акционерлік қоғамы), «ФСК ЕЭС» ҚАҚ, «Россети» ҚАҚ, «ТНК-Қазхром» АҚ, «Магнитогорский металлургический комбинат» ЖШҚ, «Казцинк» ЖШС, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ,  «Ақтау құйма зауыты» ЖШС, «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ секілді ірі кәсіпорындарға жабдықтар жеткізіп жүр.

«Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС күш конденсаторларын, кешенді компенсаторлық қондырғылар, конденсаторлық қондырғыларды орналастыруға арналған модульдер, жоғары гармониктегі фильтрлер, статикалық конденсатор батареяларын,  көлемдік кернеу бөлгіштер, реактивті қуаттылық  статикалық тиристорлы компенсаторлары секілді т.б. реактивті қуатты өтеуге арналған өндіріс жабдықтарын өндіруде үлкен тәжірибеге ие.

«Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС-нің конденсаторлық жабдықты жасау және өндіру саласындағы қызметі Қазақстан мен Ресей Федерациясының ірі компанияларының аккредитациясынан өткен. Олар: «ФСК ЕЭС» АҚ, «Россети» ҚАҚ, ««Концерн «РОСЭНЕРГОАТОМ» АҚ, «ВНИИСТ» АҚ. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының «Сапа саласындағы жетістігі» үшін мәртебелі дипломымен марапатталған. Сапа менеджменті жүйесі Германияның беделді «Dekra» сертификаттаушы компаниясының ISO 9001:2015 халықаралық стандартына сәйкес  сертификатына ие.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер