astana-view

Сауда саласы мемлекеттік қолдауға мұқтаж

2017 жылғы 03 Ақпан
13676 просмотров

Отандық тауарды сауда орындарына шығару өзекті мәселе

«Атамекен» ҰКП Сауда комитеті сауда саласын дамыту бағдарламасын жасау, көтерме-тарату орталықтарын құру мәселелерін бизнес өкілдерімен бірге талқылады.

Елімізде мемлекеттік бағдарламалар кәсіпорындардың ашылуына күш салынып келді. Мемлекеттік индустриаландыру бағдарламаларының іске асырылуынан өндіріс орындары ашылды. Ендігі кезекте өндіріс орындарының тауарларын ішкі нарыққа өткізу және шет елдерге шығару мәселесі туындап отыр. Сауда-саттықты дамытудың жаңа бағдарламасы жасалып, отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесін шешуге бағытталады.

«Сауда-саттықты дамыту өзекті мәселе. Ең алдымен, сауда саласы Қазақстанда жұмыспен қамтып отырған ең ірі сала деп айтуға болады, сондықтан да бұл әлеуметтік мәселе. Тағы бір мәселе – осы өндіріс орындарының тауарларын өткізу. Отандық тауарды ішкі нарыққа да, сыртқы нарыққа да шығару мәселесін шешу керек. Түркия, Германия секілді елдер өз тауарларын өткізу үшін өз сауда желілерін ашып отыр. Бізге де өз сауда жүйемізді қалыптастыру керек. Әрине ол үшін логистика, арзан несие, мемлекет тарапынан қолдау керек. Ұлттық экономика министрімен бірлесіп дайындап отырған жаңа бағдарламада осы саланы дамыту үшін қажетті мәселелердің барлығы қамтылады», – деп «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев түсіндіріп өтті.

Сауда саласы өзінен-өзі дами береді деген пікір қате. Қазақстанның сауда саласы көршілес елдерден артта қалып отыр. Өңіраралық байланыстың дұрыс қалыптаспауынан аймақтағы өндірушілер таураларын сауда орындарына шығара алмай отыр. Елімізде сауда сөрелерінің жетіспеушілігі мәселесі өте өзекті. Бұл туралы хабарлаған «Magnum Cash & carry» сауда желісінің Бас директоры Александр Гарбер сауда саласын мемлекеттік қолдауымен дамыту керектігін, ауқымды стратегиялық жобаның жасалуын қолдады.

ҚР «Сауда кәсіпорындары қауымдастығының» вице-перзиденті Жібек Әжібаеваның айтуынша, Қазақстанның сауда-саттық жүйесі Германия, Финляндия, Швеция, Англия сынды батыс елдерінен 25-30 жылға қалыс қалса, ал Ресей нарығынан 10 жылға артта қалып отыр, сондықтан да сауда орындарын модернизациялау керек. 

«Отандық тауар өндірушілердің тауарларын еліміздің барлық өңіріне жеткізілуін, сонымен қатар экспортқа шығарылуын қамтамасыз ету керек. Көтерме-тарату орталықтарын ашу мәселесі де өзекті. Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер сауда орындарына тауарларын  шығара алмауы салдарынан шығынға ұшырап отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің жұмысы бір ортаға шоғырландырымай отырғандығынан, бір мақсатқа екі жолмен жүріп келеміз. Ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету керек деген мәселе екі жақтан шешіліп отырғанымен, бірге қабыспай отыр. Қаржыландыру мәселесі де анықталмаған», – деді Жібек Әжібаева.

Отандық шаруалардың өнімдері сауда орындары жетпейді. Себебі, сауда орындарының күзгі өнімді көп мөлшерде сатып алып, сақтап қоятындай мүмкіндігі жоқ. Сондықтан шаруалар өнімдерін бірден базарға өткізуге тәуелді. Ал сауда орындары сөрелерін импорттық тауарлармен толтыруда. Жиын барысында көтерме-тарату орталықтарының салынуы мәселесі де талқыланды.

ҚР АШМ Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасары Әсел Рамазанова биылғы жылы жұмыс істеп тұрған сауда объектілерінің базасында Алматы, Астана, Шымкент қалаларында көтерме-тарату орталықтар құрылатындығын хабарлады. Ал өзге қалаларда 2021 жылға дейін салынатын болады. Алайда бұл орталықтарға қаражат бөлінбегендігін, әкімдіктер қарастырған қаражатқа салынатындығын да жеткізді.

 

 

Қарлыға Мырзалимова

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер