astana-view

«Шеберге» – шын көмек

2017 жылғы 27 Қаңтар
- Павлодар облысы
5244 просмотров

Палата сарапшыларының көмегімен, тігін кәсіпорны қосымша құн салығын төлеушілер реестріне қайта енгізілді

­Өңірлік палатадан «Шебер» тігін фабрикасы ЖШС көмек сұрады. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, Павлодар қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы шешімімен, кәсіпорын ҚҚС-қа қатысты тіркеу есебінен еш себепсіз алынып тасталған көрінеді.

Ал, басқарма қызметкерлерінің айтуынша, тексеріс кезінде аталған ЖШС тіркелген орында жоқ болған. Алайда, бірнеше күн өткен соң, кәсіпорынға салық органдары өкілдері келіп, фабриканың тіркелген орнында жұмыс істеп жатқанын анықтаған. Бұл ретте, тергеуші орган өндіріс орнын тексере келе, заңды тұлғаның бекітілген орында екеніне көз жеткізіп, кәсіпорынның еш заңбұзушылыққа жол бермегенін айғақтайды. Десе де, қайта тексеру нәтижелеріне қарамастан, мемлекеттік кірістер органы тігін фабрикасын ҚҚС бойынша тіркеу есебінен алып тастау туралы шешім шығарады.

Осылайша, тігін кәсіпорнының директоры Ақтеме Тасекешова, Палата сарапшыларынан көмек сұрап келген.

ӨКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Лашын Баймағамбетова, фискальдық қызмет өкілдерінің мәліметі бойынша, кәсіпорын жұмысы екі рет тексерілгенін айтады. Бірінші тексеру барысында, тігін кәсіпорны тіркелген орында жоқ болып шықса, екінші тексеру кезінде, фабрика өз мекенжайынан табылып, бәрі заң жүзінде екені анықталған. Алайда, Палата сарапшылары көз жеткізгендей, келушілердің тіркеу журналында, салық органдарының алғашқы келуі туралы жазба сақталмаған, ал олардың екінші мәрте келуі сақталған көрінеді. Бұдан, шын мәнінде, бірінші тексерістің болмағанына көз жеткізуге болады.

Айта кетерлігі, кәсіпорынды ҚҚС реестрінен алып тастау, бірқатар заңнамалық келеңсіздіктерге әкеп соқтырмақ, демек, фирма жұмысына да біршама кедергі келтіретіні анық.

Осылайша, кәсіпкер құқығын қорғау, сондай-ақ, аталған мәселені жан-жақты әрі объективті түрде қарау мақсатында, өңірлік палата алаңында дөңгелек үстел өткізіліп, онда тараптар ЖШС-ні ҚҚС төлеушілер реестріне қайта қосу туралы шешім қабылдады.

Бүгінде кәсіпорын өз жұмысын табысты атқарып келеді. Ал, алдағы уақытта тігін фабрикасы өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. «Бүгіннің өзінде мұнда 40-тан астам жұмыс орны ашылды, таяу арада бұл көрсеткішті тағы да 20-ға арттыруды жоспарлап отырмыз», – дейді ЖШС директоры Ақтеме Тасекешова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер