astana-view

Ғалымбек Жақсылықов: Жолдау кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашады

2017 жылғы 01 Ақпан
5279 просмотров

Біздің міндетіміз – кәсіпкерлерге көрсетілген қолдауды тиімді пайдаланып, нәтижелі жұмыс жасау, дейді Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры

«Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауын әр қазақстандық асыға күтетіні сөзсіз. Жолдауда көтерілген проблемалар бизнес өкілдері үшін аса маңызды. «Қазақстанды жаңғыртудың үшінші кезеңі: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын бұл жолғы Жолдау кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға жаңа мүмкіндіктер беріп отыр», – деп атап өтті ӨКП директоры.  

Жолдауда айтылғандай, кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға, қала тұрғындарына, ауылдықтарға 16 млн теңгеге дейін микронесиелер берілмек.

«Ұлт көшбасшысы атап өткендей, микронесиелеу саласын кеңейтіп, кәсіпкерлерді кепілдендіру және оларға қызмет көрсету тетіктерін белсендірек қолдану қажет. Сонымен бірге, бұл шараларды бизнес пен қаржылық сауаттылықты оқытатын ұйымдармен бірлесе жүргізу қажет, – дейді Ғалымбек Жақсылықов. – Сондай-ақ, Елбасы өз Жолдауында Ұлттық палатамен бірлесе отырып бизнестің барлық шығындарын азайту  шараларын қолға алу керектігін айтты. Бұл, әсіресе, энергетика, көлік және логистика, сонымен бірге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы қызметтер құнына қатысты».

Оның айтуынша, биылдан бастап Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы өз қызметін бастаған. «Кәсіпкерлер үшін қызметтердің жаңа түрлері ұсынылмақ. Олардың бірі рұқсат құжаттарын алуға көмек беру (газбен, электр энергиясымен, сумен, жылумен қамтуға арналған техникалық шарттар). Мысалы, электр энергиясына техникалық шарттар алу кезінде кәсіпкер қиындықтарға тап болатыны барлығына белгілі. Сондықтан, біз қызметтердің бұл түрлері бұл процессті айтарлықтай жеңілдетеді деп сенеміз», – деді Ғалымбек Жақсылықов.

Палатада кәсіпкерлер біліктілігін арттыруға бағытталған кешенді іс-шаралар әлі де жалғасатын болады. Мысалы, биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясындағы «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша 800-ден астам адамды, «Бизнес-Өсу» жобасы бойынша 125 кәсіпкерді, жобалық оқыту бойынша 60 адамды оқыту көзделген. Сонымен бірге «Жұмыспен қамтудың өнімділігі мен жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы» аясындағы «Бизнес-Бастау» компоненті  бойынша 938 адамды оқыту жоспарланып отыр.

«Тұтас алғанда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында болашақ қызметтердің бағыты анықталған. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлерге көрсетілген қолдауды тиімді пайдаланып, нәтижелі жұмыс жасау», – деп түйіндеді Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер