«Атамекенде» тыңайтқыш субсидиясы сараптаудан өтті
Мемлекеттен қаржы сұрағанда, оны салық түрінде қайтара білуді ұмытпаған жөн
Кейінгі кезде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіп кешені комитетінің отырыстары жиі өтуде. Оның себебі де түсінікті. Елбасы ауылшаруашылық саласын экономикалық өсім драйвері ретінде айрықша атағаны белгілі.
Осы жолғы алқалы жиында, ең басты өзекті мәселелер қатарында, бірінші кезекте өсімдікті қорғау мақсатында ауылшаруашылық дақылдарын өңдеуге қолданылатын гербицидтер мен биоагенттер (энтомофаг) және биопрепараттар құнын субсидиялау ережесінің жобасы; минералдық тыңайтқыштар (органикалық түрін қоспағанда) құнын субсидиялау жобасы қызу талқыға салынды.
Комитет төрағасы Иван Сауэр жүргізген кеңеске «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, Палата сарапшылары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Ұлттық палатада тіркелген қауымдастықтар басшылары қатысып, селекторлық байланыс арқылы өңірлердегі шаруа қожалықтары жетекшілерімен, үкіметтік емес ұйымдармен, бизнес-қоғамдастық тарапы өздерін толғантқан сауалдарын қойды.
Гербицидтер мен биоагенттер (энтомофаг) және биопрепараттар құнын субсидиялау ережесін Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі Тамақ қауіпсіздігі департаментінің директоры Гүлжан Нұртазина түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, бұл мақсатта құзырлы ведомство министрінің тиісті қағидаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрығы дайындалған.
«Мұнда басымдық негізінен субсидиялау жүйесін жаңғыртуға беріліп отыр, яғни, пайыздық мөлшерлеме мен нақты ақша сомасының салыстырмалы сипатынан арылу көзделуде. Бұл дегеніңіз, мемлекеттің көмек қаражаты төменгі бағалық ұсынысқа байланысты жасалатын болады», - деді Гүлжан Нұртазина.
«Қазақстанның астық одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Нұрлан Оспановтың алаңдаушылығына, министрлік өкілі субсидия алушылардың ауқымы шектелмейтініне, керісінше отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетілетініне сендірді. Астық одағының басшысы, сондай-ақ, заңдағы тың ұғымдарды нақтылай түсуге шақырды.
Өздерін отандық гербицид өндіруші мәртебесінде таныстырған «Астық-нан» компаниясының басқарушы директоры Борис Цоктоев, арзан бағалы импорттық бәсекелестерінің нарықты жаулап алуынан қауіптенетіндерін білдірді. Бұл жерде Гүлжан Нұртазина Дүниежүзілік сауда ұйымының аясында ешкімді алалауға болмайтынына сілтеме жасап ақталды.
Агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы Иван Сауэр, өңірлердегі субсидия көлемінің саналуандылығын назар аударып, ет пен сүт шығындарын өтеу айырмашылығы бірнеше есеге жететінін мысалға келтірді. Ондай атқарушы билік органдарының жасандылығына жол бермейтіндей, ортақ тәртіп қалыптастырып, дәл есеп әдістемесін жүргізу керек деп кесімді пікірін ортаға салды тәжірибелі аграрий.
АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаментінің директоры Ажар Қажыбекова минералдық тыңайтқыштар құнын субсидиялаудың мән-жайын байыптап, бұл тұста да төменгі баға тағайындалатыны туралы әріптесінің уәжін қостады.
«Әкімдіктерден бағалық ұсыныстарды жинаймыз, сосын субсидия нормативтері жөнелтіледі де, республика бойынша жағдайға қанығуға мүмкіндік туады», – деген Ажар Қажыбекова ел ішіндегі тыңайтқыш өндіруші зауыттардың бұған наразы екенін жасырмады.
«Қазфосфат», «Қазазот» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өкілдері көрші елдердегі қызметі бұлыңғыр кәсіпорындардың алаяқтық әрекетінен сақтану керектігін ескертіп, белгіленген бағадан ауытқымайтындықтарына, ауылдық жерге дейін тыңайтқышпен қамтитындарына уәде берді.
«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, жеңіл өнеркәсіп саласында мемлекеттік мекемелермен 2021 жылға дейін ұзақмерзімді шарттарға отыру келісілгенін еске салып, 2017 жылғы жиһаз сатып алудағы 20 млрд теңгені Үкімет басшысы отандық тауар өндірушілерге бөлуді нұсқағанын мәлімдеді.
«Бұл дегеніңіз, Дүниежүзілік сауда ұйымын желеу ете беру қисынсыз. Басқа да бағыттарда осылай істемекпіз. Кәсіпкерлер де патриоттық көзқарас танытуы тиіс. Өйткені субсидия сұрамастан бұрын, ел қазынасына салық төлеуді қамтамасыз етуді терең таразылаған абзал», - деп екіжақты жауапкершілікті нығарлады Нұржан Әлтаев.
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: