astana-view

Бизнес өкілдері Бірыңғай экспорт стратегиясын әзірлеуге тікелей қатысады

2017 жылғы 31 Қаңтар
2182 просмотров

Елбасы Үкіметке 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайтуды міндеттеді

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов кезекті Елбасы Жолдауы шеңберінде Палатаның атқаратын жұмыс бағыты жайында мәлімдеді.

Биыл экономиканы дамытуда жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға күш берілмек. Аталған салалардың ішінде агроөнеркәсіптік кешенінің де маңызы зор. Мемлекет басшысы Жолдауда өңірлерде бизнес жүргізуге жағдайды әрі қарай жақсартуды жүктеді.

Жолдауда агроөнеркәсіп кешені ел экономикасының драйвері ретінде аталды. Біріншіден, субсидия саласы, яғни тиімділігі жоғары субсидияларды дамытуға, екіншіден, ауылды жерге бағытталған шағын несиелеу, сонымен қатар жеке шаруа қожалықтардың басын біріктіріп, 500 мыңға жуық коопертивтер құру, суармалы алқаптарды кеңейту, тауарларды тасымалдау, сақтау, өткізуді қолға алу туралы айтылды. Осы аталған бағыттардың барлығы – ауыл кәсіпкерлерін қолдау мақсатындағы көлемді міндет болып табылады.

«Осыған орай «Атамекен» Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірледік. Басым бағыттар бойынша жұмыстарды бастап кеттік. Әр өңірде 20-дан астам кооперативтер құрдық. Ауыл шаруашылығымен айналасып жатқан шаруаларға өз өнімін делдалдарсыз өткізуге, шаруашылықты кеңейту үшін шағын несиелер алу, жер игерудегі қажетті техниканы алуға кепілдік жасап отырмыз. Сондықтан ауылшаруашылық саласында жоспарлар көп», – деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін дамытуда Үкімет, жергілікті атқарушы органдар, әкімдіктер болып жұмыла жұмыс істеу қажет. Ауыл шаруашылығы, жалпы ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту, өңірлерде жалғыз қатынас құралы –  жолдарды қалыпқа келтіру, шағын кооперативтер, оның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту қолға алынбақ.

Сондай-ақ бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруға да көңіл бөлінген. Елбасы Үкіметке 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайтуды міндеттеді.

Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомстоваға шоғырландыру тапсырылған. Үкімет жанынан Экспорт саясаты жөніндегі кеңес құрылып, оның құрамына міндетті түрде  бизнес-қоғамдастық өкілдері кіретін болды.

Жолдауда аталғандай, биылғы 1 қыркүйекке дейін Үкімет әкімдермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, Бірыңғай экспорт стратегиясын әзірлейді.

«Қазақстанда өндірілетін экологиялық таза өнімдер «Қазақстанда жазалған» белгісімен экспорттау жолға қойылып келеді. Мәселен, Қытай отандық ет өнімдеріне қызығушылық танытуда. Сонымен қатар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Араб әмірліктерімен отандық өнімдерді экспорттау жолдарын талқылауда», – деді Абылай Мырзахметов.  

Басқарма Төрағасы отандық кәсіпкерлердің Ресей, Иран, Үндістан сынды алып нарықтарға шығу мүкіндіктері бар екенін атап өтті. Онымен қоса Қазақстанда өндірілетін сапалы тауарлар әлемге табиғи, органикалық өнімдерді шығаратын фабрикаға айналу мақсатын ұстанып, бизнес өкілдерін ұтымды жақтарымызды тиімді пайдалануға шақырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер