astana-view

Нұржан Әлтаев: «Қытайға жөнелтілетін экспорт көлемі ұлғаяды»

2017 жылғы 27 Қаңтар
17318 просмотров

2020 жылы Қазақстан Қытайға 1 млн тоннаға дейін астық жөнелтуді жоспарлап отыр

Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев қытайлық «ChinaGlobalTelevisionNetwork (CGTN)» телеарнасы тілшілеріне берген сұхбатында мәлімдеді.

Ол өз кезегінде, Қытай Қазақстан үшін, отандық өнімдерді экспорттаудағы басты серіктес екенін жеткізді. Қазақстанның аграрлық әлеуеті зор, еліміздегі 200 млн гектардан астам егіс алқаптарында экологиялық таза өнімдер өседі.

«Қазіргі таңда, біз, Қытайға эскпорттау үшін 335 қазақстандық компания шығаратын ауыл шаруашылығы және тамақ өніміне қатысты 50-ден астам өнім түрлерін анықтадық. Және қытайлық талаптарға сәйкес, оларды стандарттау жөніндегі жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Айта кетерлігі, барлық стандарттарды біз қазақ және орыс тіліне аударып, фермелерге таратқан едік. Таяу арада, ҚХР ветеринарлық инспекция өкілдері Қазақстанға келіп, аталған компаниялардың осы стандарттарға сәйкестігін тексеретін болады», – деп атап өтті сұхбат барысында Нұржан Әлтаев.

Оның мәліметінше, бүгінде, Қытайға 225 мың тоннадай отандық бидай экспортталады екен. Ал 2020 жылға қарай аталған көрсеткішті 1 млн тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр.

Жалпы, тәуелсіздік жылдары екі ел арасындағы тауар айналымы 337 млн доллардан 22 млрд долларға дейін артқан. Алдағы уақытта, Қорғас және Ляньюньган және тағы басқа порттардағы хабтарды нығайту нәтижесінде, аталған көрсеткіштер тек ұлғая беретіні сөзсіз.

«Қазіргі таңда бірлескен инвестициялық қор құру туралы мәселе қаралып жатыр. Онда Қазақстан аумағындағы бірлескен жобаларды қаржыландыруға қажет, қазақстандық және қытайлық қаражат орналастырылатын болады. Бүгінгі күннің өзінде, экономиканың түрлі салаларында осы қор есебінен қаржыландырылатын 30-ға жуық инвестициялық жоба айқындалды», – деді Нұржан Әлтаев.

Ол, сонымен бірге, қазақстандық кәсіпкерлер қытайлық электронды сауда алаңында қазақстандық өнімдерді орналастыруды жоспарлап, мұнай-химия саласында ынтымақтастықты дамытуды көздеп отырғанын айтты.

Басқарма Төрағасының орынбасары, сондай-ақ, екі елдің «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолын сала отырып, өзара сауда-саттықты нығайтқанын тілге тиек етті. «Қазақстан шын мәнінде, Ұлы Жібек жолының ажырамас бөлігі болып табылады және қазақ даласының барлық экономикасы осы жолда дамыған болатын. Осыған орай, Қазақстан мен Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртатынына сенімдіміз», – деп атап өтті ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.

«ChinaGlobalTelevisionNetwork (CGTN)» тілшісі  Натали Карли, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстың дамуы туралы сауал қойды. Бұл сауалға Нұржан Әлтаев, мәдени байланыстар экономикалық қарым-қатынаспен сабақтаса дамиды деп жауап берді.

«Біз туризм саласын дамытуға мүмкіндік көп деп санаймыз. Қытай халқының саны көп және олар  саяхат жасағанды ұнатады. Қазіргі таңда, әлем халқы теңіз жағасында демалудан жалыққанға ұқсайды, бүгінде, жұртшылықтың дені тарихи және экологиялық туризмге ден қоюда. Бұл бағытта да Қазақстанның әлеуеті мол. Қазір Ұлттық палата қытайлық туристерге арналған визалық режимді жеңілдету жөнінде бірқатар жұмыстарды қолға алып жатыр», – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, «ChinaGlobalTelevisionNetwork (CGTN)» (қазақша – Қытайдың жаһандық телевизия желісі) – Қытай Орталық телеарнасының (ChinaCentralTelevisionCCTV) ағылшын тілінде хабар тарататын бөлімі. Ал, Қытай Орталық телеарнасы  (ChinaCentralTelevisionCCTV) мемлекеттік хабар тарататын арна болып саналады.

Натали Карли және оператор Марк Есплин, елордада өткен Сирия келіссөздеріне қатысты жаңалықтарды тарату мақсатында, Астанаға тұңғыш рет келген көрінеді. Олар сондай-ақ, белгілі қазақстандық компаниялардың өкілдерімен кездесіп, Қазақстан туралы жалпы танымдық репортаж әзірлемек.

Кездесу соңында, тараптар бір-біріне алғыс айтып, одан әрі ынтымақтастық орнату туралы келісімге келді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер