astana-view

Бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлердің электронды шот-фактураны (ЭШФ) міндетті пайдалану жүйесіне көңілдері толмай отыр

2017 жылғы 27 Қаңтар
- Қостанай облысы
2119 просмотров

Мұндай пікірді сауда нүктелерінің өкілдері облыстық Кәсіпкерлер палатасында өткен Бухгалтерлер клубында айтты. Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен селекторлық байланыс тәртібінде өткен жиынға Мемлекеттік кірістер комитеті мен жергілікті департаменттердің өкілдері қатысып, бизнесмендер мен олардың есеп жүргізушілерін толғандырып жүрген сұрақтарға жауап берді.

2016 жылдан бері экономикалық операторлар, кедендік өкілдер немесе тасымалдаушылар, уақытша сақтау қоймалары мен кедендік қоймалардың иелері саналатын салық төлеушілерде электронды шот-фактураның үзінді көшірмесі бойынша міндеттеме пайда болды. Сонымен қатар, егер кәсіпкер Алу тізіліміне енген тауарды сататын болса, ол міндетті түрде электронды түрдегі шот-фактураны пайдалануы тиіс.

Алайда бүгінде Тізілімдегі тауарларды (тауықтың сан етін, консервілерді, жеміс-жидектер мен көкөністерді – барлығы 1345 позиция) өздерінің бухгалтерлері мен орнатылған кассалық аппараттары бар ірі фирмалар немесе супермаркеттер ғана емес, дүңгіршіктердегі, шағын дүкендердегі, базарлардағы жеке кәсіпкерлер де сатады. Мұндай жағдайларда сатушы мәліметтерді электронды шот-фактура базасына енгізу үшін әр сатылымды қолмен жазып қоюы тиіс. Әрине бұл сауда қызу жүріп жатқан кезде ыңғайлы емес.

2017 жылдан бастап электронды шот-фактуралардың үзінді көшірмесі мемлекеттік сатып алуларға қатысушыларда да болуға міндетті. Олардың арасында ҚҚС бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлер де бар. Ал олар үшін, Салық кодексіне сәйкес, ЭШФ бойынша міндеттемелер 2019 жылдан бастап пайда болмақ. Нормативтік актілердегі қайшылықтар тайға таңба басқандай көрініп тұр.

Клуб мүшелері жүйенің жетілдірілмегендігіне шағым айтты. Жеткізуші түрлі себептермен электронды шот-фактураларды тиісті сатып алушыларға жеткізбейтін жағдайлар жиі ұшырасады. Оны кері қайтару мүмкін емес. Бухгалтерлер болса, әзірлеушілер бұл кемшіліктерді ескеріп, тиісті функция енгізеді деген үмітте.

Жиынға қатысушылар айтылған мәселенің әрқайсысын Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресурстарын қолдана отырып шешуді сұрады. Бұдан бөлек, бухгалтерлер өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға жауап алды. Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері кейбір түсіндірмелерді Палата арқылы қосымша ұсынуға уәде берді.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Бухгалтерлер клубы 2016 жылдың қазан айында құрылған еді. Мақсаты – осы сала өкілдерінің кәсіби біліктілік деңгейлерін арттырып, тәжірибе алмасу. Клуб құрамының саны шектелмеген, оған кез-келген компанияның бухгалтері кіре алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер